Өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Еркебұлан Қойшыбаев интернеттегі алаяқтықтың қалай алдын алып жатқандарын айтты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мұндай қылмыстың саны өсіп, күн өткен сайын құйтырқыланып бара жатыр екен.
«Цифрлық технология қарқынды дамып жатқанда жасанды интеллектіні де жиі пайдаланатын болды. Соңғы алты жылда мұндай қылмыстың саны екі еседей артқан. 2020 жылы 1677 факт тіркелсе, былтыр ол 2851-ге жетті. Бұл мәселенің өте өзекті екенін көрсетеді», — дейді Еркебұлан Қойшыбаев.
Жыл басынан бері Алматыда 700-ден астам интернет-алаяқтық тіркеліп, оның 300-ден астамы ашылған. Жалпы келтірілген шығын 490 млн 473 мың теңгені құраса, оның 229 млн 702 мың теңгесі өтеліпті. Сонымен қатар банктермен және байланыс операторларымен бірлесіп, 45 млн теңгеден астам соманы аудармақ болған 42 қылмыстық әрекеттің де жолын кескен.
Спикердің айтуынша, қазіргі алаяқтар жасанды интеллект технологиясын, соның ішінде генеративті модельдер мен машиналық оқытуды жиі қолданады. Бұл оларға сенімді контент жасап, адамның дауысы мен бейнесін қолдан жасап алып, жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр.
«Қазір ЖИ көмегімен адамның дауысы мен бейнесін оп-оңай салатын болды. Талай адамға өстіп туысы немесе бастығы болып қоңырау шалып, тездетіп ақша аударуын сұраған. Дауыс клонын және жалған бейнеқоңырауды қолданғандары тағы бар. Мұның бәрі алаяқтықты қауіпті етіп отыр», - дейді.
Deepfake-алаяқтық, дауыс салу, жаңа буын фишинг, автоматтанған чат-боттар мен жалған құжат жасау кең тараған. ЖИ алаяқтарға банктер немесе мемлекеттік органдар атынан сауатты хабарлама жазып, жәбірленушімен сөйлесіп, ақшасын, жеке деректерін алдап алуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, мұндай қылмыстар көбіне трансшекаралық сипатқа ие болып, қарапайым азаматтармен қатар компанияларды да қамтиды. Бұған жауап ретінде киберполиция жұмысты күшейтіп жатыр: цифрлық криминалистиканы дамытып, deepfake-контентті анықтау жүйесін енгізіп, халықаралық ұйымдармен және IT-компаниялармен ынтымақтастық орната бастады. Профилактикалық жұмысты да үзбей жүргізетін болды.
«Біз мұндай қылмыспен кешенді түрде ғана күресуге болатынын түсінеміз. Бұл — технологияларды дамытып, халықпен етене жұмыс істеп, банктер мен IT-компаниялармен бірлесіп жұмыс істеу. Азаматтардың өздері де мұқият болып, киберқауіпсіздіктің қарапайым ережесін сақтауы керек. Бұл алаяққа арбалып қалудан сақтайды», — деп қосты Еркебұлан Қойшыбаев.
Мамандар күмәнді сілтемелерге өтпеуге, шұғыл ақша аударуды сұрағандарға сене салмай, ақпаратты тексеріп алу керектігін ескертіп отыр. Жеке деректерді де бермей, екі факторлы аутентификацияны қолдану керек.
Киберполицияда жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта пайдалану цифрлық ортадағы негізгі қауіптің біріне айналғанын айтты. Алматы мұндай құқық бұзушылықты анықтап, оның жолын кесуді жалғастыра береді.