Биыл да Наурызбай ауданындағы №206 мектеп-гимназия жанынан ашылған «Балдырған» жазғы спорттық-шығармашылық лагерінің жұмысы тиімді ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жазды тоспайтын бала жоқ. Бала біткен жаңа жылды қалай күтсе, жазды да солай тосады. Өйткені, жаз мезгілі – балалар үшін демалыс пен қызықты оқиғаларға толы болады. Әрі жаңа достар табатын да осы кез.
Лагерь басшысы Гүлжаһан Сейдахметқызының айтуынша, балалардың жазғы демалысының мазмұнды өтуіне жағдай жасау мектеп әкімшілігінің басты талабы мен мақсаты.
Лагерьде бірнеше топ жұмыс жасайды. Атап айтқанда, Мұқади Ақжарқын жетекшілік ететін «Болашақ», Байғара Ләззатайдың «Жалын», Нұрахан Ұлдананың «Жігер», Оракова Жансаяның «Ұлан», Тазабекова Назгүлдің «Достық», Майханова Айзаттың «Бәйтерек», Фермебек Тоғжанның «Жұлдыз», Есімбек Тоғжанның «Қыран», Сыдықова Гүлмираның «Шабыт» және Ахатқызы Заринаның «Сұңқар» топтары балалардың қауіпсіз демалуына барлық жағдай жасап отыр.
Жазғы лагердің әр күні қызыққа толы. Мұндағы әр күн ерекше бағдарламамен басталады. Таңғы жаттығудан кейін балалар спорттық жарыстарға қатысып, түрлі эстафеталарда бақ сынайды. Сонымен қатар шығармашылық сағаттар, танымдық ойындар, өнер байқаулары мен зияткерлік сайыстар ұйымдастырылып, жас жеткіншектердің бойындағы қабілеттерді дамытуға мүмкіндік берілуде . Мұндай шаралар балалардың ұйымшылдыққа, достыққа және жауапкершілікке тәрбиеленуіне ықпал етеді,-дейді лагерь жетекшісі.
Сонымен қатар, лагерьдегі қызықты сәттерді көпшілікке насихаттап жүрген мобилограф Мәдина Төлегенованың еңбегі зор екенін айтады. Оның объективі арқылы балалардың қуанышты сәттері, жеңістері мен шығармашылық жетістіктері фото және бейнематериалдар түрінде сақталып, әлеуметтік желілерде жарияланып келеді. Бұл өз кезегінде ата-аналардың лагерь тыныс-тіршілігімен жақын танысуына мүмкіндік беруде. «Балдырған» лагері – тек демалыс орны ғана емес, балалардың жаңа ортада өз қабілеттерін танытып, достар тауып, жарқын естеліктер жинайтын ерекше алаң. Мұнда өткізілген әрбір күн бала жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырып, олардың жан-жақты дамуына жол ашуда.