Форум
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Freedom Broker
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Тұлға / Ақиқатты ту еткен дарабоз

Ақиқатты ту еткен дарабоз

Тұлға Бүгін 16:07 47
Ақиқатты ту еткен дарабоз

Бүгінде қазақ әдебиеттану кеңістігінде көрнекті қаламгерлердің шығармашылық мұрасын қайта зерделеу, олардың ұлттық мәдениет пен тарихи санадағы орнын айқындау үдерісі ерекше маңызға ие болып отыр.

Осындай бағыттағы маңызды рухани іс-шараның бірі күні кеше Алматыдағы Ұлттық кітапханада өтті. «Дәуіріміздің дарабоз жазушысы» деген тақырыппен айшықталған бұл жиын Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Жазушының әдеби мұрасын жан-жақты талдауға, оның ұлт руханиятындағы орнын айқындауға арналған шараға ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, БАҚ өкілдері, студенттер мен жалпы, қаламгер шығармашылығын жоғары бағалайтын көзіқарақты қауым қатысты.

Жиынды жүргізген Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиетіндегі классикалық деңгейдегі тұлға екенін атап өтіп, еске алу кешінің мәніне тоқталды.

«Қабдеш аға 2021 жылдың 5 сәуірінде, 85 жасқа толуына аз уақыт қалғанда өмірден өтті. Егер тірі болғанда мерейтойы Олжас Сүлейменов, Марфуға Айтқожина, Ілияс Жақанов сынды қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларымен қатар, мемлекеттік деңгейдегі салтанатты шара ретінде аталып өтер еді. Тағдыр оған мүмкіндік бермеді. Өкінішке қарай, енді 90 жылдығын Сайын Мұратбеков, Медеу Сәрсеке, Бек Тоғысбаев, Шәрбану Құмарова, Қастек Баянбай, Маршал Әбдіқалықов, Бекен Әбдіразақов сынды бақилық болған марғасқалармен бірге еске алуға тура келіп жатыр.  Қабдеш Жұмаділов шын мәнісінде әдебиетке үлкен олжа салды, үлкен еңбек сіңірді. Бүкіл талантымен, болмыс, бітімімен өзін мойындатып кеткен тұлға соңына 20 томдық шығармалар жинағын қалдырды. Сонымен қатар  төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді», – дейді Ғалым Қалибекұлы.

Төраға орынбасары сондай-ақ, жазушының есімімен байланысты рухани-мәдени кеңістік қалыптасқанын, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылып, қоғамдық қор құрылғанын, өзі аманат еткен жерге жерленіп, сол аумақта мемориалдық кешен қалыптасқанын жеткізді. Бұл нысан бүгінде халықтық деңгейдегі рухани орынға айналып, «Қабдеш бекеті» деп аталып отырғанын да айтып өтті.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы өз сөзінде көркем әдебиеттің уақытпен шектелмейтін құндылығына тоқталды.

«Әрбір оқырманның қайта-қайта оралатын сүйікті авторы болады, ал Қабдеш Жұмаділов – осындай сирек қаламгерлердің бірі. Биыл республика көлемінде «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жазушының «Тағдыр» романының таңдалуы оның шығармашылық мұрасының жалпыұлттық деңгейде мойындалғанын көрсетеді», – дейді ол.

Ғазиза Құдайбергенқызы сонымен қатар кітапхана тарапынан жазушы шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіштің дайындалғанын, бұл еңбектің әдебиеттанушылар үшін де, оқырмандар үшін де маңызды ғылыми құрал екенін атап өтті. Ол жастардың рухани сұранысының артып келе жатқанын, кітапхана автор мен оқырман арасындағы маңызды рухани көпір қызметін атқаратынын да тілге тиек етті. Сонымен бірге Мемлекет басшысының кітаптың тәрбиелік және мәдени рөліне қатысты айтқан пікіріне сүйене отырып, әдебиеттің қоғамдағы орны ешқашан төмендемейтінін жеткізді.

