Форумда балалар онкологиясы мен гематологиясы саласындағы өзекті мәселелер талқыланды
2023 жылғы 11-12 мамырда ҚР балалар онкогематология қызметiнің 30 жылдығына арналған «Балалар онкогематологиялық қызметінің дамуына 30 жыл: жетістіктері мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Онлайн және офлайн түрінде өткен конференция жұмысына Германия, Түркия, Ресей, Беларусия, Өзбекстан, Латвия, Украина, Тәжікстан және т.б. шет елдің жетекші мамандары, Астана және Алматы қалаларындағы екі республикалық ғылыми орталықтың балалар онкологиясы мен гематология саласының мамандары, облыстық онкологтар мен гематологтар, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері, барлығы 500-ден астам маман қатысты.
Конференцияның басты мақсаты – балалар жасындағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің бүгінгі өзекті мәселелерін талқылау, халықаралық және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, балалардағы онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау және емдеу қажеттілігі туралы ескерту мақсатында күш-жігерді біріктіру.
Халықаралық конференция Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Марат Шорановтың, Валентин Герайн қорының негізін қалаушы, Қазақстандағы балалар онкогематология қызметінің қалыптасуына зор үлес қосқан Герайн Валентин мырзаның және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайыновтың алғы құттықтау сөзімен ашылды.
«Балалардың қатерлі дертпен науқастануы қоғам үшін ауыр әлеуметтік және қаржылық ауыртпалық қана емес, сонымен қатар әр адамның; аналардың, баланың туған-туысы, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жүрегін сыздататын трагедия. Ұзақ уақыт бойы, бүкіл әлемде және елімізде қатерлі дертке шалдыққан балалардың барлығы дерлік қайтыс болатын. Сондықтан 30 жыл бұрын Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында «КЭР-Германия» қайырымдылық қоғамының белсенді көмегімен Республикалық балалар онкогематологиялық орталығын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Көп жыл бойы мемлекет тарапынан онкогематологиялық аурулары бар балаларға көмек көрсету мәселелеріне баса назар бөлініп келеді. Онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балалар диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес барлық дәрілік заттармен, оның ішінде амбулаториялық кезеңде республикалық бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында онкология және гематология бөлімшелері ашылды. Гемопоэздік дің жасушаларын транспланттау технологиялары сәтті енгізілді, ҚР-да балалар онкологиялық және гематологиялық көмегін жетілдіру бойынша жол карталары әзірленіп, іске асырылды. Биыл онкологиялық аурулармен күрес бойынша кешенді іс-шаралар жоспары әзірленді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді жетілдіру, жоғары технологиялық қызметтер спектрін кеңейту, кадрлық әлеуетті жетілдіру және ғылымды дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыруды көздеп отыр», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі В.Дудник.
Форум алаңында балалардың қатерлі ісігін, қан ауруларын емдеу саласындағы өзекті тақырыптардың кең ауқымы, балалық шақтағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудегі заманауи тәсілдер, балалар онкологиясы мен гематологиясындағы хирургияның заманауи мүмкіндіктері, онкогематологиялық қызметті ұйымдастыру және т.б. балалар онкологиясы мен гематологиясы саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.