Аустрияда өткен парламент сайлауына алғаш рет еліміздің өкілі, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров байқаушы ретінде қатысып, еуропалық сайлау үлгісін көріп қайтты.
Парламентінің төменгі палатасына 183 депутатты сайлау үшін ел аумағында 10 мыңға жуық сайлау учаскесі ұйымдастырылып, оған 6,3 млн тұрғын келіп дауыс берді, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Елдің жоғарғы заң шығарушы органына кіру үшін 11 партия кемінде 4 пайыз дауыс жинауы керек болатын. Алдын ала нәтиже бойынша 29,1% дауыс жинаған әсіреоңшыл Еркіндік партиясы алғашқы орында тұр. Екінші орында – 26,2% жинаған Аустрия Халық партиясы. Социал-демократиялық партия 20,4% дауыспен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Аустриялық тараптың шақыруымен алғаш рет біздің елден барған өкіл Н.Әбдіров бұл саяси науқаннан бірқатар жаңашылдықты байқағанын жеткізді.
«Вена қаласында бірсыпыра сайлау учаскелерінде болдым. Дауыс беру үдерісі жақсы денгейде өтті. Келген адамдардың басым көбі егде жастағылар екенін байқадым. Комиссия да өз жұмысын тиісті деңгейде атқарды», деп ойымен бөлісті ол.
Венадағы Сайлау учаскесінің төрағасы Марсель Фушибега биыл алғаш рет Қазақстаннан байқаушының келуі бір жағынан өзін таңғалдырса, екінші жағынан жаңа елдердің бұл науқанға қызығушылық таныта бастағаны қуантқанын жеткізді.
«Мен бұл жерде 11 жылдан бері жұмыс істеймін. Биыл алғаш рет Қазақстаннан байқаушының келуі Сайлау учаскесінің төрағасы ретінде мені қатты қуантады», - деді ол.
Аустриядағы сайлау жүйесінің өзіне тән бірқатар ерекшелігі бар. Мәселен, кейінгі жылдары енгізілген өзгерістердің бірі – пошта арқылы дауыс беру, сондай-ақ дауыс берушілердің жасын төмендету.
«Өткен сайлауда 1 миллион адам поштамен дауыс берген. Ал биыл 1,5 миллион адам осы жолмен дауыс беруге жүгініпті. Сонымен қатар дауыс беру жасын 18-ден 16 жасқа дейін төмендеткен. Бұл саяси үдерістерге жастарды көбірек тарту мақсатында жасалып отыр», - дейді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Әбдіров.
Венаға жұмыс сапары аясында ол Аустрияның федералдық сайлау жүйесінің басшысы Грегор Вендамен кездесті.
«Біз алдағы уақытта осы мемлекеттің сайлау органымен өзара қарым-қатынасымызды дамытуға уәделестік. Грегор Венда мырзамен кездесуіміз нәтижелі болды», деді Н.Әбдіров.
Айта кетсек, Аустриядағы сайлау учаскелері кеше жергілікті уақыт бойынша сағат 17.00-де жабылып, парламенттік сайлаудың алдын ала нәтижелері жарияланды. Ал ресми нәтиже 16 қазанда мәлім болмақ.