ffin.kz

Алматыға Никулин циркі келді

Алматыға Никулин циркі келді Суреттерді түсірген - К.Қонысбаев

Алматы циркінде жаңа қойылым болады дегенді ести сала, балаларын жетектеген ата-ана Абай даңғылындағы цирк ғимаратына ағылады. Өйткені, цирк – баланы да, тіпті ересек адамды да баурап алатын, қиял әлеміне самғататын  сахна өнерінің ең тартымдысы. Бұл жолы шаһарымызға Ресейден аты аңызға айналған Юрий Никулиннің циркі келді.


Биыл Юрий Владимирович Никулиннің 100 жылдығы. Ол – миллиондаған адамның кумиріне айналған ұлы актер, кішкентай көрермендердің жүрегін жаулаған ең танымал күлдіргі клоун.



Белгілі цирк және кино актері Юрий Никулин өмірін өнерге арнаған жан. Ол 1949 жылдан бастап Мәскеу циркінде Михаил Шуйдинмен дуэт болып клоунада жанрында қызмет етті. Актердің жары Татьяна Никулина да - цирк актрисасы. 1983 жылдан бастап Никулин «Цветной бульвардағы» Мәскеу циркінің директоры болып тағайындалды. Сонау 1880 жылы негізі қаланған  «Цветной бульвардағы» Мәскеу циркіне 1996 жылдың желтоқсанында актердің 75 жылдық мерейтойына орай Никулиннің есімі берілді. Актер өмірден өткен соң, циркті баласы Максим Никулин басқарды. Цирк күні бүгінге дейін көрерменнің көңілін көтеріп, көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді.




Никулин циркінің дарынды артистерінің ғажап өнерінің арқасында бұл ұжым әлемнің ең қызық деген цирктерінің қатарына енген.  Іргетасы қаланған сәттен-ақ мұнда келген көрермен үйдегідей жайлылық пен жылылықты сезінеді. Өнер ордасының көптеген сахналық номерлері театрландырылған шоуға негізделеді және цирк бағдарламасының сан алуандығымен ерекшеленеді.



Алматыдағы цирк қойлымында Никулин циркінің белгілі актері, сайқымазақ Артак Арутюнян баласы Никитамен бірге манежге шыға салысымен, көрермендерді күлкіге қарық қылды. Артакты жұрт «Мереке-адам» деп текке атамаса керек. Ол өзінің тартымды қылығымен, әдемі қимылдарымен, күлкілі әрекеттерімен көпшілікті тәнті етті. Әкесі мен баласы залдағы көрермендерді де сахнаға шығарып, керемет шоу жасап, естен кетпес көңіл-күй сыйлады.



Цирктегі акробаттар мен әуе гимнастарының өнеріне таңқалмасқа шара жоқ. Атақты гимнаст Анастасия Демидова әлемде ешкім қайталай алмайтын трюктерді еш сақтандырусыз орындағанда, деміңді ішке тартып тамашалайсың. Ол өзінің 15 жасында Монте-Карлодағы цирк артистері фестивалінде күміс жүлдегер атанған.


Кәсіби жонглер Кристина Гуктың сақиналарды қолынан түсірмей айналдыру шеберлігі, икемділігі керемет. Оның еш тіреусіз тұрған сатыға шығып өнер көрсетуі үлкенді де, кішіні де таң-тамаша қалдырды.


Ольга Геворкянның артистік шоуы да өзінше ғажап. Ол цирк трюктарын көркем хореография және әсем музыканың сүйемелдеуімен орындайды. Ал Свежовтар дуэтінің  шеберлігі өнердің шыңы дерсіз. Олар әуеде сақтандырусыз көркем трюктар жасайды. Артистердің физика заңдылығын бұзатын көріністерін тамашалағанда ертегідегі көк әлеміне саяхат жасағандай әсер аласыз. Сондай-ақ, Руслан Файзулиннің «Батылдық дөңгелегі» атты таңғажайып шоуындағы экстремалды трюктерді көргенде, адамның мүмкіндіктерінде шек жоқтығына көз жеткізе түсесіз.  Цирк артистерінің бойындағы қайсарлық пен батылдыққа көрермен бас иеді. Өйткені, олардың адамға сыйлайтын эмоциясын, әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қауіпті, бірақ ғажап өнердің тарландары халықтың «браво» деген қиқуынан қуат алады.



Цирк жануарларсыз қызық бола ма? Никулин циркінде мың бұралған гимнастардан, икемді акробаттар мен жонглерлардан, бишілерден бөлек, қоңыр аюлардың өнері балалар үшін өте қызық көрініс болды. Есімдері көпшілікке танымал  аю жаттықтырушылары Кудрявцевтердің шәкірттері тамаша өнер көрсетті. Қоңыр аюлар сахнада доп ойнап, сақина айналдырды, ең қызығы, олар велосипедті, тіпті көлікті керемет жүргізеді екен. Қорбаңдаған сүйкімді артистер көрермендердің қошеметіне бөленді.




АЛДИЯР, 10 жастағы көрермен:


– Маған цирк қатты ұнады. Әсіресе, әуе акробаттарының трюктарына қызықтым. Олар арқанмен жоғары қарай жүргенде құлап кететін секілді, сондай қорқынышты. Бірақ олар өздерін еркін ұстайды. Цирк артистері батыр екен.


ЛЕНА, 7 жастағы көрермен:


–  Мен Настя Демидова секілді гимнаст болғым келеді. Ол өте әдемі қыз. Оның әуеде қалықтап билегені өзіне сондай жарасады. Настя менің ұстазым болса ғой деп армандаймын. Циркке үнемі келгім келіп тұрады.


АРДАҚ, көрермен:


- Юрий Никулиннің фильмдерін бала кезімізден көріп өстік қой, ғажап актер. Алматыға Никулин циркі келетінін біле салысымен, 3 баламды циркке алып келдім. Балаларыма қойылым ұнады, олар 2 сағат бойы тапжылмай көрді. Жазғы демалыс кезінде атақты цирктің қаламызға келгеніне қуаныштымын. Циркті тамашалаған бала актерлердің өнері мен еңбегін көзбен көріп, бағалайды, қызығады. Олардың таным-түсініктері кеңейеді деп ойлаймын.  


Никулин циркінде кезінде актер ойнаған комедиялық фильмдердің саунд-трегі қосылған кезде, әсіресе ересектер қауымы балалық шағына оралғандай әдемі әсерде болды. Өнерді сүйетін көрермен барда актердің есімі өшпейді, цирк өнері өлмейді.




* Қалалықтар қаперіне!


Алматыда Никулин циркінің мерейтойлық қойылымы 16 шілде мен 21 тамыз аралығында өтеді.


Билет бағасы – 3000 теңгеден 6000 теңгеге дейін.  


4 жасқа дейінгі балаларға тегін, бірақ бөлек орын берілмейді.


Цирк шоуының ұзақтығы – 2 сағат.



             Циркте кездескенше!


 


Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04