Апта соңында медицина қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Бұл – тек дәрігерлер мен мейірбикелерге ғана емес, сондай-ақ адамның өмірін жақсартуға үлес қосып жүрген барлық медицина мамандарына деген алғыс білдіру күні. Біз ақ халат киген жандарды жалпы бір бейнеде елестеткенімізбен, бұл салада біз білмейтін, тіпті естімеген мамандықтар бар. Олар – адам денсаулығына тек физикалық тұрғыдан емес, рухани, психологиялық, технологиялық және этикалық жағынан да жауап беретін ерекше мамандар.
Мерекеге орай назарларыңызға кең таралмаған, бірақ маңызы зор медицинадағы ерекше бес мамандықты ұсынамыз.
1. Ғарыш психологы – аспан әлемін зерттейтіндердің жан тыныштығын бақылайды
Ғарышкерлер – жер бетінен алшақтап, оқшауланған ортада айлап, жылдап өмір сүретін жандар. Мұндай жағдайда олардың психологиялық жағдайын бақылау – өте маңызды міндет.
Ғарыш психологының жұмысы – бала кезбен байланысты сезімдермен жұмыс істеп, сол кезде алынған жарақатты зерттеу ғана емес. Ол ғарышкер болуға үміткерлердің психикалық төзімділігін бағалайды, арнайы тесттер әзірлейді, командалық үйлесімділікті анықтайды және ұшу барысында қолдау көрсететін бағдарламалар жасайды. Бұл маман ұшу алдындағы іріктеу мен ұшу кезіндегі психологиялық тұрақтылықтың кепілі деуге болады.
2. Биоэтик – ғылым мен адамгершілік арасындағы шекараны қорғайды
Биоэтик – қазіргі заман биомедицинасында туындайтын этикалық және заңдық мәселелерді зерттейтін жаңа мамандық. Бұл сала тек 2020 жылдан бастап дами бастады.
Мысалы, ағзаларды клондау, эмбрион генін өзгерту немесе жасанды ұрық жасау кезінде биоэтик маман ғылыми жаңалықтар заң мен адамгершілікке қайшы келмейтіндей реттеп отырады. Бүгінде бұл мамандыққа әлемнің жетекші медициналық университеттерінде арнайы оқыта бастады, соның бірі – Йель университеті.
3. IT-медицина қызметкері – технология мен медицинаның тоғысқан тұсы
Цифрландыру дәуірінде медицина мен ІТ саласының бірігуі – заңды құбылыс. IT-медицина маманы – емдеу ісін жақсы білетін, бірақ басты міндеті медициналық құрылғыларға арналған бағдарламалар әзірлеп, диагностикалық жүйелерді автоматтандырып, деректерді өңдейтін мамандар.
Бұл мамандықты меңгеру үшін әуелі медицина бойынша базалық білім алып, кейін биоинформатика, қоғамдық денсаулық немесе медициналық инженерия бағытында білімін тереңдету қажет.
4. Неонатолог – өмірдің алғашқы сәтінен бастап қамқорлық жасайтын маман
Неонатология – нәресте дүниеге келген сәттен бастап, оның алғашқы күндері мен апталарында күтім мен емдеу жасайтын медицина саласы. Бұл мамандар шала туған, әлсіз немесе ауру нәрестелердің өмірі үшін күреседі.
Ал неонаталды реаниматологтар – босану кезінде туындаған асқынуларға қарсы шұғыл көмек көрсететін жоғары дайындықтағы дәрігерлер. Олардың біліктілігі мен шапшаңдығы мыңдаған сәбидің өмірін сақтап қалады.
5. Телемедицина дәрігері – қашықтан кеңес беретін заманауи маман
Пандемиядан кейін кең тараған мамандықтардың бірі – телемедицина дәрігері. Бұл дәрігерлер науқастармен онлайн байланыс орнатып, олардың шағымына байланысты кеңес береді, алғашқы ұсынымдарын ұсынады.
Толыққанды емдеуге бағытталмағанымен, уақыт пен қашықтықты үнемдеудің тиімді жолы ретінде сұранысқа ие. Бұл мамандыққа ие болу үшін базалық медициналық біліммен қатар, қарым-қатынас машықтары, жазбаша сауаттылық пен эмоционалды тұрақтылық маңызды.
Медицина – тек емдеу ғана емес. Ол – ғылым, технология, этика мен психологияның тоғысқан кеңістігі. Бүгінде ақ халаттылардың қатарына тек хирург пен терапевт қана емес, жоғарыда аталған секілді ерекше сала мамандары да кіреді. Олардың бәрі де – адам өмірінің қауіпсіздігі мен саулығы үшін қызмет ететін көзге көрінбейтін қаһармандар.