№7 ҚКА дәрігерлері бірегей операция жасап, ұйқы безі ауруының ауыр асқынуы – панкреонекрозы (өлген) бар 45 жастағы науқастың өмірін сақтап қалды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Әйел бұған дейін ұйқы безінің қатты қабынуы – жіті деструктивті панкреатитпен ауырған. Уақыт өте келе ұйқы безінің жалған жылауығы – сұйықтыққа толы қуыс пайда болған. Жағдайы ағзада пайда болған іріңнен нашарлап, дене қызуы көтерілген, ауруы асқынып, әлсіздік күйге түскен. Қуыстың көлемі шамамен 15 сантиметрге дейін ұлғайған. Бұл өте ауыр және қауіпті жағдай.
№7 ҚКА-ның жетекші мамандарының, білікті хирургтар мен эндоскопистердің қатысуымен консилиум өткізілді. Оған аурухана директоры, профессор Манас Рамазанов, директордың медициналық бөлім (хирургия) жөніндегі орынбасары Қамбар Байжігітов, №2 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Мұса Сахипов, эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Аян Байжанов, №1 хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Талғат Байтұрғанов пен хирург Сәкен Бәйімбетов қатысты. Консилиумда пациентті емдеу тәсілі мен алдағы операция жоспары талқыланды.
Дәрігерлердің алдында күрделі таңдау тұрды: дәстүрлі кесінділермен ашық операция жасау немесе заманауи құрылғыларды пайдаланып аз инвазивті әдісті қолдану.
Пациенттің клиникалық ахуалы, КТ деректерін және жалған жылауықтың инфекциялық белгілерін ескере отырып, аз инвазивті араласуды, яғни эндоскопиялық цистогастростомияны қолдану туралы шешім қабылданды.
Операция кезінде арнайы иілгіш құрал – эндоскоп пайдаланылды. Ол ішке ауыз арқылы енгізілді. Жабдықтардың бақылауымен олар асқазан мен жылауық қуысының арасында шағын «арна» жасады. Бұл арна арқылы іші қуыс жіңішке құбыр (стент) салынды. Соның арқасында жылауықтың сұйықтығы асқазанға қауіпсіз ағып, кейін ағзадан табиғи жолмен шығып кетті.
Мұндай әдiстiң басты артықшылығы – тері жамылғысында тілік жасалмауында. Бұл асқыну қаупін едәуір төмендетеді, ауырсынуды азайтады және пациенттің тезірек оңалып қалпына келуіне мүмкіндік береді. Алайда, бұл жағдайда операция ерекше дәлдікті талап етті: жалған жылауық көлемі жағынан өте үлкен болып өскен, жұқпалы және ағзаның маңызды мүшелеріне жақын орналасқан.
«Операциядан кейін науқастың жағдайы тез жақсара бастады: дене қызуы түсті, ауырсыну белгілері азайды, жалпы көңіл-күйі тұрақтанды. Көп ұзамай жақсы көрсеткіштерімен үйіне шығарылды», – деді Талғат Мұхитұлы.
Бұл жағдайдың аурухана үшін маңызды жетістік, дәрігерлер үшін үлкен тәжірибе болғанын ерекше атап өту керек. Өйткені мұндай операция мұнда алғаш рет жасалды. Бұл дәрігерлердің кәсіби шеберлігін және қаладағы заманауи медициналық технологиялардың дамуын көрсетеді.