Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай жалған атақ пен медаль таратуды "қауіпті дертке" теңеп, Үкіметтен нақты әрі қатаң шаралар қабылдауды талап етті. Депутат премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атына жолдаған депутаттық сауалында марапат институтының беделі құнсызданып бара жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мәжіліс мінберінде көтерілген депутаттық сауалда кейінгі жылдары елде атақ пен марапаттың "бизнестік тауарға" айналғаны қатаң сынға алынды. Депутаттың айтуынша, аты-жөні белгісіз қоғамдық ұйымдар түрлі орден-медаль мен атақтарды ашық немесе жасырын түрде сатып, оны салтанатты шоуға айналдырған.
"Атағы жоқ, медаль алмаған кім қалды? Атаққұмарлық кәдімгі дертке айналып барады. Марапат пен атақ – базарда сатылатын сувенир сияқты", – деді депутат.
Сауалда келтірілген деректерге сүйенсек, "Қазақстанның құрметті азаматы", "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері", "Ұлт ұстазы" сияқты атақтар 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта "бағаланады". Ақшасын төлеген адамға медаль, орден, куәлік және сахналық марапаттау рәсімі қоса ұсынылады.
"Өздері мәз. Шын мәнінде не атақ алып жатқанын өздері де білмейді. Әлеуметтік желіге салып, қызуы басылғанша тойлаумен әлек", – деп атап өтті Мақсат ТОЛЫҚБАЙ.
Депутат бұл құбылыстың ең қауіпті тұсы – жалған марапаттардың білім беру саласына енуі екенін баса айтты. Оның айтуынша, бүгінде мұғалімнің кәсіби деңгейі білім сапасымен емес, алғыс хат пен медаль саны арқылы өлшенетін жағдай қалыптасқан.
"Бұл – білім жүйесінің іргетасын шайқалтатын аса қауіпті құбылыс. Мұғалімдер оқушыға білім беруде емес, марапат жинауда бір-бірімен жарыса бастады", – деді ол.
Депутат халықаралық тәжірибеге де тоқталып өтті. Көптеген дамыған елдерде мемлекеттік марапаттар заңмен қатаң қорғалатынын, критерийлері нақты әрі рәсімі ашық жүргізілетінін атап өтті. Ал Қазақстанда кез келген адам қоғамдық ұйым құрып, атақ тарата алатын жағдай бар екенін сынға алды.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жолдады:
- 2025 жылғы маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістердің толық әрі тиімді орындалуын қамтамасыз ету;
- Қоғамдық марапаттарды заңсыз тарату фактілері бойынша әкімшілік және өзге де құқықтық шараларды жүйелі қолдану;
- Мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай цифрлық тіркелімін енгізу арқылы ашықтық пен бақылауды күшейту.