Жұбан Молдағалиевтан басталды
1975 жылдың күлім қаққан көктемі. Айналаның бәрі көкке малынып, жаңарып-жасарып қалған. Қым-қуыт тіршіліктің өзінен ерекше бір ыстық жалын, жаңалық сезілетіндей. Тек бүкіл әлем көз тігіп отырған Байқоңырдағы көрініс қана бәз-баяғы қалпында еді. Ишанқұлдың үйіне сау етіп бес-алты адам кіріп келді.
Ол кезде Байқоңырда бес-алты адамның емін-еркін жүруі мүмкін емес. Ондағы адамдардың саны да, олардың жүріс-тұрысы да қатаң бақылауға алынған. Кеңес Одағының орталығы Мәскеуге тікелей бағынатын Ленинск аталған бұл қаланың Қазақстанға қатысы жоқтай болатын. Бірде сәтті, бірде сәтсіз болып жататын ғарыш кемелерін ұшыру былайғы ел-жұртқа қызықсыз көріне бастаған. Себебі, Байқоңыр елден ерекше оқшауланып қалған еді.
– Қала өте құпия аймақ болғандықтан, жабық болды. Айналасы түгел бетонмен қоршалған, адам түгілі, аң да өте алмайды. Бақылау пунктінде үнемі кезекшілікте әскери адамдар тұрады. Ел-жұрт тек қана рұқсат қағаз арқылы өтетін. Кім сол жерде жұмыс істейді, арнайы берілген рұқсат қағаздары болады, сол арқылы ғана өте алатын. Мысалы, мен өзім сол жерде жұмыс істеп жүріп, қалаға күніне он рет кірсем, он рет тексереді. Ол кездері мен сондағы ғылыми-зерттеу орталығының баспаханасында, редакцияның баспа бөлімінде жұмыс істедім, тура отыз жыл қызмет еттім, – дейді Жәнібек Үйреков.
Ойда-жоқта қонақ болып келген бес адам осындағы қарт коммунист, тәжірибелі теміржолшы-машинист Ишанқұл Дәулетовтың үйіне түсті. Алғашында үй иесі жүзін шырамытқанмен, жыға тани қоймаған. Таныса келе білді, Алматыдан арнайы ат арытып келген қонақ қазақтың белгілі ақыны Жұбан Молдағалиев еді.
Ол кезде өмірдің бір қызығы кітап оқу болатын. Жасы қырыққа тола қоймаған Ишанқұлдың баласы Дабыл үшін бұл күн аса қуанышты күн еді. Бұрын газет-журналдар мен кітаптардан ғана көретін адамы бүгін үйінде қонақ болып отыр. Өлең-жырдың өлкесінде еркелеп өскен Дабыл қолды-аяққа тұрмай қонақ күтті.
– Жұбан аға менің әкемді ертіп сыртқа шығып кетті. Сырттағы қораның ішінде әкеммен көп уақыт әңгімелесті. Біз ол кезде жаспыз, қонақ күтуіміз керек, оны-мұнымен шапқылап жүгіріп жүрдік. Сонан мал сойылды, тамақ әзір болды. Қонақтар дастарқан басына келіп отырып, одан әрі әңгіме өрбітті.
Әлгі кісіні бір жарық жұлдыз деп айтуға келмейді, өте бір қарапайым, кішіпейіл, сөзі де, өзі де жай адамның бейнесін байқатқандай еді. Шешем Қаншайыммен де сырласып, әңгімелесіп, өте жарасымды кейіппен, көңілді отырды. Жағдай сұрасып, бала-шағаның хал-жайын сұрап, бұрыннан таныс кісідей жақын көрінді. Қолында не қағаз жоқ, не қаламсап жоқ, тек әңгіме өрбітіп, көбіне басын изеп тыңдап отырды, – дейді Дабыл Ишанқұлұлы.
Көпті көрген Жұбан ақын, шынында, өте қарапайым еді. Тұрлауы жоқ тіршіліктің әрбір түйткілі жүрек пернесін кернеп, нәзікжанды ақынның қаламы сезім иірімдерін пәк қалпында дүниеге әкелетін. Оның жаны нәзік болғанмен, қайтпас қайсарлығы да бар болатын. Көздеген мақсатын орындамай қоймаған. Қазақтың белгілі майдангер ақыны Сағынғали Сейітовтің Жұбан ақын жайында айтар көп әңгімесі де осыны айғақтағандай еді. Олардың сонау Ұлы Отан соғысы жылдарынан бастап, ұзақ жылдарға созылған достық қарым-қатынастары артында өшпес із қалдырды. Олардың екеуі де майданнан оралған ақындар болатын. «Мен қазақпын» деген ақыны көп болғанмен, қазақта Жұбан жалғыз еді.
– Қазақ туралы жазған ақын бізде көп, бірақ қазақ халқының тарихын, оның ерлік күресін, бостандық, тәуелсіздік үшін күресін Жұбанша айта алған, қазақ халқының тарихымен байланыстыра айта алған, ең елеулі кезеңде айта алған ақын, әрине, жоқ еді ғой. Жұбан тез танылды деп есептеймін мен. Оның өлеңдері орыс тіліне және басқа тілдерге, шетел тілдеріне де аударылып, жұртшылыққа шығармалары кең тараған ақын. Мен Жұбанды мемлекет қайраткері, қоғам қайраткері биігіне көтерілген ақын санаймын. Жұбан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарды. Сонымен, бір мезгілде КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы да болды. Артынан КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, көп қызметтер атқарды. Қысқасы, Жұбан Молдағалиев халқына кеңінен танылған, қалаулы болған, еліне елеулі болған аса көрнекті қайраткер ақын болды, – деген еді майдангер ақын Сағынғали Сейітов сөз арасында.
