ffin.kz

Атыраудың алыбы

Атыраудың алыбы Сурет: Azh.kz

Еліміздің батысында Парасат Нұрғалиев есімді алып азамат бар.


Оның бойы 2 метр 15 сантиметр, ал салмағы 150 килограмм, аяқ киім өлшемі 56, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz


Жақында 27 жасқа толатын Парасат - отбасының кенжесі.


Атыраудың алып азаматы туралы жазған «Ақ Жайық» порталының мәліметінше, оның мектеп бітірердегі салмағы 120 килограмм, бойы 2 метр болған.


Өзгелерден дене бітімі ерекше, алып тұлғалы Парасат Нұрғалиев Индер ауданы Жарсуат округіне қарасты Құрылыс ауылында тұрады.


Парасаттың ерекше дене бітімі оған киім табуда қиындық тудырып келеді. Сондықтан ол көбіне тігіншінің қызметіне жүгінуге мәжбүр. Жылы маусымда аяғына сүйретпе резеңке аяқ киім кигенімен, күн салқындаған кезде шақ келетін аяқ киім таппай, үйден шыға алмай қалған кездері де болған. Сондықтан ауылдастары оған көмектесуге бел буып, аяғының өлшеміне сай аяқ киімге тапсырыс берген.



«Қазақтың алыбы Қажымұқан атамыздың аяқ киімінің өлшемі 54 болыпты. Ал Парасаттың аяғы одан да үлкен. Оған шақ келер аяқ киімді тіктіру үшін бірталай жерге хабарластым, біраз тігіншімен сөйлестім. Аяғының үлкендігін білген соң бәрі бас тартады. Сөйтіп, қиналып жүргенімде, Алматыдан тігінші Валерий Воронин ғана келісім берді. Ол шебер 40 жылдық кәсібінде 49-шы өлшемнен артық аяқ киім тікпеген екен», - дейді Парасаттың ауылдасы Байғали Өтеманов.




Оның айтуынша, тігінші бұл ұсынысқа қызығушылық танытып, мұндай өлшемдегі қалыбы жоқтығына қарамастан, Парасатқа арнап аяқ киім тігуге уәде берген. Осылайша Воронин уәдесін орындап, 52-ші өлшемді қалыпты үлкейтіп, 20 күннің айналасында 200 мың теңгеге аяқ киім тігіп берген.


Парасат 2014 жылы Құрылыс орта мектебін бітіріп, Атыраудағы оқу орнында темір пісіруші мамандығын игерген.



«Әкем Серікқали қайтыс болған, анам Қоңырша екеуміз бірге тұрамыз. Анамның айтуынша, дүниеге келгенде салмағым үлкен болмаған. Ал әжем Әуез аса етжеңді болмағанымен, сүйекті, ірі болған. Әкем де жауырынды, денелі еді, қолының өзі дәу болатын. Мені көргендер әкеңе тартқансың дейді. Ал ағаларым мендей емес, бойлары орташа», - дейді Парасат.



Ол дене бітіміндегі өзгерісті мектепте жүрген кезде байқағанын айтты.



«Басқа балалар сияқты болғаныммен, 6-сыныпта оқып жүргенде денемдегі ерекшелікті байқай бастадым. Біртүрлі сүйектерім өсе бастағандай сезіліп, аяқтарым ұйып, түсініксіз сезімде болдым. Киімдерім кішкентай бола бастады, бойым тез өсіп, аяғым үлкейіп кетті. 9-10-шы сынып оқып жүргенімде, аяқ киім табу проблема болды. Себебі аяқ киім өлшемі 50-ге жетті. Ал ондай аяқкиім табу өте қиынға соқты. Мектепті бітірерде салмағым 120 килограмм, ал бойым 2 метрге жетті», - дейді ол.




Бірақ, дене бітімінің ерекшелігі Парасаттың денсаулығында еш кінарат тудырмаған. Қазір ол ауыл арасындағы құрылыс жұмыстарымен айналысып жүр, тұрақты жұмысы жоқ.



«Менде тұрақты жұмыс жоқ, көбіне үйлердің іргетасына лай құю, сылақ сылау секілді жұмыстармен айналысамын. Жұмыстан шаршамаймын, қазір төрт адам болып үйдің іргетасын құйып жатырмыз. Өз мамандығыммен жұмыс жасаған емеспін», - дейді Парасат.



 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32