Келесі кезекте сөз алған танымал ақын Қасымхан Бегманов өз естелігінде Қабдеш Жұмаділовтің рухани тұлғалық болмысын ерекше құрметпен сипаттады. Қабдеш ағасына іні болғанын, қасында жүргенін үлкен бақыт санайтынын білдірді. Айтуынша, Қабдеш Жұмаділов шығармашылығы бала кезінен оның жанына жақын болған.

«Егер мені әдебиетке алып келген бір тылсым күш болатын болса, сол тылсым күштің ар жағындағы ұлы жазушылардың бірі, ол – қайталанбайтын жазушы Қабдеш Жұмаділов. Студент кезімізде осындай үлкен жазушыларды сыртынан көріп, артынан ұзақ уақыт үнсіз еріп жүріп бақылайтын едік. Бұл – біздің әдебиетке және сөз өнері алыптарына деген шынайы құрметіміз бен қызығушылығымыздың белгісі еді. Қабдеш Жұмаділов – шығармаларымен ғана емес, бүкіл болмысымен оқырманды баурап алатын жазушы. Оның кейіпкерлері тірі адамдардай әсер қалдырып, оқырман санасында бірге өмір сүреді. Мұндай ұлы тұлғаның жанында жүру, оған жақын болу – кез келген адам үшін үлкен мәртебе», - деп есептейді Қасымхан Бегманов.

Қаламгердің айтуынша, жазушы барлық маңызды жиындарда белсенді түрде сөз сөйлеп, өз пікірін ашық білдіріп отырған. Ол ұрпақтар сабақтастығы тұрғысынан Қабдеш Жұмаділовті Мұхтар Әуезов, Саттар Ерубаев, Баубек Бұлқышев сияқты алыптармен рухани сабақтастықта қарастыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар, жазушының шығармалары тек көркем мәтін ғана емес, тұтас рухани әлем ретінде қабылданатынын сөз етті.

Қабдеш ағасына рухани жағынан да, туыстық жағынан да жақын екенін айтқан көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетов жазушының азаматтық және шығармашылық ұстанымына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Қабдеш Жұмаділов – шындық пен әділеттілік жолында ешқашан тайсалмаған, қоғамдық пікірге батыл араласқан тұлға. Ол кейбір тарихи-әлеуметтік жағдайларда жазушы еңбектерінің толық бағаланбағанын, тіпті белгілі бір кезеңдерде цензуралық немесе әкімшілік қысымға ұшыраған жағдайларын да мысалға келтірді.

Осы орайда, Ғалым Қалибекұлы да жазушының мемлекеттік сыйлықты алу жолындағы ұзақ әрі күрделі үдерісін атап өтіп, оның 7 жыл бойы марапатқа қол жеткізе алмағанын жеткізді.

«80 жылдығының өзі біраз жұпынылау өтті. Өйткені ол кезде елеусіздеу болып қалды. Бірақ Қабдеш Жұмаділовті кім жоққа шығара алады?! Өзі айтатын: «Мен банкрот болмаған жазушымын» деп. Бұл рас та. Ол шынымен де – шығармалары ең көп оқылатын, оқырманы ең көп жазушы» – дейді спикер.

Филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы Қабдеш Жұмаділовтің әдеби мұрасын тарихи-мәдени контексте қарастырды. Оның пікірінше, жазушы – уақыт өте келе шығармалары ұмытылып кететін авторлардың қатарынан емес, керісінше, классикалық әдебиет деңгейіне көтерілген тұлға. Ол кеңестік кезеңдегі әдеби ортаны еске ала отырып, ол кезде әдебиетке деген қызығушылық жоғары,  жазушылардың беделі зор болғанын әңгімеледі.

Белгілі сыншы Әмірхан Меңдеке Қабдеш Жұмаділов шығармашылығын әдеби-теориялық тұрғыда талдай отырып, жазушы мұрасын ғылыми айналымға толық енгізу қажеттігін баса айтты. Ол қаламгерге қатысты айтылған «көшіру» немесе «рушылдық» сияқты сындардың ғылыми негізсіз екенін дәлелдеп, оны әдебиеттанудағы «деталь қайталануы» сияқты көркемдік тәсілдермен түсіндірді. Сонымен қатар, «Дарабоз», «Соңғы көш», «Тағдыр» романдарын қазақ әдебиетінің классикалық туындылары ретінде бағалап, оларды терең ғылыми зерттеу объектісіне айналдыру мәселесін қозғады.

