AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Құрылтай
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Құрылтай
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мәдени Алматы / Алматыда халықаралық кинотанушылар мен киносыншыла...

Алматыда халықаралық кинотанушылар мен киносыншылар форумы өтеді

Мәдени Алматы Бүгін 16:49 43
Алматыда халықаралық кинотанушылар мен киносыншылар форумы өтеді
Ұйымдастырушылар ұсынған

Форум аясында дәрістер мен шеберлік сабақтары өтеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

 19–25 қыркүйек аралығында кино өнерін зерттеушілерді, сыншыларды, кинотанушыларды, кинематографистерді және жас мамандарды бір алаңға жинайтын V Алматы Халықаралық кинотанушылар мен киносыншылар форумы өтеді. Дәстүр бойынша форум бағдарламасы кинотанушылық және киносыншылық еңбектерге берілетін Ұлттық премияны табыстау рәсімінен басталады.

Биыл бесінші рет ұйымдастырылатын форум аясында киноның тарихи жады, мәдени өзгерістер, ұлттық болмыс, кеңістік, балалар киносы, операторлық өнер, қазіргі кино сыны және кинематографияның даму бағыттары талқыланады. Бірнеше күнге созылатын кездесулер барысында кеңестік кезеңдегі балалар киносынан бастап, посткеңестік кеңістіктегі ұлттық кинематографиялардың өзгеруіне, операторлық өнердің табиғатынан қазіргі кино сынының өзекті мәселелеріне дейінгі сан алуан тақырып қозғалады.

Форум бағдарламасына Қазақстанмен қатар Қырғызстан, Грузия, Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Болгария және басқа елдердің кино мамандары қатысады. Әртүрлі елдерден жиналған зерттеушілер мен практиктер ортақ тарихи және мәдени тәжірибелердің экран өнерінде қалай көрініс тапқанын талдайды.

Форумның алғашқы дәрісін белгілі кинотанушы Гүлнәр Әбікеева жүргізеді. Оның «Кеңес сценарийынан тыс балалық шақ: Абдолла Қарсақбаев киносы» атты дәрісі қазақ киносының маңызды есімдерінің бірі – режиссер Абдолла Қарсақбаевтың шығармашылығына арналады.

Қарсақбаев фильмдеріндегі балалық шақ бейнесі кеңестік идеологиялық модельдермен қалай қарым-қатынас жасайды? Баланың әлемін экранда көрсету арқылы режиссер қандай әлеуметтік, мәдени және адамдық мәселелерді қозғады? Осы және басқа да сұрақтар дәріс барысында қарастырылады.

Балалар киносы тақырыбы биылғы форум бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі ретінде көрініс табады. Балаларға арналған фильмдер арқылы белгілі бір дәуірдің дүниетанымын, әлеуметтік ортасын және қоғамның балаға деген көзқарасын зерделеуге болады.

Форум бағдарламасы аясында режиссер, сценарист әрі кинотанушы Дәрежан Өмірбаевтың «О четырех статьях из сборника “Строение фильма”» атты кітабының презентациясы ұйымдастырылады.

Кітаптың негізінде 1984 жылы жарық көрген «Строение фильма» жинағы жатыр. Өмірбаевтың еңбегі кино тілін, оның құрылымын және кино өнерінің семиотикамен байланысын зерттеуге бағытталған. Автор киноны бейнелер мен оқиғалардың жиынтығы ретінде қарастырып қана қоймай, оның өзіндік белгілер жүйесі мен мағына қалыптастыру тәсілдеріне назар аударады.Кітаптың таныстырылымы кино теориясына, соның ішінде кино тілі мен семиотика мәселелеріне қызығушылық танытатын көрермендер үшін бағдарламаның мазмұнды кездесулерінің біріне айналады.

Форумның келесі күніндегі негізгі талқылардың бірі «Кинодағы кеңістік, кеңістіктегі кино» тақырыбына арналған панельдік сессия болмақ. Посткеңестік кеңістіктегі киноның бүгінгі жағдайын түсіну үшін ұлттық кеңістік ұғымының қалай өзгергеніне назар аудару маңызды. Кеңестік кезеңде қалыптасқан ортақ мәдени және идеологиялық кеңістік тәуелсіздік жылдарынан кейін әр елдің кинематографиясында қалай түрленді? Ұлттық шекаралар, тарихи жад, қала мен ауыл, орталық пен периферия экранда қандай сипатқа ие болды? Кино кеңістікті қалай бейнелейді және оған қандай жаңа мағына береді?

Осы мәселелерді Молдияр Ергебеков модераторлығымен Қазақстан, Грузия, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан және Ресей өкілдері талқылайды. Панельге Әсия Бағдаулет (Қазақстан), Лела Очиаури (Грузия), Гульбара Толомушова (Қырғызстан), Анна Рафальская (Беларусь), Ильгар Кулиев (Әзербайжан) және Лилия Немченко (Ресей) қатысады.

Сессияның өзегін посткеңестік аумақтағы ұлттық кеңістіктің трансформациясы және бұл өзгерістердің кинематографиялық тілге ықпалы құрайды.

