Ғылыми-практикалық конференция «Жүрек және ми» Азия қоғамы мен Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бірлесуімен, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алқалы жиынның ашылу рәсімінде Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов, ҚЖШККА директоры Алмаз Джувашев, сондай-ақ С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жүйке аурулары кафедрасының профессоры, «Неврологтар қауымдастығы» ҚБ президенті Еркін Нұрғужаев сөз сөйледі.
«Бүгінде медицина кешенді тәсілді талап етеді. Бір диагноздың артында бірнеше ауру болуы мүмкін. Сондықтан ми ауруларын емдеуде пәнаралық ықпалдастық аса маңызды», – деп атап өтті Марат Пашимов.
Ал Алмаз Джувашев конференцияның практикалық маңызын тілге тиек етті.
«Бұл – тек ғылыми алаң ғана емес, күнделікті клиникалық тәжірибемен тығыз байланысты маңызды кездесу. Жедел жағдайларда мамандардың үйлесімді жұмысы мен нақты шешімдер қабылдауы шешуші рөл атқарады», – деді ол.
Конференция жыл сайын дамып, кәсіби қауымдастықты біріктіретін маңызды халықаралық алаңға айналып келеді. Биыл форумға шамамен 300-ге жуық маман қатысты.
Конференцияның бастамашысы – медицина ғылымдарының кандидаты, невролог Айгүл Құдайбергенова. Оның айтуынша, жоба пандемия кезеңінде онлайн форматта басталып, бүгінде жанды диалог орнатып, тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып үлгерді.
«Бұл тек білім беру алаңы ғана емес, кәсіби қарым-қатынас пен тәжірибе алмасудың кеңістігі. Мультидисциплинарлық тәсілді дамыту медициналық көмектің сапасын арттыруға тікелей әсер етеді», – деді ол.
Конференцияға Тбилиси мемлекеттік университетінің профессоры, Ұлттық эндокринология институтының ғылыми жетекшісі Елена Гиоргадзе (Грузия), Луизиана мемлекеттік университеті медицина орталығының профессоры, сомнология бөлімінің жетекшісі Олег Чернышев (АҚШ), невролог, University College London неврология институтының клиницист-зерттеушісі Рауан Қайыржанов (Ұлыбритания), Оклахома университетінің профессоры, инсульт орталығының жетекшісі Евгений Сидоров (АҚШ), Henry Ford Hospital тамырлық неврология бөлімінің дәрігері Раман Сингх (АҚШ) сынды шетелдік сарапшылар да қатысты.
Олар баяндамаларында эндокриндік бұзылыстардың әсері, ұйқының рөлі, неврологиядағы заманауи зерттеулер, инсульттік көмекті ұйымдастыру және қайталама алдын алу мәселелерін қамтыды.
Ғылыми бағдарлама аясында деменция, инсульт, метаболикалық бұзылыстар, сондай-ақ медицинадағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу мәселелері айтылды.
Алматы қалалық Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының мамандары да баяндама жасады. Атап айтсақ, жоғары санатты невролог, инсульт бөлімшесінің меңгерушісі Ләззат Аяғанова созылмалы сана бұзылыстары мәселесіне тоқталды. 2-санатты радиолог дәрігер Дмитрий Гебель моямоя ауруы бойынша клиникалық жағдайды ұсынды. Ал кардиолог Фарида Рустамова Айгүл Құдайбергеновамен бірлесіп инсульттан кейінгі пациентті пәнаралық жүргізу мәселелерін талқылады.