Мемлекеттік мектептердің жанынан ашылған жылыжайда оқушылар теориялық білімін тәжірибемен байытуда.
Шағын жылыжайда қияр, бұрыш, қызылша, аскөк сынды көкөністерді оқушылардың өздері баптайды. Жемісін жинап, жәрмеңке жасап тұрады екен. Жылыжайдан түскен қаражат қайырымдылыққа аударылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Осы бастамаға негіз болған «Жасыл мектеп» жобасы осыдан үш жыл бұрын қолға алынған.
Алматы қаласының 16 мектебінде дәл осындай жылыжай жұмыс істейді. 2021 жылы қолданысқа берілген жылыжайлардың іші толықтай автоматтандырылған. Яғни, жылу, тамшылатып суару, ультра күлгін сәуле барлығы автоматты түрде жұмыс істейді. Мұндағы оқушылар тек қана көкөністерді баптап, бақылаумен ғана айналысады.
Мұнда оқушылар тәжірибелік сабақ өткізіп, экология, биология пәндерінде алған теориялық білімін жетілдіреді. Ұстаздардың айтуынша, бақшаны баптап, көкөністі өсірудің қыр-сырын меңгерген оқушылар ертең экология жанашыры болып өседі.
«Әрбір сабақта біз жылыжайға келіп, бұл жақта өсімдіктердің қалай өсетінін, оларды қалай өсіру керек, қанша мм су құю керек екенін білдім. Олардың арам шөптерін қалай жұлу керек екенін, қалай өсіру керек екенін, оларға қандай қауіпсіздіктер керек екенін, температурасы қанша болу керек екенін білдім», - дейді 6-сынып оқушысы Шапағат Темірбек.
Оқушылар өсірген көкөністер мектеп асханасында да пайдаланылады. Мұнда өскен қияр, қызылшаның, бұрыш пен қызанақтың сапасы өте жоғары. Оқушылар көлемі 60 шаршы метр жерден тонналап өнім алмаса да, жылыжай өндірісінің әліппесін үйреніп шығады. Болашақта агробизнеспен айналысып жатса, мұнда алған білімдерінің кәдеге жарайтыны сөзсіз. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушылары дәстүрлі көкөністерден басқа өсімдіктерді жерсіндіру, будандастыру әдістерін де іске асырады екен.
«Біз эсперимент ретінде әр жылы өзіміздің мектебіміздің айналасын көгалдандыру аясында ... ақпан айларында әртүрлі гүлдердің түрлерін отырғызамыз және сол арқылы көгалдандырамыз. Биылғы бір қызық жағдай, біз бірінші рет Қытай қызыл раушанын отырғызып көрмекшіміз», - дейді №201 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі Олжас Серікбаев.
Одан бөлек жылыжай жұмысын бастаған екі жылда оқушылар үш рет мол өнім алған. Соның арқасында көкөністер жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты. Сатылымнан түскен қаражат әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек ретінде үлестірілген.