21 қыркүйек күні форум аясында операторлық өнерге арналған арнайы кездесу өтеді. Гаухар Аспандиярқызы кинематографияның маңызды салаларының бірі – операторлық жұмыстың табиғатын кәсіби мамандармен бірге талқылайды. «Сөзбен айтып жеткізе алмайтынды қалай түсіруге болады?» деген сұрақтың төңірегінде өтетін кездесуге Еркінбек Птыралиев, Азиз Жамбакиев, Азамат Дулатов, Айдар Оспанов, Сабит Семетаев және Нұрсұлтан Базарбай қатысады.

Киноның эмоцияны, көңіл күйді, үнсіздікті, адамның ішкі әлемін сөзсіз жеткізу мүмкіндігі көбіне операторлық шешімдермен байланысты. Кадр композициясы, жарық, түс, камера қозғалысы, кеңістік пен актер арасындағы байланыс – көрермен қабылдайтын мағынаның маңызды бөліктері. Кездесуде осы құралдардың шығармашылық табиғаты мен кинематографиялық ойды визуалды тіл арқылы жеткізу мәселелері қозғалады.

22–23 қыркүйек күндері форумның дәрістер мен шеберлік сабақтарына арналған бөлігі өтеді. Бағдарламаның бұл кезеңінде қазіргі кино үдерісіне әр қырынан қарайтын зерттеу және талдау кездесулері ұйымдастырылады.

Алғашқы дәрістердің бірін «Сеанс» журналының бас редакторы Василий Степанов жүргізеді. Ол «Ресейдегі кешегі мен бүгінгінің кино сыны» тақырыбында сөз қозғап, кино сынының өзгеруіне, оның қазіргі мәдени кеңістіктегі орнына және заманауи көрерменмен қарым-қатынасына тоқталады.

Одан кейін қырғыз киносының бүгінгі ахуалына арналған зерттеушілік дәріс ұсынылады. Жазгуль Ибраимова «Сахна сыртындағы әбігер: Қырғызстанның коммерциялық киносы туралы жазбалар» тақырыбын қарастырады. Кинематографистермен жүргізілген сұхбаттарға сүйене отырып, автор Қырғызстандағы коммерциялық киноның ішкі үдерістерін, өндірістік ерекшеліктерін және бүгінгі көрерменмен байланысын талдайды.

Ресей киносына арналған бағдарлама Лилия Немченконың дәрісімен жалғасады. «Мейнстрим емес: 21 ғасырдың 20-шы жылдардағы Ресейлік киносы – авторлар мен қаһармандар» тақырыбында ол негізгі ағымнан тыс дамып келе жатқан авторлық кинематографияға назар аударады.

Форум дәрістерінің кезегін болгариялық кинотанушы Андроника Мартонова қорытындылайды. Оның «Біз түсірмеген оқиғалар: архивтер, жады мен болашақ кино» атты дәрісі архивтік материалдардың кинематография үшін маңызын және тарихи жадының экран өнеріндегі рөлін зерттеуге арналған. Кино тарихи оқиғаларды қайта бейнелеумен қатар, архивтерде сақталған, түсірілмей қалған немесе уақыт өте назардан тыс қалған материалдарға да қайта үңілуге мүмкіндік береді.

Мартонованың дәрісі форумның кино мен уақыт арасындағы байланысқа арналған бағыттарын толықтырып, бүгінгі кинематографиялық үдерістерді кең тарихи және мәдени контексте қарастыруға мүмкіндік береді.

Форумның қорытынды күнінде Film Critics Lab лабораториясының нәтижелері жарияланады. Жас киносыншылары мен зерттеушілердің кәсіби дамуына, тәжірибе алмасуына және өз жұмыстарын жетілдіруіне бағытталған лаборатория биыл екінші рет ұйымдастырылады. Film Critics Lab жаңа буын мамандарына кино туралы жазудың, зерттеудің және сыни ой қалыптастырудың түрлі тәсілдерін тәжірибеде сынап көруге кеңістік береді.

Осылайша V Алматы халықаралық кинотанушылар мен киносыншылар форумы киноны әртүрлі кәсіби және теориялық тұрғыдан талқылайтын пікірталас алаңы ретінде жалғасады. Балалық шақ пен тарихи жадтан бастап ұлттық кеңістікке, операторлық тілден коммерциялық және авторлық киноға, кино сынының бүгінгі міндеттерінен болашақ кинематографияның мүмкіндіктеріне дейінгі тақырыптар бір бағдарлама аясында тоғысады.

Әзиза Қуандық,

киносыншы

Телеграм арнаға жазылыңыз
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

«Заң мен тәртіп» қағидатын қолдау азаматтардың заң үстемдігін орнатуға деген құлшынысымен ұштасады

Бүгін 17:26

В Алматы ко Дню города прошел праздничный концерт «Ән Алматы

Бүгін 17:02

Қазақстандықтар әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін жоғары бағалайды

Бүгін 16:41

Алматыда заңсыз салынған автокөлік жуу орны бұзылды

Бүгін 16:35

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның бірқатар азаматын марапаттады

Бүгін 16:00
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);