Алматы Көлік және коммуникациялар колледжі (АКТК) өзінің 95 жылдығына орай медиахолдинг Alatau Aqparat медиахолдингі командасын шақырып, үстел теннисінен «Алтын ракетка» турнирін ұйымдастырды.
Жарысқа колледж оқытушылары мен журналистер қатысты. Alatau Aqparat медиахолдингі командасын бас директоры Ержан Қалымбайұлы бастап барды.
Медиахолдинг өкілдерін колледжде ерекше құрметпен қарсы алды.
- Президент биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны белгілі. Осы тұрғыда сіздердің колледждеріңіз жұмысшы мамандарды дайындауда өлшеусіз үлес қосуда. Соңғы жылдары әлемдік деңгейде өтіп жатқан Word skills кәсіпқойлар чемпионатында колледж жоғары нәтижелерге қол жеткізді, бұл сіздердің оқу орындарыңыз үшін лайықты баға деп білеміз. Колледждің 100 жылдығында одан да жоғары жетістіктерге жетулеріңізді тілейміз, - деді турнир алдында сөз алған медиахолдинг басшысы.
Жекелей сында әр кездесу тартысты өтті. «Вечерний Алматы» газетінің бас редактор орынбасары Асыл Сагимбеков колледж директорының орынбасары Жақсылық Жұрыновты ұтты.

Almaty Aqshamy басылымының бас редактор орынбасары Есхат Божан колледждің өндірістік оқыту шебері Мәлік Елдоспен, сондай-ақ «Вечерний Алматы» ақпарат бөлімінің редакторы Расул Бахамов дене тәрбиесі оқу орнының оқытушысы Сырым Рақышевпен тең дәрежеде ойнады, дегенмен, колледж теннисшілері басым түсті.

Әйелдер арасындағы ойын ерекше қызықты өтті. «Вечерний Алматы» газетінің жауапты хатшысы Ирина Тулинова мен әлеуметтік педагог Диана Нұрқали арасындағы кездесу ұзаққа созылып, кейбір партиялар 20 ұпайға дейін жалғасты. Бұл кездесуде Ирина Тулинова қарсыласынан басым түсті.

Турнирдің ең тартысты кездесуі Ержан Қалымбайұлы мен АКТК директоры Ербол Мағазов арасында өтті. Екі ойыншы да жоғары деңгейдегі шеберліктерін көрсетіп, жақсы ойын үшін матч соңында бір-бірімен қол алысты.

Турнирдің ең техникалық шебері болып Жәнібек Қансарбаев танылды.
Жұптық кездесулерде Almaty Aqshamy журналисі Ернұр Рыспай мен медиахолдингтің коммерциялық директоры Қуаныш Дюскалиев колледждің өндірістік оқыту шеберлері Арыстанбек Күзембаев пен Мәлік Елдосқа қарсы ойнады.

Жарыс нәтижесі
Жалпыкомандалық есепте АККК құрамасы жеңіске жетті, алайда турнирдің басты мақсаты – достық пен ынтымақтастық болды. Қатысушылар бір-біріне алғыс айтып, таза әрі әділ ойын өрнегін көрсеткендерін атап өтті. Жарыс соңында командалар грамоталар мен жүлделермен марапатталды.
Колледждің тарихы мен маңызы
Жарысты қорытындылаған Ербол Мағазов колледждің 95 жылдық тарихына тоқталып, оқу орнының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін атап өтті.
• 1930 жылы Түрксіб құрылысы кезінде теміржол мамандарына сұраныс артып, колледждің негізі қаланды.
• Бүгінде оқу орны 65 мыңнан астам білікті маман даярлап, олардың көпшілігі мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда жоғары қызметтерде жұмыс істеуде.
• Колледж заманауи техникалық базамен жабдықталған және құрылыс, жөндеу, тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалысты басқару бойынша мамандар даярлайды.
Турнир Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтті. Alatau Aqparat пен колледж бірнеше жылдан бері ынтымақтастық орнатып, спорттық жарыстар ұйымдастырып келеді.
Бұл жарыс колледждің 100 жылдық мерейтойына дейін жаңа жетістіктерге жету жолындағы тағы бір маңызды қадам болды.