Байқау қорытындысы бойынша тек бір басты жеңімпаз анықталады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда «Аудандардың эко-баттлы» қалалық экологиялық байқауы басталады. Онда сегіз аудан ең экологиялық таза аудан атағын алу үшін бақ сынамақшы. Аумақты тазалап, көгалдандырып, қайта өңделетін шикізатты жинап, экологиялық бастама көтерген тұрғындардың арасындағы жеңімпазды ашық дауыс берудің қорытындысы анықтайды. 1 қыркүйекте басталатын байқауда әр ауданның рейтингін нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Таза Сана» жобасының өкілдері баттлдың мақсаты мен оның қалай өтетінін айтты.
Қалалық экологиялық баттл «Таза Сана» командасы соңғы айларда Алматының аулаларында жүргізген үлкен жұмыстың жалғасы болды. Осы уақыт аралығында қаланың түрлі ауданында 50-ден астам экологиялық іс-шара өтіпті. Негізгі форматтың бірі – «Ауладағы эко-нүкте». Белсенділер көп қабатты үйдің тұрғындарына тікелей барып, қалдықтарды бөлек жинау туралы, экологиялық әдеттер туралы айтып, тіпті болмашы нәрсенің өзі үйдің маңындағы кеңістікті қалай өзгерте алатынын өздері іспен көрсетіп берген.
«Таза Сана» жобасының эко-белсендісі Марина Яцунның айтуынша, дәл осы ауладағы формат қала тұрғындарын тартатын ең тиімді тәсілге айналыпты.
«Экологиялық тақырыпқа адамдардың шынымен қызығатынын байқадық. Әсіресе ол қарапайым әрі қолжетімді болған кезде. Ол үшін бір жерге арнайы барудың, бірнеше сағат уақыт кетірудің қажеті жоқ, біз сол кісінің ауласына өзіміз барамыз. Сонда экология туралы әңгіме абстрактілі ұғым болудан қалады: адам бәрін өзінің үйінен, оның айналасындағы аумақтан бастауға болатынын біліп, өзі соған көз жеткізеді», – дейді Марина Яцун.
Экологиялық акцияларға балалары бар ата-аналар, жастар, ересектер мен аға буын өкілдері белсене қатысып жатыр. Қатысушылар аумақты бірге тазалап, қандай қалдықты қайта өңдеуге жіберуге болатынын, қай жерде қайта өңделетін шикізатты қабылдау пункттері орналасқанын, өз үйінде қалдықты қалай сұрыптап, қалай оларды бөлек жинауға болатынын үйренеді.
Бұл формат, әсіресе, балалармен жұмыс істеуде тиімді. Ең көзге түскен құралдың бірі – қоқыс жинауға арналған арнаулы қысқыштар. Олардың көмегімен қатысушылар бұталардың, қоршау мен басқа да қол жетуі қиын жердің арасындағы қалдықты жинай ала алады. Ұйымдастырушылар мұндай акцияның мақсаты тұрғындардың бір рет басын қосып қана қоймай, өздігінен бірігуге дайын тұратын белсенділерді тәрбиелеп шығару екенін айтады.
«Ауланың тазалығына жауапты қарайтын адамдар барлық жерде бар. Кейде бір-ақ адам қаншама адамды ортақ іске ұйыстырып, басын қосып жатады. Сондықтан қазір біз іс-шараны өзіміз өткізіп қана қоймай, тұрғындардың бастаманы өздері көтеруіне мүмкіндік бергіміз келеді», – деді Марина Яцун.
Байқау 1 қыркүйекте басталып, Алматының барлық сегіз ауданын қамтиды. Сол күні «Таза Сана» жобасының парақшасында байқаудың толық ережесі жарияланып, жарыстың барысы мен аудандардың рейтингін бақылауға мүмкіндік беретін tazasanabatl.kz арнаулы сайты іске қосылады.
