Алматы қаласы Мәдениет басқармасы Қазақстанның барлық өңірлеріндегі ақындарды «Шабыт берген Алматы!» республикалық поэзиялық шығармалар байқауына қатысуға шақырады.
Байқаудың мақсаты – Алматының тарихи, мәдени және рухани маңызын ашу, сондай-ақ оның өткені, бүгіні мен болашағын, табиғи сұлулығын, бай мәдени мұрасын және заманауи келбетін поэзия тілімен дәріптеу.
Байқауға Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған азаматтары тұрғылықты жеріне немесе қызмет саласына қарамастан қатыса алады.
Байқауға Алматы қаласына арналған қазақ немесе орыс тіліндегі авторлық өлеңдер қабылданады. Әр қатысушы көлемі кемінде бес шумақтан тұратын екі өлеңнен артық ұсына алмайды. Байқауға жолданатын шығармалар бұрын жарияланбаған, басқа әдеби байқауларда жүлде алмаған және толықтай автордың төл туындысы болуға тиіс.
Өтінімдер мен байқау материалдары 2026 жылы 29 шілде мен 15 тамыз аралығында электрондық форматта almatyshabyt@almatylibrary.kz электрондық поштасы арқылы қабылданады.

Өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін шығармаларды сарапшылық комиссия мен кәсіби қазылар алқасы қарайды. Қазылар құрамына белгілі ақындар, жазушылар, әдебиеттанушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енеді.
Байқау жұмыстары байқау тақырыбына сәйкестігі, көркемдік деңгейі, авторлық идеяның ерекшелігі, тілдің бейнелілігі мен көркемдігі, оқырманға эмоциялық әсері сынды өлшемдер бойынша бағаланады.
Байқау жеңімпаздары 2026 жылы қыркүйек айында Алматы қаласы күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында жарияланады.
Жүлде қоры:
I орын – 3 000 000 теңге;
II орын – 2 000 000 теңге;
III орын – 1 000 000 теңге;
бес ынталандыру сыйлығы – әрқайсысы 300 000 теңге.
Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлердің шығармалары «Шабыт берген Алматы» атты арнайы поэзиялық жинақта жарияланып, авторлар салтанатты марапаттау рәсіміне шақырылады.
Бұл байқау заманауи қазақстандық ақындарға шығармашылық алаң ұсынып, жаңа есімдерді танытуға, талантты авторларды қолдауға, сондай-ақ ұлттық әдебиетті дамытуға, мәдени мұраны сақтауға және Алматыны шабыт, шығармашылық пен мәдениеттің қаласы ретінде дәріптеуге үлес қосады.
Байқау ережесінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады:
https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-madeniet/documents/details/1048184?lang=ru
Қосымша ақпарат алу үшін: +7 747 965 3329 Әния Алпысбай.