Еліміз биыл алғаш рет әлемдегі ең ерекше мәдени фестивальдердің бірі – Burning Man-ге қатысты. АҚШ-тың Невада штатында, Блэк-Рок шөлінде бой көтерген уақытша қалашықта қазақтың дәстүрлі киіз үйі мыңдаған шетелдіктің назарын аударып, төзімділік пен қонақжайлықтың символына айналды. Бұл туралы аталмыш фестивальге ел атынан қазық тіккен Сабина Омар әңгімелеп берді. Толығырақ Аqshamnews.kz тілшісінің материалында.
Шөлдаладағы қазақ шаңырағы
Burning Man – еркіндік пен шығармашылықтың мекені. Ол әдетте тамыздың соңғы аптасы мен қыркүйектің алғашқы күндерінде өтеді.
сурет: Black Rock City, 2016 жыл
Фестивальдің атауы "Отқа жағылған Адам" ("Burning Man") – соңғы күні шөлдің ортасында орнатылған алып ағаш мүсінді өртеу дәстүрінен шыққан. Бұл – фестивальдің басты символы. Алғаш рет 1986 жылы Сан-Францисконың жағалауында шағын топ достардың ағаш мүсінді өртеу рәсімінен басталған. Кейінірек жоба кеңейіп, Невада шөлінде тұрақты түрде өткізіле бастады. Қазір Burning Man – әлемдік деңгейдегі мәдени құбылысқа айналып отыр. Биыл фестивальге 80 мың адам қатысқан.
сурет: rhythm.travel
Жыл сайын мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнерпаздар, инженерлер, музыканттар мен шығармашыл жандар шөлдің ортасында бір аптаға созылатын "Black Rock City" атты қала салады. Онда мыңдаған лагерьлер, арт-нысандар, перфоманстар ұйымдастырылады. Олар өздерінің мәдениетінің бір бөлшегін жұртқа ұсынуға тырысады. Сол қалада биыл Қазақстан алғаш рет өзінің этномәдени лагері – Tengri Camp-ті құрып, көшпелі мәдениетті киіз үй арқылы таныстырды.
сурет: instagram.com/tengri_camp
Алматылық Сабина Омар аталмыш жобаға жетекшілік еткен маман ретінде бұл жобаны өмірінің маңызды тәжірибесі ретінде бағалайтынын айтты. Ол өзінің командасымен бірге ұлттық мәдениетті барынша шетелдіктерге көрсетуге тырысып, ою-өрнектерді пайдаланып, заманауи стильді де сақтауға тырысқан. Қонақтарға палау әзірлеп, Орталық Азияның эстетикалық дәмін таттырды.
"Burning Man – бұл жай ғана фестиваль емес. Бұл – әр қатысушы өзі салып шығаратын уақытша қала. Мұнда еркіндік, шынайылық пен өзара бірлік заңдылыққа айналады. Әр адам өзінің шынайы болмысымен кездеседі", – дейді ол.
Неге "бесбармақ" емес "палау" дайындалды?
Сабина Омардың айтуынша, Burning Man – бұл тура мағынасында бір аптаға арналып шөлдің қақ ортасында нөлден салынып шыққан уақытша қала. Барлық азық-түлікті алдын ала өздерімен бірге алып барған.
"Бұл – шөл. Мұнда үнемі шаң мен жел соғып тұрады. Осындай жағдайда қамыр жаю, кеспе кесу немесе бесбармақты дәстүрлі түрде әзірлеу мүмкін емес. Ал палау – ең қолайлы шешім. Үлкен қазанда пісіріледі, процесі жеңіл әрі жүздеген шетелдікті тез тойдыруға мүмкіндік береді", – дейді ол.
Сонымен қатар, Сабина қонақтардың талғамын да ескергенін айтты:
"Жылқы етін барлық шетелдіктер жемейді. Біз үшін әр қонақ қазақтың тағамынан дәм татуы маңызды болды. Палау – әмбебап тағам. Оны барлығы түсінеді әрі қуана жейді", – деп түйіндеді ол.
Киіз үй қалай жиналған жұрттың панасына айналды?
Tengri Camp ұжымы киіз үйді Қазақстанда 2-3 ай бойы арнайы әзірлеп, дәстүрлі өрнекпен безендірді. Әрбір деталь – оюлы есіктен бастап, текемет пен тұс киізге дейін ерекше мән беріліп жасалды. Сабина Омар оны АҚШ-қа жеткізудің оңай болмағанын, алдымен көлікпен Қытайға, одан әрі пойызбен Гуанчжоуға, теңіз арқылы Лос-Анджелеске, соңында ауыр жүк көлігімен шөлге жеткізілгенін айтты. Сондай-ақ, барлық шығынды қатысушылар өздері көтерген. Сабина Омар киіз үйдің Блэк-Рокқа жеткізілуіне шамамен 15 миллион теңге кеткенін айтты.
Ал ең қызығы - фестиваль кезінде күтпеген табиғи тосын сый болды. Кейінгі онжылдықтағы ең қатты құмды дауыл соқты. Лагерьлер қирап, шатырларды жел ұшырып әкетті. Бірақ қазақтың киіз үйі міз бақпаған
"Бұл нағыз біз күтпеген сынақ болды. Бірақ ата-бабамыз салған киіз үйлер әрқашан табиғаттың қыспағына төтеп берген. Біз бүкіл команда болып дауылға қарсы керегелерді ұстап тұрдық. Киіз үйдің ішінде далада дауыл болып жатқаны мүлдем сезілмеді. Елдің бәрі біздің киіз үйге жиыла бастады. Фестивальге келген шамамен 1 500 қонақ киіз үйде болды. Шетелдіктер ерекше әсермен шығып, Қазақстанға қызығушылық танытты", – дейді Сабина Омар.
"Әр детальға мән беріп, қазақ мәдениетін барынша насихаттауға тырыстық"
Сабина Омардың айтуынша, Burning Man-дегі Tengri Camp лагері қазақ мәдениетін мүмкіндігінше толық әрі шынайы көрсетуге бағытталды.
"Біздің алдымызға қойған мақсат – әрбір деталь арқылы Қазақстанды таныту еді. Киіз үйдің ішкі безендірілуінен бастап, қонақтарға ұсынылған тағамға дейін бәрі қазақи болуын қаладық. Әр күні жүздеген шетелдік біздің лагерьге келіп, алғаш рет бауырсақ пен палаудан дәм татты. Олар үшін бұл тек жаңа дәм ғана емес, біздің қонақжайлығымыздың, дәстүріміздің көрінісі болды. Көпшілігі ерекше әсерленіп, таңданысын жасырмады", – дейді ол.
Сондай-ақ, ол атмосфераны толықтыру үшін тәңіршіл сарындағы әуендерді қосқанын атап өтті:
"Музыка да бекер таңдалған жоқ. Біз қазақтардың түпкі тамыры тәңірлік дәстүрлерін еске салғымыз келді. Әуендер қонақтарды өткенге жетелеп, мәдениетіміздің тереңдігін сезінуге мүмкіндік берді", – дейді Сабина.