Қойнауы терең тарих!
"Өткенге көз жүгіртсең – болашаққа қадамың нық болады" деген сөздің сакралды мәні бар. Философтар айтып кеткен бұл ойдың қадірі жыл өткен сайын арта түсуде. Біз кімбіз? Тегіміз қайдан шыққан? Айта берсең, әрі тереңдей беретін мұндай сауалдар легі толастамайды. Бұл, бір жағынан, заңды сұрақ. Дүние жүзінің дамыған державалары өз шежірелерін әлдеқашан түгендеп алған. Бүгіндері тарих арқылы жас ұрпағын тәрбиелеп келеді. Онысы – жөн-ақ!
Біздің тарихшылар мен жылнамашылар қазақты тағдырлы халық санайды. Бұған толық келісуге болады. Нәубет жылдар, жұт, аштық бәрін басынан өткерді. Қаншама бала анасынан жырақ қалды. Дегенмен Тәңір әр уақытта өзі сақтап келе жатқандай көрінеді. Өткен ғасырлардағы кезеңдер судай сырғып өте шықты. Қазіргі таңның ең басты мақсаты – дамыған елдер санатына қосылу. Сондай-ақ бұл жолда атқарылып жатқан істер аз емес.
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз» деп зердемізге келелі ой салды. Бүгінде барша әлемге бейбітшілік эталоны ретінде танылған Қазақ елі бар. Сол елде алғыр, білімді, отансүйгіш жастар өсіп келеді. Алдағы уақыттары ғылым мен өнерді, спортты, технологияны игеретін нағыз солар болмақ.
Қазақ елі - әлемнің алдында айбынды мемлекет. Қазіргі таңда дүние жүзінің алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттері құрметтейді, сыйлайды. Нақ солардың сапында болуға ұмтылып келеміз. Оның нәтижесіне сенудеміз де. Қазақстанның экономикасы қарыштап дамып, жарқын болашаққа қарай бет бұрып келе жатыр.
Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің тарихына зер салсаңыз, біраз дүниенің байыбына барасыз. АҚШ держава болуға 230 жыл, Жапония, Түркиялар ғасыр жұмсады. Әлі де тоқтаусыз ілгерілеуде. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов «Бірліктен айрылған ел қаңғып қалады» дейді. Бізге де уақыт маңызды. Осыған қатысты сауалнамаға назар аударайық.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қыруар істер атқарылды. Оның алдында 1988 жылы Алаш қайраткерлерін ақтау басталды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ел тізгінін ұстағанда жұмыс ілгерілей түсті. Ең тұщымдысы – «Бабалар сөзі». Бұнда қазақтың арғы-бергі фольклоры түгенделді. Әлі де 15 пайыз шамасында жиналатын дүниелер баршылық. Иә, бұдан да басқа құнды еңбектер бір төбе. Жалпы, осының бәрі еркіндіктің нәтижесі. Елімізде ғылымның, академияның болғаны дұрыс. Ол – мемлекеттіліктің белгісі. Қазақтың айбынды, ілімдар, өнерлі жұрт болып ұйысқанын көре берейік!
Егеменді халық болу ата-баба арман-мұраты еді. Міне, біз көрудеміз. Тәубе! Тәңірдің тәтті сыйы. Сакралды ұғыммен тең. Әлемде көптеген халық бар. Әлі күнге дейін өз қолдары өздеріне жетпегендері қаншама?! Бізге эвалюциялық жолмен өркендеу қажет. Мәселе ептеп шешімін табады. Әркім өз саласында маман болса, даму деген сол. Қазақы қаракөздеріміздің ынтасы қуантады. Болашақ солардың қолында. Байқасаңыз, үлкен буын біртіндеп жастарға орын беруде. Жай-жай республикамыздың тағдырын тапсырып бара жатқандай. Бұл – өмірдің заңдылығы. Алда талайды бағындыратынымызға сеніммен қараймыз.
ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗЫ ЗОР
Нақ осы күндері тағылым мен тәрбиеге мән берген абзалырақ. Өйткені ғаламда бала оқытып, шәкірт тәрбиелеуден асқан бақыт жоқ. Өмірін осы арнаға аранаған адамды, бақытты жан деп сануаға болады. Еліне қызмет еткен тұлғаның ғұмыр жолы қарапайым һәм жарқын болады. Көбісі қарапайым ауылда туып, арман қуып, қалада жоғары оқу орнын оқиды. Сөйтіп, өмір жолын жалғай береді.
Бұрынғы кеңестік дәуір өтті. Егемендік келді. Алғашында қиындау болды. Десек те оның бәрі артта қалды. Бүгіндері жайнап-жадырап келеміз. Дүние жүзінің дамыған державаларымен иық тірестірудеміз. Жаһандық аренада өз орнымыз айқын. Сол биікке шығу бар да, соны ұстап тұру бар. Ендігі мақсат - тұғырымыздың беріктігін сақтау. Көшпенділер аманатына сол үшін бірлік пен татулықты сақтау парыз. Күлтегін, Тоныкөк билеушілердің «Мәңгілік ел» қағидатын берік ұстаған абзал. Сонда ғана егемендіктің маңызы жоғарылай түседі. Тәуелсіз сөзі – киелі ұғым. Ауқымы кең. Оны ешбір нәрсеге теңей алмаймыз. Сондай қастерлі. Әркез шамшырақ, еңсемізді тіктеп жүруге серпін береді. Ең негізгісі, басқаға кіріптар емеспіз. Сол қырынан келгенде мәндірек. Бейбіт, мамыражай күндерді кешіп жүргенге не жетсін! Қадірін біліп, түпкі ойын ұғынайық. Мейрамнан мейрамға басымыз аман, баурымыз бүтін жете берейік!
БАБАЛАР АМАНАТЫ
Қарап тұрсаңыз, халқымыздың бастан кешпеген тағдырлы күндері аз болмаған. Ылғи да қиыннан қиыстырып, тығырықтан жол тауып, қиыншылықты еңсеріп отырған. Сол себепті де қазақты батыр деуге толық негіз бар. Әлгінде айтқан бабалар аманаты - осы елді ары қарай дамыту. Өркендеген мемлекеттер қатарына қосу. Ол үшін негізгі жағдайдың бәрі жасалған. Соның ішінде жастарға мүмкіншілік көп. Қайда барып, нендей іспен айналысам десе де, жол ашық. Сыртты көрем, ілім жинап тәжірбие алмасуға да толық жағдай бар. Ең негізгісі, ел мен жердің қадір қасиетін терең ұғыну керек. Аянбай тірлік қылса, алға өрлеу деген сол.
Арада қаншама жылдар мен тарихи кезеңдер өтіп, алмасулар, ғасырлар тоғысы болса да, қазақ халқы түпкі ата-тегін сақтап келеді. Көшпенділердің мәдениетінің өзгелерден еш кем болмағаны бүгінге үзілмей жеткен салт-санамыздан байқалады. Тәңірдің өзі жұртымызды талайлы тағдырдың соқпағынан аман сақтап келе жатқандай. Бұған мың қайтара тәубе! Уақыттары зырғыған дәуірлер арасында жаншылып кетпей, іргеміз бүтін қалпында осы заманға жетуіміз ата-бабаларымыздың тектілігінің арқасында деп түсінеміз. Неше түрлі жағдаяттар орын алып, тарих сахнасынан өшіп кетуге дейін бардық. Жоңғар шапқыншылығы 160 жыл бойы қазақ даласына өз қылышы мен найзасын түйреді. Ақыр соңында жер бетінен жойылды. Одан кейін де қаншама қиыншылыққа ұшырадық?! Нәубетті жылдар бастан арылмады. Түрлі соғыстар мен елішілік патша заманына қарсы кездер болды. Мұның бәрі тарихтың беттерінде сайрап жатыр. Одан соңғы ашаршылықты айтпай кетуге болмайды.
