Әуезов ауданындағы Мамыр-3 және Мамыр-4 шағынаудандарында, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматының Әуезов ауданында қала инфрақұрылымын жаңарту және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Осы бағытта Мамыр-3 және Мамыр-4 шағынаудандарындағы жүргіншілер аймағы күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындардың серуендеуіне және демалуына арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналды.
Жоба аясында жалпы аумағы 3,6 гектар жер көркейтілді. 6,5 мың шаршы метр жүргінші жолы жаңартылып, 13,2 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселді. Тұрғындардың күнделікті жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалып, жүргіншілерге арналған инфрақұрылым жақсарды.
Көгалдандыру жұмыстарына да баса мән берілді. 3 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 850-ден астам ағаш пен бұта егілді. Бұл жұмыстар шағынаудандардың экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындардың таза ауада демалуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жаңартылған аумақта балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары қамтылған 12 аймақ көркейтілді. Тұрғындардың жайлылығы үшін 78 орындық пен қоқыс жәшігі орнатылды.
Қоғамдық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 137 жарықтандыру тірегі қойылды. Енді тұрғындар бұл аумақта кешкі уақытта да емін-еркін серуендеп, демала алады.
Жаңартылған кеңістік әр жастағы тұрғындардың қажеттілігін ескере отырып жабдықталған. Мұнда балалар ойнап, жастар спортпен шұғылдана алады. Сондай-ақ егде жастағы адамдардың тынығуына және отбасылардың бірге уақыт өткізуіне барлық жағдай қарастырылған.
Бұл жұмыстар Әуезов ауданындағы қоғамдық кеңістіктерді жаңарту, жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы кешенді шаралардың бір бөлігі.