Almaty-akshamy.kz сайтында бүгін жарық көрген жаңалықтарға шолу – күн керуені
Атлеттер Олимпиадаға бармайды
1996 жылдан бері барлық Олимпиадаға қатысқан атлеттер Парижге жолдама ала алмады. Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы алғаш рет Олимпиада ойындарына қатыспайды. Қазақстандық ауыр атлеттер Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама иелене алмады.
Жалған сөз жарға жықты
«Жаңаөзенде жол жабылды» деп алаңдаушылық сипатта жалған ақпаратты әлеуметтік желі арқылы таратқан жаңаөзендік жазаланды. Ол ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456 бабының 3 бөлігіне сай әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр.
Бұдан бұрын мемлекет басшысы Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет екенін айтқан болатын.
Еңбекмин өтемақы төлемейді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлейтіні туралы мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға жергілікті атқарушы органдар біржолғы төлем түрінде көмек көрсетеді. Олардың мөлшері әр өңірде келтірілген материалдық залалды есептеу үшін құрылған арнайы комиссиялардың шешімі бойынша жеке-жеке белгіленетін болады.
Мұхитты да ластадық
Австралия мен Канада ғалымдары әлемдік мұхит түбіне шөккен пластик мөлшерін есептеді. Ғалымдардың есебінше, мұхит түбіне 11 млн тоннаға дейін пластик шөккен. Олардың жартысы тұңғиықта жатыр. Бұл зерттеу өз кезегінде пластикпен ластанудың салдарымен күресуге әрі оның қоршаған ортаға зиянын анықтауға көмектесуі мүмкін.
3 745 жер үй су астында қалды
ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаштың айтуынша, су тасқыны басталғалы бері 75 982 адам, оның ішінде 18 681 бала құтқарылған. Тартылған әуе кемелерінің көмегімен 2 811 адам, оның ішінде 865 бала құтқарылды. Уақытша орналасу пункттеріне 7 мыңнан астам адам, оның ішінде 2 794 бала орналастырылды. 69 971 жануар қауіпсіздік жерге айдалды. Зардап шеккен өңірлерге 126 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Бірлескен күштермен 7,7 млн астам текше метр еріген қар суы сорылды. 993 мың қапшық және 982 мың тонна инертті материал төселді. 1 739 тұрғын үй мен 1 743 аула аумағынан су бұрылды.
Алматыдан Атырауға көмек жіберілді
Кеше Атырау облысында су тасқынына байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Зардап шеккен аймаққа Алматы қаласы әкімі аппаратының құтқару қызметінің күшімен гуманитарлық көмек жіберілді.
29 наурыздан бастап қалада Алмалы ауданының коммуналдық орталығы базасында ашылған қабылдау пункті жұмыс істейді. Күн сайын алматылықтар қажетті заттарды әкеліп, табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуге үлестерін қосты. Қала тұрғындары, кәсіпкерлер, жастар қажетті көмекті жинауға белсене қатысты. 6 күнде 10 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жиналды.
2 000 000 теңгелік костюм
Алматы қаласында «DAULETTEN қайырымдылық қоры» ұйымдастырған қайырымдылық кеште Димаш Құдайбергеннің костюмі аукционда 2 000 000 теңгеге сатылды.
Бұл костюмді танымал әнші Алла Пугачеваның Мәскеуде өткен мерейтойына орай ұйымдастырылған «Подарок для Анны» атты шығармашылық кешінде киген. Онда Димаш Игорь Крутойдың «Любовь, похожая на сон» әнін орындады. Костюмнің дизайнері – Atelier Leka. 2 000 000 теңгелік костюмді қазақстандық кәсіпкер, қаржылық сауаттылық бойынша ментор Еркебұлан Әріпбай сатып алды.
«Алматы – біздің ортақ үйіміз»
Бүгін қаламызда осындай атпен науқан басталды. 8 сәуір мен 8 мамыр аралығында өтетін науқанға Алматының әрбір тұрғыны мен қонағы қатыса алады.
«Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанының басты мақсаты – қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарау құндылығын қалыптастыру, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу, жеке экологиялық бастамаларды қолдау мен іске асыруға жағдай жасау.