Алматылық боксшы Еркетаң Жарқынбек Черногорияның Будва қаласында өткен 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері хабарлады.
90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Еркетаң алғашқы жекпе-жегінде мексикалық Рамиро Нуньесті 5:0 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Ширек финалда қазақстандық боксшы Германия өкілі Йоан Эрнандесті 3:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Осы жеңістің арқасында Еркетаң әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Алайда жартылай финалда украиналық Владислав Науменкоға 1:4 есебімен жол беріп, жарысты қола медальмен аяқтады.
World Boxing ұйымы ұйымдастырған әлем чемпионаты 16-27 қазан аралығында өтті. Байрақты бәсекеге 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысты.