Ақынның ауылына күз келіпті

Ақынның ауылына күз келіпті Қайрат Қонысбаев

Күз - ақындар үшін ерекше маусым. Табиғаттың бояуы қалыңдап, аспан тұнжырап, жапырақтың сыбдыры жан дүниеңнің үніндей естілетін мезгілде әр ақын өз жүрегінің күзін жырлайды: бірі өткенге сағынышпен үңілсе, енді бірі сабыр мен тыныштық іздейді. 

Қазақтың Бас ақыны - Абайдан бастап табиғаттың осы мезгілін суреттемеген, жырына күзгі көңілдің күйін арқау етпеген ақын кемде кем. Қазіргі қазақ поэзиясы өкілдерінің нәзік сезім мен толғанысқа толы "күзгі" жырларын назарыңызға ұсындық, өлеңсүйер оқырман!

Қалқаман  САРИН

Күзгі көрініс

Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.

Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде
Күтіп тұр әлдекімді Қыз күрсініп.

Жас талдың аптыққан жел есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп сәтте көңіліме көшіп алды.

Арқаның өңменімнен өтті желі,
Күдерін қайтқан құстан көк те үзеді,
Бозбауыр бала бұлттар боздап тұрып,
Бораған қыстан хабар жеткізеді.

Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, ап-пақ,
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап.
...Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл-жасыл гүл құшақтап.

Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кездесіп тұрды екеуі. ...Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз...

Күз бен біз

Сары түсті сағыныштан Күз моншақ,
Тағып алып тағы келді бізді аңсап.
...
Көздеріңді тұрды менен жасырып,
Кірпіктерің қызғаншақ.

Сұр қалаға сыр айтады сыңсып Күз,
Ал, екеуміз күзде ашылған бүршікпіз.
Кірпіктерің күні-түні күзеткен,
Көзіңдегі сезім бе еді кіршіксіз?!

Сезім екен сақтағаны сол көздің,
Киялға еріп бір әлемді мен кездім.
Күннің әлсіз сәулесіне жылынып,
Көз ішінде керіледі кербез – мұң.

Жасыл бақтың жапырағын ұрлап Күз,
Жатыр әне. Сірә біздер тым жатпыз?
Көше бойлап келе жаттық сырласып,
Үнсіздіктің үн таспасын тыңдап біз.

Еміс-еміс қос жүректің дүрсілі,
Естіледі, бұл – махаббат тылсымы.
Өзің жайлы ойларымды ұрлайды,
Күзгі жаңбыр. Тамшылардың тырсылы.

 

КҮЗ...

Күңіренген, күрсінген күздің ауыр
Мінезіне үйренген біздің ауыл.
Бұйра шаңын көтеріп қырат-қырдың,
Берекесін бір сәтте бұзды дауыл.

Жанарымда жабырқап жаз жылады,
Жылағаны емес пе, қаздың әні?!
Қайран менің жүрегім, қайтқан құстың,
Қанатынан үзілген сазды ұғады.

Жаңа мезгіл желбіреп жалауы тік,
Жаулап алды жер бетін қалауы ұтып.
Жылы өлкенің жамалын жасқа шылап,
Қара аспанның көзі тұр қарауытып.

Жадыраған жаздың да күйі осал тым,
Мезгілі өтті.
Құс жүдеу, ұя салқын.
...Күздің жырын жазады бір Құдірет,
Бір ғажайып қаламмен сиясы алтын.

 

КҮЗДІҢ СОҢҒЫ ҚОЛТАҢБАСЫ...

 

Қыс та келді.
Тайды тағы Күз серттен.
Қар жауып тұр күйге ұласып біз шерткен.
Қара жердің айғыз - айғыз келбеті,
Қара қойдың терісіндей тұз сепкен.


Өлді мезгіл, жете алмастан арманға аз,
Өзгермеген тек тәкәппар Тау маңғаз.
Қар астынан жылытады жанымды,
Кеше ғана күзге өкпелеп қалған Жаз.

