Алматы қаласында Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Виктор Карпович Изюмников 102 жасқа келді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Майдангерді туған күнімен Алматы қаласының жергілікті әскери басқару органдарының әскери қызметшілері құттықтады. Олар ардагерге Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыстап, мықты денсаулық, рухани сергектік пен амандық тіледі.
Виктор Карпович Изюмников 1924 жылғы 25 қарашада Орал облысы Зеленов ауданындағы Чернояров ауылында дүниеге келген. Ол 1942 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін әскер қатарына шақырту алады.
Сол кезеңде Орал қаласында Ленинградтан көшірілген әскери байланыс училищесі орналасқан еді. Виктор Изюмников осы оқу орнына қабылданады. 1943 жылғы маусымда училищенің бір топ курсанты Әуе-десант әскерлерінің құрамына жіберіледі.
Жас жауынгер Изюмников Мәскеу облысында орналасқан 17-гвардиялық әуе-десант бригадасының құрамына қосылады. Кейін бұл бөлімше 106-атқыштар дивизиясының 355-гвардиялық атқыштар полкі болып қайта жасақталып, Будапешт бағытындағы майданға жіберіледі.
Виктор Карпович Вена қаласын азат ету операциясына қатысып, Чехословакия шекарасындағы Зноймо қаласын азат етуге атсалысады. Жеңіс күнін де осы жерде қарсы алады. Соғыстың соңына қарай аға сержант шеніндегі радиостанция бастығы қызметін атқарған.
Майдан даласында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Виктор Изюмников II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және басқа да мерекелік наградалармен марапатталған.
1947 жылы бейбіт өмірге оралған соң Виктор Карпович Орал ауыл шаруашылығы техникумын, кейін К. А. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын тәмамдайды. Академияда білім алып жүрген жылдары болашақ жары Валентина Точиленковамен танысып, онымен бірге 60 жыл отбасылық ғұмыр кешеді.
Виктор Карповичтің соғыстан кейінгі өмір жолы да қоғамға және туған еліне қызмет етудің жарқын үлгісіне айналды. Оның ғибратты ғұмыры – ерлік пен қайсарлықтың, Отанға деген адалдық пен табандылықтың өнегесі. Мұндай тұлғалардың өмір жолы кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі сақталады.