МӘМС аясында стоматологиялық көмектің екі түрі қарастырылған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстанның жекелеген санаттағы азаматтары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін стоматологиялық көмек алуға құқылы. Бұл қызметтер кімдерге қолжетімді және қандай жағдайларда стоматологқа жүгінуге болатынын Алматы қаласындағы №21 қалалық емхана мамандары түсіндірді.
Стоматологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-стоматолог Әсем Тойбаеваның айтуынша, тегін стоматологиялық көмек көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-106/2020 бұйрығымен реттеледі.
МӘМС аясында стоматологиялық көмектің екі түрі қарастырылған: жоспарлы және шұғыл көмек.
Жоспарлы стоматологиялық көмек кімдерге көрсетіледі?
Тегін жоспарлы стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер ала алады. Оның аясында стоматологтың тексеруі және медициналық көрсетілімдер бойынша белгіленген қызметтер тізбесіне сәйкес ем жүргізіледі.
Шұғыл стоматологиялық көмек кімдерге қолжетімді?
Тегін шұғыл стоматологиялық көмек алушылар санаты кеңірек. Олардың қатарына:
18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер;
Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдар;
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар;
атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
жасына байланысты зейнеткерлер;
инфекциялық, әлеуметтік мәні бар және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар пациенттер;
мүгедектігі бар баланы бағып отырған жұмыс істемейтін адамдар;
бала кезінен I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар жатады.
Шұғыл стоматологиялық көмек тіс қатты ауырғанда, қабыну процестері кезінде, жарақаттарда және шұғыл медициналық араласуды қажет ететін басқа да жағдайларда көрсетіледі.
Әсем Тойбаеваның айтуынша, алғашқы белгілер пайда болған кезде стоматологқа қаралуды кейінге қалдырмаған жөн. Уақытылы тексеріліп, ем қабылдау асқынулардың алдын алуға және ауыз қуысының саулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Алматы қаласының №21 қалалық емханасында тегін стоматологиялық көмекке жүгінбес бұрын медициналық көрсетілімдердің бар-жоғын және қызмет алушының белгіленген санатқа сәйкестігін нақтылау қажеттігін еске салады.
Денсаулығыңызды күтіңіз және профилактикалық тексеруден өтуді ұмытпаңыз!