Қаһарлы қыс, қаталсыз - ау, кекшілсіз...
Көңілдерден қоңыр мұңым көшті үнсіз.
Қара аспаннан аппақ ұлпа жаудырған,
Құлдық ұрдым Құдіретке еш мінсіз!

Жанарыңда жылт-жылт етіп шық күміс
Ай, қараша, қауысты құш, үтті құш!..
Амалың жоқ, аманат ет арманды -
Алдымыздан ақ боз мініп шықты қыс..

Жүрегімде салқындық бар аздаған,
Салқын жүзбен көз тастайды әз - ғалам...
Күзге ғашық ақын едім қайтейін,
Күз туралы Оданы әлі жазбаған.

Санамдағы сағынышты бұғаулап,
Қарашадан қар ұшады қылаулап.
Біздің шерді тарқататын үн - түнсіз,
Күздің соңғы қолтаңбасы - мынау бақ.

 

Ақберен ЕЛГЕЗЕК

Автокөлік терезесіндегі күз

Анау жерде сарғаяды топ қайың,
Менде мұң бар, ал оларда жоқ уайым.
Көктемге олар асығады,
Мен болсам…
Мәңгілікке жақындаймын сәт сайын.

«Табиғатты өлер» дейді ұлы Абай,
(Мен бұл сөзге қалай тұрам жыламай?)
Өлген әлем – көктем келсе, тірілер,
Гүл біткенннің көзі ашылар шырадай.

«Адам өлмес» деп айтады сол Абай,
Сол үміттен жүрегімде толады Ай.
Ал табиғат ұжымақта дүр етіп,
Қайта бүрлеп, нұр аңқыса
бола ма-ай?!

«Қайтып келіп ойнап, күлу» жоқ, білем,
Неге онда өлмейтіндей боп жүрем?
Түстерімде жалаңаяқ бала боп,
Кешіп жүрем гүл алқабын ақ кілең.

Алыс жақтан сап-сары боп топ қайың,
Жайнап тұрар, неге оларда жоқ уайым?
Тал күнәнің не екенін білмейді…
Ал мен болсам бар күнәмды арқалап,
Мәңгілікке жақындаймын сәт сайын…

Күзгі элегия

Сары мұң қалды көгалда...
Жазмышын өзі сызған бақ...
Тұманды жарып жоғалған
Қып-қызыл Күнім – қызғалдақ.
Қайырлы бұлттар қанатты
Төбемнен ұшты бұрқырап.
Теректің жасын санап тұр
Көбелек – сары жапырақ.
Жарқырап қайта шықса-ай Күн!
Топырақ көзі – қақ суы...
Мылқау бір жынға ұқсаймын
Сіміріп алған бақсы уын.
Сырымды кім бар тыңдамақ,
Қоштастым Көкпен. Пенделік.
Жүректе жырым іңгәлап,
Тұманда жүрдім, сенделіп...

 

Күзгі серуен

Жапырақтан жаңғырып Күз дауысы,

Алтын бояу үрлейді Түз ғарышы.

Түйсігіңе жұмақты сездіреді,

Билеп тұрған түстердің қозғалысы.

Аспаннан сыңғыр етсе күміс xабар,

Шыршалардың жүйкесі тынышталар.

Жорыққа аттанғанда құс атаулы,

Шеру тартып ұрандар құмырсқалар!

Шөптердің арасынан дабырласқан,

Сақалын сауып отыр адыраспан!

Тербеледі итмұрын өз әніне,

Тербеледі ешкімді танымастан.

Жел де міне, тал таппай қағынарға,

Сұлап түсті соғылып кәрі жарға.

Қарта ойнайды таласып тас үстінде:

Жарқанат-ой,

Қиял-қаңбақ,

Сары қарға.

Бұл кезде көкжиекте нұр құлаған,

Гүлдер үні өлтірді-ау шырқыраған!

Басын шайқап бал ашар ермен-кемпір,

Шашынан жусан исі бұрқыраған.

Ермен-кемпір бал ашса – талағаны,

Қара жидек – көк тиын санағаны.

Қасында отырса егер татыр-әже,

Шырғанақтан тастай сал садағаны!

