Жоба бүлдіршіндердің сөздік қорын байытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласында 2026 жылдың 3 желтоқсанында дейін мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған қазақ тіліндегі үздік бейнероликтер мен анимациялық контентті анықтауға бағытталған «Сәбилерді сөйлетейік» қалалық байқауы өтеді.
Байқау Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің тапсырысымен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткізіледі.
Байқаудың мақсаты – әлеуметтік желілерде қазақ тіліндегі сапалы балалар контентін, әсіресе анимациялық және танымдық бейнероликтерді көбейту арқылы мектепке дейінгі жастағы балалардың ана тілінде еркін әрі дұрыс сөйлеу дағдыларын дамытуға ықпал ету.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен жас ерекшелігіне қарамастан ата-аналар, ата-әжелер, тәрбиешілер, шығармашылықпен айналысатын азаматтар және өзге де ниет білдірушілер қатыса алады.
Қатысушылар балаларға арналған қазақ тіліндегі танымдық, тәрбиелік мазмұндағы бейнероликтер мен анимациялық жұмыстарын әлеуметтік желілерде жариялап, ұйымдастырушылардың ресми парақшаларын белгілеуі қажет.
Байқау жұмыстарын белгілі педагогтер, әдістемеші-ғалымдар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және кәсіби режиссер-оқытушылардан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде, І, ІІ және ІІІ орын иегерлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталады.
Аталған жоба қазақ тіліндегі балалар контентінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, бүлдіршіндердің сөздік қорын байытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған.
Бейнероликтерді қабылдау мерзімі: 2026 жылдың 3 желтоқсанына дейін ().
Ұйымдастырушылардың ресми парақшалары:
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы Instagram: @almaty_til
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы:
Instagram: @almaty_qazaq_tili_qogamy
TikTok: @almaty_qazaq_tili_qogamy
YouTube: @almaty_qazaq_tili_qogamy