Алматыда қатерлі ісікке шалдыққандар өлімі азайды

  • 15:01, 07 тамыз 2025
Алматыда қатерлі ісікке шалдыққандар өлімі азайды almaty-akshamy.kz

Алматыда қатерлі ісіктен болатын өлім азайып келеді. 2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 60,2 жағдайды құрады. Бұл – ел бойынша ең үздік нәтижелердің бірі және 2019 жылмен салыстырғанда 30 пайызға төмен.

Мұндай оң динамикаға ерте диагностика мен «жасыл дәліз» қағидаттарын қатаң ұстану сеп болды. Онкологиялық қызмет пен алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) ұйымдарының бірлескен жұмысының арқасында ауруды ерте кезеңде анықтау көрсеткіші айтарлықтай өскен.

Мәселен, 2019 жылы обырдың 0–I-кезеңде анықталу үлесі 33,6% болса, 2025 жылдың ортасында бұл көрсеткіш 39,9%-ға жетті. Бұл да – Қазақстан бойынша ең үздік нәтиже.

Сонымен қатар, визуалды қолжетімді ісіктерді кеш сатыда анықтау жағдайлары азайды. 2019 жылы мұндай көрсеткіш 10% болса, биыл – 7%. Бұл индикатор бойынша да Алматы бірінші орында тұр.

Бұл жетістіктердің артында – жүйелі скрининг, халықты қамту жұмыстары және қатерлі ісікке күдікті науқастарды шұғыл әрі кезексіз тексеруге мүмкіндік беретін «жасыл дәліз» жүйесі жатыр.

Скрининг қалай жүріп жатыр?
Алты айда жылдық жоспардың 52,6%-ы орындалды:

  • Жатыр мойны обыры бойынша 46 мыңнан астам әйел тексеруден өтті. 20 жағдай анықталып, оның 80%-ы аурудың бастапқы кезеңінде белгілі болды. Сонымен қатар, 411 обыралды жағдай тіркелді.

  • Сүт безі обыры скринингінде 60 мыңнан астам әйел қамтылып, 104 науқас анықталды. Оның 62,5%-ы – бірінші сатыда.

  • Колоректалдық обыр бойынша 62 мың адам қаралды. 19 ауру дерегі белгілі болып, олардың жартысына жуығы – бастапқы кезеңде. 240-тан астам адамда обыралды өзгерістер тіркелді.

Дәрігерлердің айтуынша, скрининг ауру симптомсыз жүрген кезде, яғни адам өзін сау сезінген шақта-ақ диагноз қоюға мүмкіндік береді. Бұл – уақытылы ем мен толық сауығуға жол ашады.

Онкологиямен күрестегі басым бағыт – «жасыл дәліз»
Қатерлі ісікке күдікті пациенттерді жедел түрде маманға жолдау жүйесі – онкологиямен күрестегі басты құралдың бірі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, диагностика кезеңдері үшін нақты мерзімдер белгіленген.

Алматыда ең жиі кездесетін онкологиялық ауру түрлері:

  • сүт безі обыры

  • колоректалдық обыр

  • өкпе обыры

  • қуықасты безі обыры

  • асқазан обыры

Мамандардың айтуынша, бұл нәтижелер – алғашқы буындағы медициналық қызметтен бастап, онкология орталықтарына дейінгі барлық деңгейде жүйелі әрі үйлесімді жұмыстың жемісі. Сонымен қатар, халықтың денсаулыққа жауапкершілікпен қарауы мен профилактикалық тексерулерге қатысуы да маңызды рөл атқарып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:27

12:24

11:50

11:38

11:37

11:07

10:44

10:30

09:40

21:05

19:47

17:35

16:15

15:10

15:01

14:30

13:09

12:50

11:52

11:31

11:27

11:24

11:12

10:59

10:47