Үйеңкіге сәлем бер,

(ақын ол да),

Шарабынан бірақ та татып алма.

Күзге айналып ағады арық іші,

Бір шетінен тістелген уақыт-алма…

Мынау баудың жайқалып бау болғалы,

Күз келсе де жатады тар жолдары.

Ғалам үшін Тәңірден сауға сұрар,

Көкке қарай созылып тал қолдары.

Құла белдің шырмалған ну етегі,

Бейтаныс бір дыбыстар гулетеді.

Кеуіп қалған көгалдың орайынан,

Көбелектің руxтары пыр-р-р етеді!

Күннің қызыл ойынан тонғаны ма,

Торғай қонды көңілдің шарбағына?..

Бірін-бірі секеңдеп қуалап жүр,

Бағаналар сүйеніп балдағына.

Жетім күшік айырылған енесінен,

Өз бейнесін жалайды тегешінен…

Аңқауым-ай!

Аңтарылып қарап қалар,

Пойыз болып бұлт өтсе төбесінен!

Кеш қарайды.

Кешті де қош көрдік-ай!

Зәу көкте жас қарауыл – он күндік Ай.

Ертегілік әлемнің бір шетінде,

Адам өтіп барады, о, сұмдық-ай!

Жүрегімде шайқалып аз ғана мұң,

Мен мұндай қойылымға мәз боламын!

…Қыркүйектің шетінде сынып жатыр,

Ойыншығы кешегі жаз-баланың…

Ерлан ЖҮНІС

Мұңұрған

Күз неге жылайды, мен бе екем жылатқан?!
Жапырақ құлайды,
Құлатқан –
мен емес тағы да!
Кешірді ол басынан не дәуір?
О, бірақ осының барлығы жаныма,
Соншалық неге ауыр?
Неліктен кінәлі сезінем өзімді,
көзінің жасына?
Сүюді, сезуді,
үйреткендегің осы ма, Қыркүйек?
Дертіңді көтерту үшін бе?
Жұтқызып жасыңды?
Күзгі бак ішінде қаңғыртып басымды?
Сұранам, сездіргің келеді о, нені?
Жапырақ құлаған –
жылаған жүректің өлеңі екенін
өзім де білемін!
Есіме салмашы!
Дерт – өлген!
Жүрегім –
онсыз да, күз, сенің кітабың...
Қараша түнінде өртелген!

 

Жаңбыр

Жаңбыр, жаңбыр – жалқы жүрек, жалғыз мұң,
Жалғыз мұңға күз суретін салғыздым.
Жерге түскен жапырақты көтерші,
Мұңымыздан ауыр емес ол біздің!

Күзгі аспанның күрсінісін, кемсеңін,
Жүрекке сап салмақтадым, өлшедім.
…Құлап жатқан тамшыларды көтердім,
Көз жасыңнан ауыр емес ол сенің!

Күзді арманға сенбейді деп кім айтты,
Бізді арманға сенбейді деп кім айтты!
…Алматыға жауған жаңбыр неліктен,
Астанада жүрген мені мұңайтты?

Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы

Жаз да өтті, сұлу салған ән сыңайлы,
“Қош” деуге қалай енді жан шыдайды?!
Жаңбыр иісі... тамыздың тоңғақ түні
жапырақтың көзінен тамшылайды.

Ауық-ауық тұр, міне, себелеп түн,
себелекті келгендей өлең еткім,
жаңбыр иісі... ашылған терезеден
әнін шырқап қоямын көбелектің.

Әр тамшысын бірлеп-бірлеп санап түннің,
тезірек таң атқанын қалап тұрмын.
Көңілімде мұң да жоқ, шаттық та жоқ,
терезеден ешқайда қарап тұрмын...

 

Айжан ТӘБАРАКҚЫЗЫ

Күз

Алакеуім.
Жатыр әне ішке тартып дала демін.
Бүгін тағы...
Келмедің... Үміт жылап.
Жалғыздық құшағымда қала бердім.

Мұң түнетіп санасына Қоңыр Күздің.
Жолымызды қоспайма, Өмір біздің???
..."Күт" деген ең...соңғы рет...Содан бәлкім.
Үмітті келді ме екен, соңында үзгім.

