Өткен ғасыр қазақ халқы үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс - тұтас бір буынның тағдырын өзгертті. Сол дәуірдің бар ауыртпалығын бастан өткеріп, кейін ел ғылымына еңбек сіңірген жандардың бірі – соғыс ардагері Зұлқарнай Сейітов. Жеңісті жақындатуға үлес қосқан жан бүгінде 103 жаста.
Ол 1922 жылы дүниеге келген. Зұлқарнай атаның ауқатты әрі бай дүниеге келуі оның отбасы мен тағдырына әсет етпей қоймады. 1930 жылдардағы солақай саясаттың зардабын Сейітовтер отбасы да тартты. Тәркілеу, кәмпеске мен ашаршылық олардың әулетін де айналып өтпеді. Отбасы үлкен шығынға ұшырап, жақындарынан айырылды.
«Ашаршылық пен тәркілеу кезінде отбасымыздан 15 адамнан айырылған екенбіз. Әжем – әкемнің анасы, екі қарындасы аштықтан қайтыс болған. Әкемді аман алып қалған – нағашылары екен», - дейді ұлы Талғат Сейітов.
Талғат ағаның сөзінше, әкесі Зұлқарнай Сейітов мектепте 10-сынып оқып жүрген кезінде 1942 жылы майданға шақырылған. Әскери дайындықтан кейін бірден алғы шепке жіберіліп, Ленинград, Сталинград, Курск бағыттарындағы шайқастарға қатысқан. Соғысты Берлинде аяқтайды.
«Әкем Сталинградтағы ауыр шайқастарды басынан өткерген. Берлинге жеткенде «Қарғыс атқан Германия» деген жазуды өз көзімен көргенін айтатын», - дейді естеліктерді еске алған қарияның ұлы Талғат Сейітов.
Соғыстан кейін Зұлқарнай Сейітов білімін жалғастырып, Омбы ауылшаруашылық академиясына түседі. Майданнан оралған Зұлқарнай Сейітов соғыс қатысушысы ретінде конкусссыз оқу мүмкіндігін пайдаланып, ендігі ғұмырын ізденіске арнайды. Айта кететіні, З.Сейітов сол кезеңдерде өз қатарластарының арасында Сталиндік стипендияның жалғыз иегері атанады. Кейін институтты аяқтаған соң, оқу орнының ұсынысымен аспирантурада оқуын жалғастырып, өмірін біржола биохимия саласына арнайды.
Кейіннен Алматыға ауысып, ұзақ жылдар бойы ғылым мен білім саласында еңбек етті. Еңбек жолын ассистенттіктен бастап, профессор, кафедра меңгерушісі дәрежесіне дейін көтерілді. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, ғылымға үлес қосты.
Зұлқарнай Сейітов – 350-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ол сүт және сүт өнімдерінің биохимиясын зерттеп, сиыр, бие және түйе сүтінің құрамын ғылыми тұрғыда алғаш зерттеген ғалымдардың бірі болды. Бұл еңбектері ұлттық өнімдерді ғылыми негізде дамытуға жол ашты.
Ғалымның жаңалықтары жоғары бағаланып, ол КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медалімен марапатталды, сондай-ақ «КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы» атағына ие болды. Оның қоржынында көптеген патенттер мен авторлық куәліктер бар.
Қария зейнетке шыққанан кейін де ұзақ жылдар магистрлер мен болашақ ғалымдарды дайындап, бар бігені мен түйгенін бөліскен. Оған дәлел өзінің биохимия саласында жазған оқулығын ағылшын тілінде шығаруды қолға алуы еді.
«Жүз жасқа келер шағында «Биохимия» оқулығы ағылшын тілінде жарық көрді. Оның басы-қасында да өзі жүрді», – дейді Талғат Сейітов.
Ғалым ұлттық өнімдер негізінде «Қазақ бальзамы» мен «Алтынсу» сияқты емдік сусындарды әзірлеуге қатысқан.
«Сол кезеңдерде шет елдердің көбінде емдік мақсаттағы бальзамдар болатын Әкем «басқа елдердің атымен аталатын бальзамдар бар, неге бізде қазақ бальзамы жоқ?» деп жиі айтатын. Сол ой үлкен жұмысқа ұласты», – дейді ұлы.
Бұл бастама бастапқыда Алматы зооветеринарлық институтының басшылығы арқылы қолдау тауып, кейін сол кездегі Дінмұхамед Қонаевқа жеткізілген. Қолдау нәтижесінде Шығыс Қазақстанда дәрілік шөптер жиналып, тәжірибелік өндіріс ұйымдастырылып, емдік қасиеті бар жаңа өнім жасалды.
Бүгінде 103 жасқа келген Зұлқарнай Сейітов - бір дәуірдің ғана емес, сол дәуірдің бар ауыртпалығын иығымен көтеріп, оны ғылым мен білімге айналдыра білген тұлға. Ашаршылық пен қуғын-сүргінді бастан өткеріп, жас кезінде майданға аттанып, ел қорғау жолында ерлік көрсеткен ол кейін бейбіт өмірде ғылымға адал қызмет етті. Оның өмір жолы – қиындыққа мойымаған, керісінше сол сынақтарды ел игілігіне жұмсай білген қайсар буынның айқын бейнесі.
Майдандағы ерлігі үшін Зұлқарнай Сейітов II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Бұл наградалар оның соғыс жылдарындағы батылдығы мен жанқиярлығын айғақтайды.