Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген алдағы референдум қазақ халқына 27 жылдан кейін беріліп отырған мүмкіндік болғандықтан, барша халық көптен күткен айтулы оқиға.
Бұған дейін мемлекет шын ниетпен, бар көңілмен халықтың ой-пікіріне қызығушылық таныта қоймаған еді. Көпшіліктің де дауыс беруге деген ынта-жігері бола қойған жоқ десек, артық айтпаған болармыз. Өйткені, бұған дейінгі өзгерістер тек Президенттің өкілеттілігін арттыруды ғана көздеді, бүгінгідей түбегейлі реформалардың бастауы бола алмады.
«Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттігін күшейту емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайту. Мен баршаңызды елдің ертеңі, ұрпақтың келешегі үшін референдумға қатысуға шақырамын! Ұлт мүддесіне сай бастамаларды қолдайсыздар деп сенемін!», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
«Әрекет барда – берекет болмақ» демекші, Президент референдумды құр бос сөз үшін емес, нақты дүние екенін ісімен дәлелдеп талпынуда. Жаңа облыстар ресми құрылып, Қапшағай қаласы Қонаев аталды. Билік өкілдері кезектесе кездесу, жергілікті тұрғындармен отырыс өткізіп жүр. Тіпті, мемлекет құрылғалы бері халық жүзін көрмеген Орталық сайлау комиссиясы да ел-жұртты аралағанын көрдік. Қасым-Жомарт Тоқаев «сонша жылдан бері халық арқылы байып, бірақ өздері еш көмегін тигізбеген адамдардың қайтарымы болатын күн келді» деді. Сөйтіп, кешегі, құнының қымбаттығына бәріміздің көңіліміз толмайтын «Алматы Паркинг» әкімдікке қайта қайтты. «Қазақстан халқына» қоры құрылып, онда ниеттілерден ақша құйылды. Бұл тек мен білетін мысалдар. Күнделікті өмірімізде талай оң өзгерістер болып жатыр. Енді әрекеттің берекеті болу үшін көпшілік қауым да қимылдау керек.
Қазақстан – демократиялы, зайырлы құқықтық мемлекет. Бұл Конституцияда айқын көрсетілген. Ендігі кезекте осы аталғандардың заңдық, құқықтық-нормативтік бағытта жүзеге асуын қадағалау маңызды саналады. Сол себепті де, еліміздегі өтетін референдумның орны айрықша деп білеміз.
Осы жерде «Барлық дамыған елде плебисцит тікелей халық билігінің айқын көрінісі саналады. Бірақ Қазақстанда демократияның бұл тиімді институтының әлеуеті толыққанды пайдаланынбай отыр...» деген Президенттің сөзімен толық келісемін. Себебі, Еуропа елінде баяғыдан қалыптасқан бұл үрдіс шынайы түрде халық билігінің деңгейін көрсетіп отыр, ал бізде тек құр сөз күйінде қалып отыр. Мысалы, сол Еуропа елдеріне бүкіл әлемде өткізілетін референдумдардың 60%-ынан астамы тиесілі, ал Азия елдерінде бұл көрсеткіш 20%-ға да жетпейді. Демократиялық қоғам – прогрестің бастауы болғандықтан, референдум сөз күйіндегі формасынан іс жүзінде әрекетке айналып жатқанын атап өтпеуге болмайды.
«Елу жылда – ел жаңа» демекші, құрылғанына енді 30 жыл болған біздің Қазақстан бүгін-ертең жаңарып кетеді дегенге үлкен күмәнім бар, алайда Президенттің «Жаңа Қазақстан» деп отырғанын тура мағынада емес, тереңірек түсіну керек секілді. Яғни бүгініміз – сол жаңаруға алып келетін бастамалардың көші. Күні кеше ресми түрде жарияланған референдум – ұзақ жолдағы алғашқы қадамдардың бірі. Қуатты ел болу үшін алдымен саясат, оны тіреп тұрған Ата Заң өзгеруі керек. Референдумда бір-ақ мәселе көтеріледі – сіз Конституциядағы өзгерістерге келісесіз бе? Алайда, сол өзгерістерге мән берер болсақ, біраз жаңалықтар орын алатынын түсінесіз. Бұрыннан мезі қылған тіл мәселесі, «суперпрезиденттік» режимнің аяқталуы, Конституциялық соттың құрылуы, тағысын-тағы...
Әсіресе, Президенттің Конституциялық бақылау органына азаматтардың, сондай-ақ басқа субъектілердің өтініш беруіне жол ашып, Конституциялық Кеңесті Конституциялық сотқа айналдыру бастамасын ерекше атап өткім келеді. Конституциялық бақылау органдары Ата Заңның талаптарын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Бұл негізінен, ресми түсіндірме беру, конституциялық-құқықтық даулар бойынша қорытындылар беру, заңнаманың конституциялылығын тексеру арқылы жасалады. Елімізде қанша адам болса, сонша пікір болуы заңдылық қой. Дейтұрғанмен, Мемлекет басшысының бұл жолғы бастамасы қос қолдап қолдауға тұрарлық екен. Рас, мемлекет тағдырын жекелеген азаматтар емес, тұтастай халық өзі шешуі керек.
«Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген ғой, Президентіміздің соңғы сөзді халықтың өзіне қалдырып, көпшіліктің пікіріне құлақ асуы жаңа Қазақстан құрудың бастауы деп білемін. Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз, әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз» деген сөзі бізді алға жетелейді.