«Көп адам Қабеңді «рушыл» деп ойлайтын. Бірақ ол рушыл емес еді. «Ру деген – адамның паспорты. Әке-шешеңді білген сияқты, руыңды да білуің керек, онсыз болмайды» дейтін. Яғни ол руды ұлттық болмысты танудың бір бөлігі ретінде қарастыратын. Мен өз көзіммен көрдім: Тұрсынбек Кәкішевке: «Сіз қазақтың Тұрсынбегі едіңіз. Соңғы кезде Керейдің Кәкішеві болып бара жатырсыз» дегенін. Неге олай айтты?! Әдебиеттің, тарихтың мүддесі үшін айтты. Өйткені әлдебір Керейлер жаман-жәутік бірдеңелер жазады екен де, «қорғаймыз» деп, соған Кәкішевке алғысөз жазғызып алады екен. Қабең қаншама аллегориялық әңгімелер жазды! Оны ешкім әлі талдаған жоқ. Ал Абылай хан, Оспан батыр, Қажығұмар Шабданұлы туралы мақалалары – тұтас энциклопедия! Қаракерей Қабанбай туралы да Қабеңнен асырып әлі ешкім айта алған жоқ, – дейді Әмірхан Меңдеке.

Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиетіндегі орнын ерекше атап өте келе, Әмірхан Меңдеке: «Мұндай ұлы тұлғаның орнын ешкім толтыра алмайды, тек артында қалған асыл мұрасы ғана сол орынды белгілі бір деңгейде толықтыра алады. Сондықтан жазушының шығармашылық мұрасын жан-жақты талдап, ғылыми тұрғыда бағалау – бүгінгі ұрпақтың міндеті», – деген пікірін алға тартты.

«Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы, танымал ақын Бауыржан Жақып өз сөзінде жазушы мұрасының насихатталуына тоқталды. Оның айтуынша, Ұлттық кітапхана мен Жазушылар одағы тарапынан ұйымдастырылып жатқан шаралар Қабдеш Жұмаділов шығармашылығын кеңінен танытуға бағытталған. Сонымен қатар жазушының аманаты орындалып, бір жағы Алматы мен Алакөлге, бір жағы Семей, Өскеменге апаратын тоғыз жолдың торабына жерленуі және ол жердің рухани-мәдени орталыққа айналуы оның тұлғалық биіктігін айқындайды.

Сөзінің соңында Бауыржан Жақып жазушының биік тұлғасы, қазақ әдебиетіндегі орны, халық жүрегіндегі мәңгілік бейнесі терең сезіммен суреттелетін өлеңін оқыды.

Қорыта айтқанда, дарабоз жазушы Қабдеш Жұмаділовті еске алу кеші тек кезекті шара емес, қазақ әдебиетінің даму үрдісін, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын ғылыми тұрғыда қайта бағалауға мүмкіндік берген маңызды мәдени-рухани оқиға болды.

Жиында айтылған ой-пікірлер жазушының ұлттық әдебиет тарихындағы орны айрықша екенін, шығармалары классикалық деңгейге көтерілгенін және болашақта терең академиялық зерттеуді қажет ететінін нақты көрсетті.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Телеграм арнаға жазылыңыз
#жазушы
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматыда 15–16 сәуір мерзімі өткен дәрілерді жинау бойынша экоакция өтеді

Бүгін 18:49

Тоқаев Петер Мадьярды жеңіске жетуімен құттықтады

Бүгін 18:07

Алматыда 300 мың шаршы метрден астам жол таңбасы сызылады

Бүгін 17:59

Ең төменгі жалақы 150 мың теңге бола ма?

Бүгін 17:54

Алматы зообағында «Қызыл кітапқа» енген қонжықтар дүниеге келді

Бүгін 16:42
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика