Биыл Алматы тұрғындары мен қонақтары Наурыз мейрамын кең көлемде тойлайды, қаладаы іс-шараларда дәстүр мен жаңашылдық үйлесім табады, деп хабарлайды
Ашық аспан астындағы ауқымды концерттер, спорттық жарыстар, жәрмеңкелер мен түрлі іс-шаралар «Көктөбе» саябағында, Абай алаңында, Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде, Арбатта және Астана алаңында өтеді. Сонымен қатар, мерекелік іс-шаралар шаһардың барлық ауданында ұйымдастырылады. Қала театрлары мен цирк қайырымдылық қойылым ұсынса, ірі концерт залдарында қазақстандық және шетелдік жұлдыздар өнер көрсетеді. Жалпы, Алматыда Наурызнама аясында 100-ден астам іс-шара өтеді.
Астана алаңы
21 наурыз күні сағат 11:00-де Астана алаңында «Алматы – Наурыз құшағында» атты негізгі салтанатты концерт өтеді. Сахнада әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі, Майра Мұхамедқызы, Жанар Айжанова, Өмірқұл Айниязов, Жазира Байырбекова, Игорь Благородный, Төлеген Рахымбаев, «КешYou» тобы, Диная, AyaFunk және басқа да артистер өнер көрсетеді.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының және «Жаңа ғасыр» театрының артистер, «Алматы әуендерінің» солистері, «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі де концерттік бағдарлама ұсынады.
Сонымен қатар, 21-22 наурыз күндері сағат 18:00-де осы алаңда танымал әншілер қатысатын екі күндік Juldyzdy Almaty кешкі фестивалі өтеді.
Астана алаңында спорттық ойындар, қолөнер жәрмеңкесі және отбасы мүшелерімен қатысып, қызықтайтын басқа да іс-шаралар ұйымдастырылады. Мұнда мерекелік көңіл-күй сыйлайтын түрлі фотозоналар мен арт-нысандар да орнатылады.
Абай алаңы
21-25 наурыз күндері сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін Абай алаңында мәдени мұра мен заманауи технологияны біріктіретін NauryzFest фестивалі өтеді.
Республика сарайының алдында ерекше безендірілген киіз үйлер тігіледі. «Рухани мұра» киіз үйінде Абай, Жамбыл және Дина ойнаған музыкалық аспаптардың көшірмесі қойылып, концерт өтеді. «Алматыға саяхат» киіз үйінде қонақтар қаланың көрікті жерлерін виртуалды форматта тамашалай алады. Сондай-ақ, шебер Марат Бексұлтановтың қолынан шыққан небәрі 20 минут ішінде құрастыруға болатын «Инновациялық киіз үй» орнатылады.
Абай алаңында алтыбақан орнатылады, ұлттық ойындар мен түрлі жарыстар өткізеді. Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған арт-нысандар да бой көтереді. 21-22 наурыз күндері кешкі уақытта алаңда белгілі әншілер концерт қояды.
Фестиваль аясында бірнеше күн бойы ауқымды қолөнер жәрмеңкесі жұмыс істейді. Қонақтар ағаш ою, зергерлік бұйым жасау, былғары өңдеу және киіз басу өнерін тамашалай алады. Киіз үйлерде шеберлік дәрістері ұйымдастырылып, қонақтар тоқыма тоқу, ұлттық ою-өрнекпен әшекей бұйым дайындау және қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын жасау өнерін үйрене алады.
Роботтар, кинетикалық туннель және виртуалды аватар
Панфилов жаяу жүргіншілер көшесі (Қабанбай батыр көшесінен Төле би көшесіне дейін) заманауи технология мен мәдени кеңістікке айналады. Кіреберісте ерекше әсер беретін LED-экранды арка орнатылады, ал Ғалымжан атты виртуалды аватар мерекелік бағдарлама туралы айтып береді.
Мұнда халық мультимедиалық қондырғы арқылы өзін ұлттық киім киіп тұрғандай көреді, цифрлық субұрқақта жүрекжарды лебізін жолдап, VR арқылы ежелгі дәуірге саяхат жасап, садақ ату сайысына қатысады, виртуалды шайқасты тамашалайды және Наурыз мейрамының тарихына үңіледі.
Бұл алаңда кинетикалық туннель орнатылып, онда ұлттық ою-өрнектер қонақтардың қимылына сай қозғалады. Гастрономиялық аймақта робот даяшылар, аспаздар мен баристалар жұмыс істейді, ал интеллектуалдық «Ой-Думан» ойыны алматылықтар мен қонақтардың Наурыз туралы білімін тексереруге мүмкіндік береді. Панфилов көшесінде «ғарыштық киіз үй», қайта өңделген материалдардан жасалған арт-инсталляциялар мен қазақстандық инженерлер әзірлеген робототехника көрмесі жұмыс істейтін болады. Бұл алаң 21 және 22 наурызд жұмыс істейді.
Кітап жәрмеңкесі, жазушылармен кездесулер және ұлттық ойындар
21-25 наурыз күндері Алматының Арбатында «Наурыз тойы – мерекем, салт-дәстүрім – берекем» атты ірі кітап жәрмеңкесі өтеді. Қонақтар жазушылармен, публицистермен кездесіп, ақындар мен дәстүрлі өнер шеберлерінің өнерін тамашалай алады. Жаяу жүргіншілер аймағының ортасында шатыр орнатылып, шеберлік дәрістері, ұлттық ойындар бойынша турнирлер және көрсетілімдер ұйымдастырылады.
Абайдың әндерін 5000 адам хормен орындайды
22 наурыз сағат 9:30-да Алматыда Наурыз мейрамы мен ұлы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай ақынның әндерін орындау бойынша ауқымды хор перформансы өтеді. Оған белгілі солистер, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының артистері, музыкалық оқу орындарының студенттері және қала тұрғындары, жалпы саны 5 мынан асатын алматылық қатысады. Олар Абай даңғылы бойында жиналып, «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» және «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін орындайды. Іс-шара Абай даңғылы бойында (Назарбаев пен Достық даңғылдарының арасында) өтеді.
Бұл перформанс жаңару мен бірліктің символына айналып, қаланы ұлттық мұра рухына бөлейді. Мыңдаған қатысушының дауысы үйлесім тауып, қазақ мәдениетінің рухани қуатын бейнелейтін ерекше музыкалық туынды тудырады. Бұл іс-шара Рекордтар кітабына енуі мүмкін.
Алматыда Nauryz Fashion Day өтеді
18 наурыз күні Алматыда сағат 14:30-да Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық киімдер күніне арналған Nauryz Fashion Day ауқымды сән көрсетілімі өтеді. Қызыл кілемнен жүріп өтетін модельдер арасында «Әлемді таңқалдырған қазақ әжелері» жобасының қатысушылары, «Мисс Қазақстан» жобасының жеңімпаздары болады, сондай-ақ іс-шараға AtelierRaushan ательесі мен Aida KaumeNOVA сән үйі қатысып, ұлттық стильдегі әдемі топтамаларын көрсетеді.
Айта кетейік, Nauryz Fashion Day-ге қатысушы модельдердің арасында бұған дейін Италияның Милан қаласында өткен сән апталығында өнер көрсеткен, енді Нью-Йорк пен Париждегі Fashion Week-ке қатысуды жоспарлап отырған, қазақ ұлттық киімдерін әлем елдерінде дәріптеуші апалар бар.
Сондай-ақ, ұйымдастырушылар барша қала тұрғындарын аталмыш іс-шарана тамашалау үшін этностильде киініп келуге шақырады. Сол арқылы Наурызнама аясында Ұлттық киімдер күнін қолдап, Nauryz Fashion Day-дің қатысушысы болуға мүмкіндік бар.
Өтетін орны: Жібек жолы көшесі, Арбат
Түркі әлемінің танымал жұлдыздары
Түркітілдес елдердің белгілі артистері алматылықтар мен шаһар қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтайды. 22 наурыз күні сағат 20:00-де «Almaty Arena» сахнасында «Түркі әлемінің мега жұлдыздары» концерті өтеді. Оған Sadraddin, Mustafa Sandal, Roza Zergerli, Алексей Чумаков, Burak Özçivit және «Tynda Music» оркестрі қатысады.
20-25 наурыз аралығында метро бекеттерде музыкалық перформанстар мен музей көрмелері өтеді.
Сондай-ақ, қалада Наурызнама күнтізбесіндегі әр күннің идеологиясы мен мәнін көрсететін бірқатар тақырыптық іс-шара өтеді. Бағдарламада сенбіліктер, қайырымдылық акциялары, қойылымдар, ойындар және түрлі іс-шара бар. Толық кесте Алматы қаласы әкімдігінің сайтында жарияланған.