Байқауға бастамашыл тұрғындар, эко-белсенділер, КСК мен ОСИ өкілдері, еріктілер мен басқа да қаладағы қауымдастықтар қатыса алады. Бұл жолы жеке аулалар немесе командалар емес, аудандар өзара жарысады. Әр ауданның ұпайы оның тұрғындарының белсенділігіне қарай қалыптаспақ.
«Әр экологиялық акция, қатысқан әр адам мен іске асқан бастама өз ауданына ұпай әкеледі. Қорытынды қала тұрғындарының нақты әрекетіне қарай қалыптасатынын көрсеткіміз келеді. Тұрғындар неғұрлым белсене кірісіп, өз идеясын жүзеге асырса, аудан жалпы рейтингте соғұрлым жоғары көтеріледі», – дейді «Таза Сана» жобасының жетекшісі Наргиз Қабдоллаева.
Аудандар бес негізгі критерий бойынша бағаланады.
Бірінші критерий – тұрғындардың белсенділігі. Қатысушылардың саны, КСК мен ОСИ, еріктілер мен эко-белсенділердің қатысуы ескеріледі.
Екінші критерий – экологиялық іс-шара мен ағарту жұмысы. Оған аумақты тазалау, шеберлік сабағы, дәріс, макулатура мен қайта өңделетін шикізатты жинау акциясы, қалдықты сұрыптау бойынша кездесу мен басқа да іс-шаралар кіріп отыр.
Үшінші критерий – нақты экологиялық нәтиже. Ұйымдастырушылар жиналып, қайта өңдеуге тапсырған қайталама шикізаттың көлемін, аулада қалдықтарды бөлек жинай бастағанын, көгалдандыру жұмысын, жасыл аймақтарды абаттандыруды, батарейкаларды жинау мен өлшенетін әрі айтарлықтай нәтиже беретін басқа да бастамаларды есепке алады.
Төртінші критерий – ақпараттық белсенділік. Фото, бейнематериал мен жарияланым өткізген іс-шара мен қол жеткізген нәтижені растауы тиіс.
Бесінші критерий – Алматы тұрғындарының ашық дауыс беруі.
Ол үшін әр аудан «Эко-баттл» барысында түсірілген нақты материалдардан ғана құрастырылған қорытынды бейнеролик дайындайды. Жасанды интеллект көмегімен жасалған контентті пайдалануға жол берілмейді. Барлық сегіз бейнеролик платформада жарияланады. Осыдан кейін қала тұрғындары нәтижесін ең лайықты деп санайтын ауданға дауыс бере алады.
«Біз бейнероликтердің түсірілу немесе монтаж сапасын бағаламаймыз. Біз үшін видео – ең алдымен тұрғындардың нақты әрекеті мен қол жеткізген нәтижесін көрсету мүмкіндігі. Кез келген алматылық платформаға кіріп, әр ауданда не болғанын көріп, бастамаларды салыстырып, өзіне ұнаған ауданға қолдау көрсете алады», – деп түсіндірді Наргиз Қабдоллаева.
Рейтингке әсер ететін барлық нәтиже расталуы тиіс. Дәлел ретінде фотосуреттер мен бейнежазбалар, қатысушылар саны, жиналған қайта өңделетін шикізат көлемі, жүзеге асқан бастама мен жарияланған материалдар туралы мәліметтер қабылданады.
Байқау қорытындысы бойынша тек бір басты жеңімпаз анықталады. Ол – бес критерийдің жиынтығы бойынша ең көп ұпай жинаған аудан болуы тиіс.
Ұйымдастырушылар «Үздік экологиялық бастама» және «Жылдың эко-бірлестігі» дейтін екі арнаулы номинация да тағайындады.
Бірінші номинацияда тұрғындар мен аумақ үшін сәтті болған ең пайдалы әрі қызықты идея атап өтіледі. Екінші номинацияда ортақ мақсат төңірегінде көршілерді, еріктілерді, КСК немесе ОСИ өкілдері мен эко-белсенділерді ең жақсы біріктіре алған команда марапатталады.