ТАҒДЫРЛЫ ХАЛЫҚ
Бір сөзбен баяндағанда, тағдырлы халықпыз. Бүгінде барша әлемге нұрын шашқан елміз. Жұрт сыйлайды, көрші елдер құрмет тұтады. Дүниенің қай бұрышына барсаңыз да, құшақ жая қарсы алады. Ең бастысы, бабалар аманатын сақтап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп келеміз. Келтірілген пікірлерді бір арнаға тоғыстырғанда, қаншама құнды жақұт жырларымыз бен тарихты һәм этно-фольклорды жинағанымыз көрінеді. Десе де, алда атқарар шаруа көп. Бәлкім, бір замандар өтіп, бізге қатысты қолжазбалар мен тың деректер табылып қалар. Міне, сондай кезде жастар жағы үлкендерден алған өнегемізді қолданып, әрмен қаратай дамытудың жолдарын қарастырғанымыз абзалырақ болар. Мұны уақыттың еншісіне қалдырамыз.
Кей-кейде бейбіт, мамыражай, досшыл елде ғұмыр кешіп жатқаныма риза боламын. Әсіресе, шетелге көп шығатын, спортшыларымыз бен өнер, білім мен ғылым адамдары көптеп сезінеді екен. Бәрінің пікірі қазақ елінің сырт жақтағы абыройы асқақ дегенді айтады. Мұнысы рас-тын. Ол жағын өзімізге саяхаттап, келіп жатқан саяхаттаушылардан естіп біліп жүрміз.
Алаш ардақтысы әрі қайраткері Әлихан Бөкейханов «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырмыспағандар есікте қалып жатыр: есікте қалмай, төрге тырмысалық. Басқалар төрге қалай бара жатқанына қарап, біз де солардың істегенін істейік» дейді. Расында, алдыңғы қатарлы қарыштап дамып бара жатқан елдердің ең негізгі қажетті жақтарын алып, өркендеудің даңғыл жолына түсу керек дегенді мегзейді. Сонау XX жиырмасыншы ғасырдың басында айтылған асыл ойлар болса да, өміршеңдігін жоймай осы уақытқа жетті. Әлі де өзінің өзектілігін жоймады. Қайран «Алаш алыптары» ел мен жердің қамын күйіттеп, болашақты ойлап талай іс қылды. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы оқулық жазды, «Қазақ хрестоматиясы», «Әдебиет танытқыш», «Тіл құралы» сынды құнды еңбектер жазды. Қазақтың әдеби һәм тілдік ерекшеліктерін зерттеді. Бар жиған терген ілімі мен біліктілігін ел мүддесіне жұмсады. Ал Халел Досмұхамедов атамыз «медецина ғылымдары» төңірегінде зерттеулер жасады. Қысқасы, көптеген шаруалар мен ғасырға бергісіз тірліктер атқарылды. Нәтижесінде, «Алаш қайраткерлерінің» өлшеусіз мұрасы бүгінгі жастарға азық болуда. Тіпті жолбастаушы – бағдаршам десем, артық айтпағандық болар.
Қазақ елінің бағдары айқын, жолы анық. Олай дейтініміздің өз жөні бар. Өйткені айналасымен тату, бейбітшіл ел. Жастары шетінен алғыр. Ең бастысы, болашаққа артқан сенімі мол. Бірлігі жарасқан, бір-біріне қолдау білдіре алатын жұрты бар. Шетінен еңбексүйгіш, ғылымды игеріп, әлемді таңғалдырып жүрген қаракөздерге мың алғыс. Арада біршама уақыт өтіп, еліміздің ілгерілеуіне нақты үлес қосатын да солар болмақ. Ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, «Біз – тарихы қалың елміз». Дарабоз ақынның ойының түбінде үлкен мән мен мағына тұнып жатыр. Егер біздің шежіремізді шертер болсаңыз, талай тарихқа куәгер боласыз. Ел бірлігі бекем болсын!
Заманында Қазыбек би «Атадан жақсы ұл туса, елдің зоры болады» депті. Жоғарыдағы пікірлерді топшылай келгенде, осыған саяды. Ол дегеніміз – білімді, ақылды, тәрбиелі ұлтты қалыптастыру деген сөз. Қазақ елінің айбыны асқақтай берсін!