Жұбан ақын осы жолы да өзінің қайраткерлігін танытты. Шындығын айтсақ, ол кезде Байқоңыр ғарыш айлағына бару үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін нәрсе. Мәскеудің жеке-дара еншілеп алған қаласы қазақ үшін тіпті жабық болатын. Бұл қалада қазақтың небәрі он бестей ғана үйі бар еді.
– Қаланың іші таза, жақсы, әдемі болды. Тамақ-жемі де мол, біздегі басқа қалаларға қарағанда жан-жақты жақсы жабдықталған еді. Бірақ қазақ аз болды. Көбі басқа жақтан келген әскери адамдар болатын. Менің жұмыс істеген жерімде тәртіп өте күшті еді, қатаң қадағаланып тұрды. Өйткені, барлық құпия нәрселердің бәрі біздің қолымыздан өтті. Ең үлкен бастығымыз Мәскеуде отырды, ғарыштық байланыс орталығы еді ғой, нұсқаудың бәрін сол жақтан алып отырдық. Әдепкіде біздің қаланы «Ташкент–90» деп атады, сосын «Қызылорда–50» деп атады. Кейін «Поселка Ленинск» деді, одан «город Ленинск», сосын барып «Байқоңыр» деп аталды. Осынша жылдың ішінде бес рет өзгертіліп аталды. «Звездоград» деп те атағысы келіп еді, оны Мәскеудегі «Звездный городокқа» берді де, бізге берген жоқ, – деді, өткен-кеткенін еске алған Жәнібек Үйреков ағамыз.
Жұбан Молдағалиевтың Байқоңырға баруы аяқ астынан қабылданған шешім емес. Ол бұған ұзақ дайындалған еді. Басқаларға есігі жабық әскери қалаға кіруге рұқсат алу аса қиын болатын. Бұл орайда Жұбан ақынның Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың алдына баруына тура келген.
– Бір күні Жұбан маған телефон соқты, «мен саған кіріп шығайын деп едім. Жаңа Қонаев жолдастың қабылдауында болдым, ол кісі маған Байқоңырға баруға рұқсат етті. Енді соған жүргелі отырмын» деді. Бұл – сол 1975 жыл болатын. Жұбан Байқоңырда үш-төрт күн болып қайтты. Келген соң поэма жазуға кірісті. Маған жоспарын айтты. Бұл аса жауапты тақырып, бізде жазылмаған тақырып, өте қиын тақырып. Мен де білгенімше ақыл-кеңесімді айттым. «Сен Байқоңырды елден бөлек алмайсың ғой, Қазақстан тарихымен, кеңестік жылдардағы өзінің өсу жолдарымен көрсететін шығарсың» дедім. Ол біраз ойланып қалып, «поэмама «Байқоңыр баспалдақтары» деген ат қойып отырмын» деді. Көп кешікпей поэмасын аяқтап, ол басылып шықты. Ел-жұрт өте жақсы, жылы қабылдады. Міне, бұл поэманың тарихы осылай, – деді, ақын Сағынғали Сейітов тағы бірде үйіне барғанда.
Оқырманы көп жылдар еді ғой, ел-жұрт қай қаламгердің кезекті шығармасы қалай боларын тосып жүретін. Бәрінен бұрын елге-жерге деген отаншылдық сезім ерекше еді. Қыр-сырын барынша бүркемелеп баққан соң, ащы шындықтан хабарсыз ел Байқоңырдың Қазақстанда болғанын мақтаныш тұтты. Бірақ ол географиялық картада көрсетілмейтін, ал оның қайда екенін тіпті айтуға да болмайтын. Осындай кездері Жұбан ақынның «Байқоңыр баспалдақтары» поэмасы батылдығымен де жұрттың көңілінен шыққан еді.
– Онда негізінен Байқоңырдың Сыр бойында тұрғаны айтылады, негізгі кейіпкері менің әкем Ишанқұл болды. Оны Жұбан ақын поэмасында Исағұл деп жазды, ал шешем Қаншайымды Қаншайым деп батыл айтқан. Ол кезде атын ашық айтуға да болмайтын заман еді ғой. Қала Ленинск деп аталған кез еді. Поэма күзде басылып шықты, мен өзім қызыға оқып шықтым сол кезде. Сыр бойының даласын, жерін, ауа райын – бәрін әдемілеп келтірген. Ашық айтылмаса да, ғарышкерлердің ұшып жатқаны Қазақстан үшін мақтаныш еді, – дейді кейіпкердің баласы Дабыл масаттана айтып.
Иә, ол кезде Байқоңырға бару талайдың арманы еді. Алайда, ол туралы ләм-мим деп тіс жаруға болмайтын кеңестік дәуірде оның жүзеге асуы екіталай нәрсе еді ғой. Алған бетінен қайтпай, оған Жұбанның барып зерттеп-зерделегені ол заманда үлкен ерлік болды. Бұл – Жұбанның ғана емес, қазақтың Байқоңырға бастаған алғашқы баспалдағы еді.
«Аlmaty-akshamy», №117, 3 қазан, 2023 жыл