Алматының Медеу ауданындағы жастар комьюнити орталығында ұлттық зияткерлік ойын – тоғызқұмалақтан тегін курстардың ашылу рәсімі өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жоба қалалық Жастар саясаты басқармасы мен «Алматы қаласы Тоғызқұмалақ Федерациясы» қоғамдық бірлестігінің бірлесуімен қолға алынған.
Бастама жастар арасында ұлттық ойынды кеңінен насихаттауға, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және Қазақстанның мәдени мұрасын сақтауға бағытталған.
Іс-шара аясында жоба ресми түрде таныстырылып, қаланың жастар комьюнити орталықтарының басшыларына тоғызқұмалақ ойын жиынтықтары табысталды. Бұл жиынтықтар алдағы уақытта Алматыдағы комьюнити орталықтарында ұйымдастырылатын тегін сабақтарда пайдаланылады.
«Алматы қаласы Тоғызқұмалақ Федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Руслан Қалиоллаев тоғызқұмалақтың қазақ халқының бірегей зияткерлік мұрасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл ойын логикалық ойлау қабілетін, стратегиялық көзқарасты және талдау дағдысын дамытуға ықпал етеді.
«Тоғызқұмалақ – жай ғана ұлттық ойын емес, ол халқымыздың мәдениеті мен зияткерлік мұрасының ажырамас бөлігі. Жастар комьюнити орталықтарында тегін курстардың ашылуы өзін-өзі дамытуға ұмтылатын әрбір жасқа осы ойынды меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл жоба ұлттық ойынды кеңінен дәріптеуде маңызды қадам болып, оған қызығушылық танытатын жастардың қатарын арттырады деп сенемін», – деді Руслан Қалиоллаев.
Федерация өкілдерінің мәліметінше, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, тоғызқұмалақты бұқаралық зияткерлік спорт түрі ретінде дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жоспарда тұрақты сабақтар, шебердің дәрістері, әуесқойлар турнирлері және жастар арасында ұлттық құндылықтар мен зияткерлік демалысты дәріптеуге бағытталған өзге де іс-шараларды өткізу көзделген.
Тегін сабақтарға Алматының барлық ниет білдірген жастары қатыса алады. Курстар қаланың жастар комьюнити орталықтарының базасында Тоғызқұмалақ федерациясының тәжірибелі нұсқаушыларының жетекшілігімен өтеді.