Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің 8 аллеясына 200 жөке ағашы отырғызылды

  • 18:14, 08 мамыр 2025
Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің 8 аллеясына 200 жөке ағашы отырғызылды Алматы қаласы әкімдігі

Жеңістің 80 жылдығына орай Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған 8 аллея ашылды

Жеңістің 80 жылдығына орай Алматы қаласының барлық сегіз ауданында бір мезгілде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жаңа аллеясы ашылды. Бұл бейбіт өмір сыйлаған батырларға деген естелік пен алғыс белгісі. Іс-шара республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы және «Алматы – біздің ортақ үйіміз» атты қалалық науқан аясында өтті.

Негізгі аллеяның ашылуы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында өтті. Бұл күні қала әкімі Ерболат Досаев соғыс ардагерлерінің туыстарымен кездесті. Қала басшысы ардагерлер мен олардың отбасына алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.

«Жеңістің 80 жылдығын Алматыда ерекше форматта өткізуді жөн көрдік: қаланың барлық ауданында бір мезгілде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аллеясы ашылды. Әр ауданның тұрғындары осы орындарды біліп, батырларымыздың рухына тағзым етуге келіп тұрса деймін. Алматыда бүгінде 21 ардагер тұрады – бұл ел бойынша ең үлкен көрсеткіш. Сонымен қатар, соңғы екі жылда өмірден озған ардагерлерді де еске аламыз. Барлығы 29 ағаш отырғызылады. Бұл аллеялар келешек ұрпақ – балалар, немерелер, шөберелер үшін батырлықтың символына айналады. Олар ата-бабаларының ерлігімен мақтанып, Ұлы Жеңістің қандай бағамен келгенін ұмытпайды», – деді Ерболат Досаев.

Қала әкімі соғыс ардагерлерінің жақындарымен бірге биіктігі 6 метрлік ірі жөке ағашын отырғызды. Бұл ағаш бекер таңдалмаған: жөке – өміршеңдіктің, мықтылықтың символы әрі күтімі жеңіл. Ағаш отырғызу алдында көгалдандыру қызметі ағаш діңдерінен тіреу қондырмаларын орнатып, тамырын суаруға жағдай жасаған. Әр ағаштың жанына Ұлы Отан соғысы ардагерінің есімі жазылған тақтайша қойылды.

Ағаш отырғызуға былтыр қазанда 100 жасқа толған ҰОС ардагері Қамбар Сәрсенов те қатысты. Қала әкімі Ерболат Досаев Қамбар Әмірұлымен және оның немерелері мен шөбересімен бірге естелік ағаш отырғызды. 

«Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Мұндай аллея үшін алғысымыз шексіз. Біздің ұрпақ осы жерге келіп, бұл ағаштарды аталары отырғызғанын еске алып жүреді», – деді Қамбар Әмірұлы.

Іс-шара көңілді жайлы жағдайда өтті. Қала әкімі әр ардагердің туысына барып, өзіне жақын тартып, ата-бабаларының ерлігі үшін алғыс білдіріп, балалармен әзілдесіп, ағаш отырғызуға және су тасуға көмектесті. Шынайылыққа толы бұл сәт ерекше еді.

Ардагерлердің туыстары да жүрекжарды алғыс білдірді. «Жөке – бұл ерекше мағыналы ағаш. Ол өсіп, тамырын жайып, біздің батырларымыздың мәңгі естелігіне айналады. Біз бұл жерге балалармен келіп, олардың аталары мен әжелерінің ерліктері туралы айтып отырамыз», – деді соғыс ардагерінің немересі Юлия Завадская.

Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Нұрлан Абдуллин, Асылбек Еңсепов, актриса Жанар Айжанова, сондай-ақ, Париж Олимпиадасының жүлдегерлері – Александра Ле, Нариман Құрбанов және Ислам Сәтбаев қатысты.

«Мен үшін бұл ерекше күн. Әкем соғыс ардагері еді, өкінішке қарай, қазір арамызда жоқ. Қай жерде болсам да, 9 мамыр күні әкемнің бейітіне барып, еске аламын. Әкем үнемі: «Аспан ашық болсын» дейтін. Ал анам әзілмен: «Аспанда нең бар, балаларыңды үйге ертіп кел» дейтін. Қазір бұл сөздің қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Аспанымыз ашық болсын, бейбітшілік пен бірлік болсын. Баршаңызға амандық тілеймін», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин. 

 

«Біз «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасына қатысып жатырмыз. Спортшылар ретінде тек жеңіспен емес, сүйікті қаламыз Алматыны көркейту арқылы да үлес қосқымыз келеді. Өйткені, тазалық өзімізден басталады. Бұл акция қаламыздың экологиялық жағдайын жақсартуға көмектеседі», – деді спортшы Ислам Сәтбаев.

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің аллеясы – бұл тек жасыл аймақ емес, нағыз ерліктің ескерткіші. Сол күні саябақта 29 ағаш, ал 8 аллея бойынша жалпы 200 жөке ағашы отырғызылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:14

17:53

17:23

17:03

15:31

15:11

14:06

12:15

12:13

12:10

12:05

12:00

11:23

11:10

11:06

10:29

10:07

10:01

09:24

18:58

18:54

18:52

18:24

18:01

16:51