Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы мемлекеттік экологиялық бақылаудың қорытындылары және табиғат қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Спикердің айтуынша, алты ай ішінде мемлекеттік экологиялық инспекторлар 125 тексеру жүргізген. Оның ішінде профилактикалық және жоспардан тыс тексерулер бар. Бақылау іс-шаралары барысында экологиялық заңнаманың 58 бұзушылығы анықталып, оларды жою жөнінде 28 нұсқама беріліп, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 165 хаттама толтырылған.
«Департаменттің негізгі міндеті - құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту ғана емес, сонымен қатар экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу. Мемлекеттік экологиялық бақылау заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, табиғат қорғау заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Дінмұхамед Лесбеков.
Қаралған материалдардың қорытындысы бойынша жалпы сомасы шамамен 34 млн теңгені құрайтын 162 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 19,5 млн теңгеден астамы өндірілді. Бұдан бөлек, жекелеген заң бұзушылықтар бойынша сот айыппұл тағайындап, бір жағдайда кәсіпорынның қызметі алты ай мерзімге тоқтатылды.
Сондай-ақ, заңсыз қоқыс үйінділерін жою мәселесіне ерекше назар аударылуда. Есепті кезеңде жедел штаб тарапынан осындай 13 нысан анықталып, оның төртеуі жойылды.
Қалғандары бойынша қажетті шаралар қабылдау үшін ақпарат аудан әкімдіктеріне жолданды.
«Жүйелі экологиялық бақылау – қаланың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі құралдарының бірі. Біз экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және табиғат пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырамыз», - деп атап өтті Департамент басшысы.