2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Қазақстан астанасы фиджитал-спорттың жаһандық орталығына айналады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) халықаралық мультиспорттық турнирі Астанада 50 елден келген 900-ден астам қатысушыны жинайды, ал жалпы жүлде қоры 4 миллион АҚШ долларынан асады. 12 күндік жарыс барысында қаланың жетекші спорт объектілеріне кемінде 100 000 көрермен келеді деп күтілуде. Бұл іс-шара Қазақстанның кибер және физикалық спорт тоғысындағы негізгі халықаралық алаң ретіндегі мәртебесін түпкілікті нығайтады.
GOTF 2026 бағдарламасына цифрлық және физикалық форматтарды біріктіретін: фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-шутерлер, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-билер, MOBA Mobile, MOBA PC және «Battle Royale» сияқты сегіз дисциплина енеді. Турнирдің құқық иесі — Phygital International компаниясы — MOBA PC дисциплинасы ретінде аңызға айналған Dota 2 ойыны ұсынылатынын растады. Бұл «Болашақ ойындары 2026»-ның киберспорт пен фиджитал экожүйесіндегі жаһандық мәртебесін одан әрі күшейтеді. Dota 2 жарыстары 31 шілде мен 5 тамыз аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді, оның сыйымдылығы 5000 көрерменге арналған. Аталған дисциплинаның жүлде қоры 1 000 000 АҚШ долларын құрайды.
Турнирді өткізу үшін елорданың негізгі спорт объектілері : «Барыс Арена» көпфункционалды мұз сарайы, Beeline Arena ұлттық теннис орталығы, Qazaqstan жеңіл атлетика кешені және жекпе-жек сарайыпайдаланылады. Қазақстандағы GOTF 2026-ның бас ұйымдастырушысы — мемлекет толық қолдау көрсететін «Қазспортинвест» АҚ болып табылады. Бұл елдің стратегиялық бағыты — цифрлық технологияларды дәстүрлі спорт инфрақұрылымына енгізу екенін айқындайды.
Алдыңғы «Болашақ ойындары 2025» (GOTF 2025) турнирінің сәтті өтуі жоғары деңгейдегі талапты қалыптастырып, форматқа деген әлемдік қызығушылықты растады. IPSOS деректеріне сәйкес, 2025 жылы Абу-Дабиде өткен турнир 461 миллион қаралым және 137 миллионға жуық бірегей көрермен жинады. Көрілімнің 45% MOBA дисциплиналарға тиесілі болса, фиджитал форматтардың үлесі 38% жетті. Географиялық тұрғыдан негізгі үлесті Азия (25%) мен Латын Америкасы (21%) құрады, ал аудиторияның 90% 18–34 жас аралығындағы жастар болды. Бұл тәжірибе Астана үшін бағдар болып табылады және қаланың жаһандық аудиторияны кеңейтуге бағытталған стратегиясын күшейтеді.
«Болашақ ойындары 2026»-ға дайындық алдын ала басталды. Алғашқы кезеңде Phygital Origins аймақтық іріктеуі өтті, кейін елдің ірі спорт ареналарында, оның ішінде Қазақстан Суперкубогында бірқатар промо-іс-шаралары ұйымдастырылды. 2026 жылдың наурыз айында Астанада ұлттық Phygital Rivals жарыстары өтті, онда барлық өңірден келген 16 команда халықаралық Phygital Contenders Astana 2026 іріктеуіне жолдама алу үшін бақ сынасты. Фиджитал-футболда ACF x Allur командасы, ал фиджитал-баскетболда PBC Astana жеңіске жетті. Сонымен қатар, «Барыс» клубының хоккей матчтары, «Астана» — «Тобыл» футбол ойындары және Қазақстан — Намибия құрамаларының кездесуі аясында фиджитал-аймақтары сынақтан өтті. Бұл іс-шаралар инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дайындауға және аудиторияның жоғары қызығушылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
2026 жылғы 10 сәуірден бастап Астанада турнирге еріктілерді ресми түрде іріктеу басталды. Негізгі бағыттары: делегациялармен еріп жүру, БАҚ-пен жұмыс, қатысушылар мен көрермендерге көмек көрсету. Қатысуға студенттер, жастар және еріктілер ұйымының мүшелері, сондай-ақ елдің кез келген азаматы шақырылады. Еріктілер брендтік киіммен, сертификаттармен қамтамасыз етіліп, жоғары технологиялар мен спорт тоғысындағы бірегей тәжірибеге ие болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) турниріне кері санаудың ресми басталуына старт берді. Салтанатты рәсім 24 сәуір күні Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өтті.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысына турнирдің тұжырымдамасы мен негізгі дисциплиналары таныстырылды. Олардың қатарында фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-шутерлер, фиджитал-жекпе-жектер, фиджитал-би, MOBA Mobile, MOBA PC және «Battle Royale» бар. Цифрлық және физикалық жарыс кезеңдерін біріктіретін «фиджитал» форматына ерекше назар аударылды.
Турнир дирекциясының басшысы Әлібек Хасенов жобаның ауқымы туралы баяндап, оған халықаралық қызығушылықтың жоғары екенін, қатысушылар географиясының кеңдігін және іріктеу жүйесінің кешенді түрде ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) Астанада өткізу туралы шешім Қазақстанның инновациялық спортты дамытудағы жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады. Елорда өзін әлемдік деңгейдегі іс-шараларды өткізе алатын технологиялық хаб ретінде дәлелдеді. Мұндай ауқымды турнирді қабылдай отырып, Қазақстан тек сенімді ұйымдастырушы мәртебесін нығайтып қана қоймай, цифрлық шеберлік пен физикалық күш біріктірілген жаңа спорт философиясын қалыптастырады. Астана мыңдаған қатысушылар мен әлем бойынша миллиондаған көрермендерді тартатын орталыққа айналып, фиджитал қозғалысының жаһандық даму нүктесін қалыптастырады.
«Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) — бұл технология мен спортты ажырамас құндылық ретінде қабылдайтын жаңа буынға бағытталған стратегиялық инвестиция болып табылады. Бұл іс-шара жаһандық фиджитал қозғалысының трендтерін айқындап, Қазақстанның жаңа спорт дәуірінің драйвері ретіндегі рөлін нығайтады.
БАҚ үшін байланыс:
«Қазспортинвест» АҚ баспасөз қызметі
Тұрғанбаев Мансұр
Телефон: +7 778 099 12 85
Email: press@kazsportinvest.kz