Мегаполис медицинасында тағы бір тың жаңалық – Алатау ауданында орналасқан №23 қалалық емхана базасында Ұлттық Primary Health Care қауымдастығының жобасы шеңберінде ашылған Үздік тәжірибелер орталығы ресми түрде жұмысын бастады.
– Бұл маңызды оқиғаны алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін нығайтатын және әлемдік деңгейдегі озық инновациялық әдістерді практикалық қызметке енгізе отырып, халыққа медициналық көмек көрсетудің жаңа тиімді моделін құруға дәнекер бола алатын үлкен қадам деп бағалаймын. Құрамында отбасылық дәрігер, патронаждық медбикелер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер бар Үздік тәжірибелер орталығының ең басты ерекшелігі – қоғамға, әлеуметке, адамға бейімделген бастапқы медициналық-санитарлық көмекті жүзеге асыру. Жаңа туған сәбиден бастап егде жастағы адамдардың денсаулығын бақылайтын, заманауи құрылғылармен жабдықталған біздің еңселі орталық төрт жоба шеңберінде жұмыс істейтін болады, – дейді №23 қалалық емхана директоры Сәуле Ахатқызы.
Төрт жобаның бірі «Тыныштық бөлмесі» деп аталады. Онда көңілі сынық, жағдайы болмай тұрған қызметкер осы бөлмеде психологқа жүгініп, моральдық жағдайын қалыпқа келтіріп алуына болады. Алдағы уақытта тек мамандарға ғана емес, емханаға келетін тұрғындарға да сондай көмектер ұсынылмақ. Отбасында немесе айналамызда болып жатқан кейбір келеңсіз оқиғалардың денсаулыққа да кері әсерін тигізетінін ескерсек, «Тыныштық бөлмесінің» пайдасы үлкен болатынына сенімдіміз.
Екінші жоба «Ерлердің ұзақ жасауы» үшін қызмет көрсетпек. «Ақылды таразы» деген үшінші жоба да оңтайлы болады деп отыр мамандар. Мәселен, дәрігер алдына келген тұрғын таразы үстінде екі минут көлемінде тұрады. Осы уақыт аралығында дәрігер оның бойындағы зат алмасу процесін мобильді қосымша арқылы бақылай отырып, нәтижелі ем-дом тағайындауға мүмкіндік алады.
Ал төртінші жобада орталық қызметкерлері сапалы алғашқы шұғыл медициналық қызмет көрсету дағдыларын үйренеді. №23 емхана жанында жеті мектеп, құқық қорғау органдары орналасқан. Сондықтан алдағы уақытта сол мекемелердегі қызметкерлер де осы жобаға қатыстырылады.
Осы орайда айта кетсек, 46 100 адам тіркелген №23 емхана бүгін ғана емес, халыққа 11 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Ондағы мамандар Ұлттық Primary Health Care қауымдастығының жобасы аясында бірнеше ай бойы оқыту курстарынан өткен болатын. Нәтижесінде қала бойынша аталған жобаның барлық талабына сәйкес келген емханаға бүгін «Үздік тәжірибелер орталығы» деген жаңа мәрбете беріліп отыр.
Республика күні қарсаңында ашылған айтулы орталықтың ашылу салтанатына Алматы қаласы мен Алатау ауданы әкімдіктерінің мамандары, ТМД елдерінен келген делегация, сондай-ақ еліміздегі үздік тәжірибелер орталықтарының қызметкерлері қатысып, жаңа да жауапты мәртебеге ие болған мамандарға сәттілік тіледі.