Хабарсызсың...Көңілде күдік басым.
Сарқылқылған жоқ сонда да үміт жасым.
Түндер өлген күн бар ғой...мен ешқашан.

Ол жайлы,
Ұмытпаспын... Ұмытпаспын.

 

Ұзатып салып тұрмын қимастықпен

Ұзатып салып тұрмын қимастықпен,
Жып-жылы сәттер қалған Қарашаны.
... Менің жазған xатыма үндемейсіз,
Сізге сол жарасады...

Шаршатқанда тірліктің күйі кейде,
Ол рас, алданыш қып Сізді ойлағам.
... Жолдар бәрін әкетер маңдайымнан,
Қоп-қоңыр күзге айналған.

Қарашыққа осылай мұң құлатып,
Тағдыр, шіркін, ойнайды жиі-жиі...
... Мен сосын отырамын қара шаймен,
Бірге ішіп күйігімді...

Ығы-жығы күндерім жылжи берер,
Сізсіз де ілесіп ап керуен жылға.
Тағдыр тағы не дайындап қойды екен,
Бәріне көнген құлға?..

Назы шығар бұл дағы уақыттың,
Кезі келсе көңілден бәрі көшер.
Қара күзден қажыған жүрегімді,
Қозғай ма әлі де шер?..

 

Кешікпей Астанаға күз келеді

Кешікпей Астанаға күз келеді,
Мен – бақытты, мені бақ іздемеді...
Қайыңды сүйе тұрып, жерді құшқан,
Жапырақ сияқтысыз Сіз де енді...

Баяғыдай емес қой сезім деген,
Көз ілмеген сәттерім – төзімге ем,
...Бірдеңе өзгере ме, өлең жазып
Сәл сағындым дегеннің өзінде мен?

Мезгілі жеткен күні бәрінің де,
Бұратыны белгілі – жаны кімге.
... Несіне енді күтемін күздей болып,
Несіне ойлайды екем, әлі күнге?

Сөз мүжіген шақтарды, тағатымды,
Жылап алу үшін түн жаратылды,
Жаныма батады ылғи мен мұңайсам,
Жұбатпай үнсіз ғана қалатыны.

Әйтпесе, бол деппін бе, мәңгі бірге?
Өкініш үмітімді көмді мүлде;
Сезімі өліп кеткен бұл жүректің
Керегі бола қойсын енді кімге?..

Өмірдің бәрін мұң ғып не қылайын?
Онсыз да кеудені көп жеді уайым,
Бір дұға тілеңізші, Жаратқаннан,
Оңымнан туар сонда менің де Айым...

 

Жұбаныш іздеп қайтады құстар

Жұбаныш іздеп қайтады құстар,
жанына батып қай қайғы?
Ештеңе ұқпас жеңілтек жел кеп,
жапырақпенен ойнайды.

Сары бауыр дала бүк түсіп жатыр,
жазын қия алмай басқаға.
Уақыт дегенің мөлт ете түскен,
сұмдайрықтағы жас қана.

Жанымды қарып қып-қызыл сөзбен,
балконда ұзақ ой шектім.
Бізге де мүмкін қайту керек пе,
жаныңды ұқпай қойса ешкім.

Бәріне өзі кінәлі жандай,
аулада отыр Күз үнсіз.
...Ылғи да маған тесіле қарап
тұрады бір көз
- Сіз кімсіз?!

Құстар-ау, құстар...
Мен де сендердей,
қайтуым үшін келіп пе ем?
Тым ұза-а-қ болып көрінеді осы,
бұл өмір маған неліктен?                

Көңілге уақыт жамау болмасын,
кеш сездік, неге кеш білдік?
Тіршілік дегенің – қайту екен ғой,
қайтудың мәні – ∞ !

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:40

14:10

12:39

12:27

11:17

10:43

10:15

09:45

09:24

21:03

18:38

18:32

16:31

16:08

15:52

15:22

14:45

14:14

13:45

13:14

12:45

12:10

11:45

11:05

10:41