Бүгінде ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған әскери мамандықтарға жастардың қызығушылығы артып келеді.
Әсіресе, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының беделді оқу орны – Ұлттық ұлан академиясы болашақ офицер болуды мақсат еткен жастар үшін үлкен өмірге бастар маңызды қадам саналады. Елдің түкпір-түкпірінен келген талапкерлер осы оқу ордасын таңдап, әскери қызметтің жауапты әрі абыройлы жолын таңдады, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Солардың бірі – Алматы қаласы Бостандық ауданының тумасы Абдиманатов Нартай Исатайұлы. Оның әскери қызметке деген қызығушылығы бала кезінен бастау алады. Спортты серік еткен жас курсант волейболмен айналысып, төзімділік пен тәртіпке, еңбекқорлық пен табандылыққа ерте үйренді. Дәл осы қасиеттер кейін оның елге қызмет етемін деген өмірлік шешім қабылдауына негіз болды.
Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ Нартайдың арманы айқындала түсті. 11-сыныпта оқып жүрген кезінде оқу орнына келген әскери қызметшілер Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы, курсанттардың күнделікті өмірі мен әскери қызметтің маңызы туралы кеңінен әңгімелеп берген. Әскерилердің салмақты сөзі, тәртіпке негізделген өмірі мен офицерлік абырой жас талапкерге ерекше әсер қалдырып, оның болашақ мамандығын таңдауда шешуші рөл атқарды.
Мектепті тәмамдаған соң Нартай Ұлттық бірыңғай тестілеуден 60-тан жоғары балл жинап, өз мақсатына бір қадам жақындай түсті. Ол жергілікті әскери бөлім арқылы Ұлттық ұлан академиясына түсуге жолдама алып, іріктеу кезеңдеріне қатысады. Белгілі болғандай, академияға түсу оңай емес: әрбір талапкер медициналық тексерістен, психологиялық іріктеуден және дене шынықтыру нормативтерінен сәтті өтуі тиіс.
Нартай үш кезеңнен тұратын барлық сынақтан сүрінбей өтіп, Ұлттық ұлан академиясының курсанты атанды. Осылайша, ол болашақ офицер болу жолындағы алғашқы нақты қадамын жасады.
Қазіргі таңда Нартай 1-курс курсанты ретінде оқу мен әскери дайындықты қатар алып жүр. Ол өзін оқу үдерісінде де, тәртіп пен жауапкершілік тұрғысынан да жақсы қырынан көрсетіп келеді. Сонымен қатар, спорттық қабілеттерін шыңдап, академия өміріне белсене араласуда. Әскери тәртіпті, ұжымдық рух пен бірлікті жоғары қоятын жас курсант қатарластарына үлгі бола білуде.
Болашақ офицер үшін әр күн – үлкен өмір сабағы. Нартай Абдиманатов осы жолда білімін тереңдетіп, әскери қызметке тән қасиеттерін шыңдауда. Ол үшін Ұлттық ұлан академиясы – тек білім ордасы ғана емес, елге адал қызмет етудің алғашқы баспалдағы.
Бұл жол жеңіл емес. Алайда табандылық пен отаншылдық қасиет бар жерде, Нартай сынды жастар ел сенімін ақтап, тәуелсіз Қазақстанның қорғаны боларына сенім мол.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясы туралы толығырақ ақпаратты ресми сайт арқылы алуға болады.
https://www.ang.edu.kz/rus/