Өткен жылдың қорытындысы бойынша ана өлімі үш есе төмендеген.
Былтыр 407 мың жүкті әйел бақылауда болды, 412 мың бала дүниеге келген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің қатысуымен Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник мемлекет басшысының ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелері жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы баяндама жасады.
Негізгі көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, кадр тапшылығы, материалдық-техникалық жарақтандыру, инфрақұрылымның тозуы басты проблема күйінде қалып отыр. Бұл медициналық көмек көрсету сапасына тікелей әсер етеді.
Әйелдер мен балаларға білікті медициналық көмек көрсету үшін елде 5 мыңнан аса МСАК объектісі, 240 перзентхана, оның ішінде 39 перинаталдық орталық, 23 балалар ауруханасы және 4 республикалық клиника жұмыс істейді.
Вице-министрдің айтуынша, перзентхана деңгейінде акушер-гинекологтармен жұмыс істеу 45%-дан 80%-ға дейін өзгереді. Осы бағыттағы кадр тапшылығына қатысты бүгінде елімізде 275 акушер-гинеколог, 323 анестезиолог-реаниматолог, 100 неонатолог жетіспейді. Балалар стационарларында 200 педиатр, 340 анестезиолог-реаниматолог тапшылығы байқалады.
СҚО-да неонатологтардың, Атырау облысында педиатрлардың, Түркістан облысында балалар анестезиолог-реаниматологтарының тапшылығы ерекше назар аудартады.
Кадрлық қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында министрлік 2022 жылы «Акушер және гинекология» мамандығы бойынша резидентураның 108 білім беру грантына, «Педиатрия», «Неонатология», «Балалар хирургиясы», «Балалар онкогематологиясы» мамандықтары бойынша 292 грантқа мемлекеттік тапсырыс бөлді. Өңірлерге 290 жас түлек, оның ішінде 198 балалар дәрігері, 92 акушер-гинеколог бөлінді.
Вячеслав Дудник балалар өліміне әсер ететін факторлардың қатарында патронаттық бақылаудың тиімділігін атады.
«Ел бойынша балаларды әмбебап патронаждық пакетпен қамту 86%-ды құрайды. Олардың тек 17%-ы прогрессивті бақылауға жатады. Бұл жүргізілетін патронаждар сапасының төмендігін көрсетеді. Халықаралық талаптарға сәйкес прогрессивті пакеттегі балалар саны кемінде 30%-ды құрауы тиіс», - деп атап өтті вице-министр.
Осылайша, дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есе өсті. Ал нәресте өлімі 1,7 есе, балалар өлімі 1,6 есе төмендеді. Неонаталдық хирургияның және осы технологиялардың өңірлерге трансфертінің дамуымен туабітті ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 86%-ды құрады.
Инфрақұрылымның тозуын және перзентханалар мен балалар стационарларының техникалық жабдықталуының жеткіліксіздігін ескере отырып, 2023 жылы мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық стандарттар бойынша 11 перинаталдық орталық салу мәселесі пысықталып жатыр.