2026 жылғы 25 шілдеден бастап Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы келісім ресми түрде күшіне енді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Аталған келісімге Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында қол қойылған.
Келісімге сәйкес, БАӘ аумағында уақытша жүрген Қазақстан азаматтары елдің қолданыстағы заңнамасына сай қазақстандық жүргізуші куәлігін пайдалана алады.
Ал БАӘ-ге тұрақты тұруға көшкен қазақстандықтар «B» санаты (жеңіл автомобильдер) мен «B1» кіші санаты (үш дөңгелекті көлік құралдары және квадроциклдер) бойынша жүргізуші куәлігін жергілікті куәлікке теориялық және практикалық емтихан тапсырмай-ақ айырбастау мүмкіндігіне ие болады.
Мұндай жеңілдетілген тәртіп Қазақстанға тұрақты тұруға келген Біріккен Араб Әмірліктерінің азаматтарына да қолданылады. Олар да өз елінде берілген жүргізуші куәлігін қосымша емтихансыз қазақстандық үлгідегі куәлікке айырбастай алады.
Жаңа келісім екі ел арасындағы азаматтардың жүріп-тұруын жеңілдетіп, жүргізуші куәліктерін рәсімдеу рәсімін оңайлатуға бағытталған.