Жоба құқықтық мәдениетті нығайтуға, тәртіпті арттыруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын тұрақты әрі әділетті қоғамның негізі ретінде қалыптастыруға бағытталған, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы мегаполисте жастарға арналған ауқымды құқықтық квест-марафонды іске қосты.
Жобаға қаланың 10 жетекші жоғары оқу орнынан 200-ден астам жас қатысуда, олардың қатарында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті (ХАТУ), Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Нархоз және Сәтбаев университеті бар.
Жобаның ашылуы «Мен заңды ұстанамын» атты ауқымды флешмобпен басталды. Бұл акция жастардың құқықтық тәртіпті сақтауға деген ортақ үндеуіне айналды.
Квест жастардың құқықтық санасы мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыратын алаңға айналуда. Ол құқықбұзушылықтарға нөлдік төзімділік идеологиясы негізінде құқықтық ойлау мен тұрақты құқықтық бағдарларды дамытуға бағытталған.
Квест барысында командалар заңнаманы өмірлік жағдайларда қолдану дағдыларын тексеретін құқықтық тапсырмаларды орындайды. Сынақтар «Street law», «Жаңа Қазақстан», «Цифрлық із», «Адал азамат» сияқты тақырыптық станцияларда өтеді. Олар қоғамдық жауапкершілік, әкімшілік және қылмыстық құқық, сондай-ақ мінез-құлық үлгілерін қамтиды.
Тапсырмаларға ситуациялық кейстер, цифрлық сауаттылықты тексеру, логикалық және командалық ойындар кіреді. Мұндай формат теорияны бекітіп қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді.
Квест локациялары қалалық қызметтермен бірлесіп келісілген. Олардың қатарында ТЖД, полиция департаменті, прокуратура және басқа да құрылымдар бар. Негізгі алаңдар ретінде Жедел басқару орталығы, Арбат, Сайран көлі, «Медеу» мұз айдыны, метро станциялары, Орталық стадион және басқа да қалалық кеңістіктер қамтылған.
Әрбір локацияда қатысушылар нақты қалалық жағдайларға жақын құқықтық тапсырмаларды орындайды.
Квест-марафонның қорытындысы 21 қазанда «Заң мен тәртіп» конференциясында шығарылады. Оған белгілі құқық қорғаушылар, заңгерлер, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысады. Үздік командалар түрлі номинациялар бойынша марапатталады.
Бұл квест жастарға құқықтық білім беріп қана қоймай, заңдылық пен тәртіп қағидаттарына негізделген жауапкершілікті мінез-құлықты қалыптастыруға көмектеседі.
Бұл ойды Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі айқындайды.