Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – әдебиеттану, фольклортану және өнертану салаларын цифрлық трансформациялау, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда мәдени мұраны цифрландыру, ғылыми деректер базаларын құру және гуманитарлық зерттеулерге заманауи технологияларды енгізу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжехан Матыжанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде институт - ұлттық мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау бойынша еліміздегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі.
Архивтік материалдар мен ғылыми қорларды цифрландыруға ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта институт құрылымында Мәдени мұраны цифрландыру жөніндегі ғылыми-инновациялық орталық жұмыс істейді. Орталық заманауи технологияларды пайдалана отырып, бірегей материалдарды сақтап, оларды ғылымға енгізумен айналысады.
«Бүгінде гуманитарлық ғылым белсенді түрде цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Біздің міндетіміз – мәдени мұраны сақтап қана қоймай, оны заманауи цифрлық құралдардың көмегімен зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді ету», – деді Кенжехан Матыжанов.
Қазіргі уақытта институт «Қазақстанның әдебиеттану, фольклортану және өнертану экожүйесін цифрлық трансформациялау: пәнаралық зерттеулер» атты іргелі ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Жоба цифрлық ғылыми ресурстарды құруға, деректер базасын қалыптастыруға және зерттеу қызметіне жаңа технологияларды енгізуге бағытталған.
Институт көптеген жылдар бойы ұлттық мәдени мұраның бір бөлігіне айналған ондаған іргелі ғылыми басылымдарды дайындады. Олардың қатарында «Бабалар сөзі» 100 томдығы, Мұхтар Әуезов шығармаларының 50 томдық академиялық жинағы, «Әдеби жәдігерлердің» 20 томдығы, «Қазақ әдебиетінің тарихы» 10 томдығы, қазақ музыкасының антологиялары және басқа да көптомдық басылымдар бар.
Кейінгі жылдары Абай Құнанбайұлының, Жамбыл Жабаевтың, Ахмет Байтұрсынұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Қаныш Сәтбаевтың және Жүсіпбек Аймауытовтың академиялық шығармалар жинақтары да жарық көрді.
Фольклорлық мұраны цифрландыру да маңызды бағыттардың бірі. «Ұлы даланың фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» бағдарламасы аясында көптомдық антологиялар дайындалып, олар тек баспа түрінде ғана емес, электрондық және аудио форматтарда да шығарылды.
Спикердің айтуынша, институт ұлттық мәдени мұраны сақтау және насихаттау жұмыстарын әрі қарай жалғастырып, тарихи жады мен ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған жаңа зерттеу жобаларын дамыта береді.