Алматыда биология кабинеті, химия және география бағытындағы дәрісханалар ашылды

Алматыда биология кабинеті, химия және география бағытындағы дәрісханалар ашылды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз қызметі

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Жаратылыстану институтының Биология кабинеті және химия мен география бағытындағы дәрісханалардың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды aqshamnews.kz

География бағытындағы дәрісханаға – Қазақстан география ғылымының дамуына үлес қосқан профессор Әлім Бірмағамбетовтің, ал химия бағытындағы дәрісханаға – Қазақстандағы химияны оқыту әдістемесінің дамуына елеулі үлес қосқан педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Абдулла Мырзабайұлының атына берілді.

Бұл қадам білім беру процесін жаңарту және заманауи талаптарға сай етіп жетілдіруге мүмкіндік береді.

Ашылу рәсіміне Университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Нұртайұлы, QyzPU Басқарма-Төрағасы Ректоры Гүлмира Қанай, Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Маслихат Зәмірбекқызы, педагогика ғылымының кандидаты, география кафедрасының профессор міндетін атқарушы Мамирова Қулаш Нұрбергенқызы және профессор Абдулла Мырзабайұлының жұбайы Еркін Турбековна қатысып, қызыл лентасын қиды.

«Мұғалім балаларға дәріс беретін болғандықтан, оның білімі зор болуы керек. Бүгінгі таңда мектептерде техникалық жабдықтау жоғары деңгейде. Студенттеріміз сол жабдықтармен жұмыс істей алуы тиіс. Білімді мұғалімнен жоғары білім алатын болса, олардың еліміздің экономикасына қосар үлесі мол болады. Міне, осының бәрін ескеріп, зертханаларды барлық пәндерге қатысты жаңартуды мақсат етіп қойдық. Мен университет оқытушылары мен студенттеріне сенемін. Осы салада оларға тиянақты жұмыс тілеймін», – деді Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев.

QyzPU-да ашылған заманауи биология кабинеті – студенттердің зерттеу дағдыларын қалыптастырып, оларды биология, экология, биомедицина және басқа да ғылым салаларында кәсіби маман ретінде дайындауға мүмкіндік береді. Білім беру қызметі, табиғатты зерттеу, ғылыми дүниетанымды қалыптастыру және білім алушылардың зерттеу дағдыларын дамыту – биология кабинетінің негізгі бағыттары. Бұл функциялардың негізгі аспектілеріне: практикалық дағдыларды дамыту, ғылыми әдістермен жұмыс істеу, зерттеулерді, тәжірибелер мен бақылауларды орындау, биологиялық процестерді модельдеу үшін сандық микроскоптарды және компьютерлік бағдарламаларды қолдану жатады.

«Бүгін қаржылық-экономикалық негізде жасақталған биологиялық білім беру кабинеті ашылып отыр. Бұл кабинетте студенттердің білім алуына және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне толық жағдай жасалған. Атап айтсақ, білім беру бағыттары бойынша демонстрациялық материалдар, түрлі практикалық және зертханалық сабақтарға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге де үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Биохимиялық және медициналық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының барлығы болашақта студенттердің біліктілігін арттыруға септігін тигізеді», – деді Жаратылыстану институты, биология кафедрасының бағдарлама көшбасшысы Асқар Маралович Калекешов.

Әлім Бірмағамбетұлы атындағы дәрісхана ғалымның ғылым мен география білімін дамытудағы қажырлы еңбегін дәріптеу мақсатында ашылды. Бұл дәрісханада студенттер география саласындағы білімдерін жетілдіріп, жаңа зерттеулерге бет бұра алады.

 «Бүгін біздің институтымызда елеулі әрі қуанышты күн болып отыр. Әлім Бірмағамбетовтің құрметіне география әдістемелік кабинеті ашылып, оның еңбектері мен ғылым жолындағы жетістіктері, білім алушыларға көрсеткен шапағаты арнайы QR код арқылы кабинетке ілініп, студенттеріміз үшін үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Бұл кабинет студенттер үшін құтты ұяға айналатынына сенімдіміз. Себебі Әлім Бірмағамбетов қазіргі таңға дейін біздің магистранттар мен докторанттарымызға ғылыми әдістемелік еңбектерін ұсынып, ұстаздық жолдан әлі де талмай, ұлы тұлға болып жанымызда жүр. Әлім Бірмағамбетовтің еңбегі университетіміз үшін аса маңызды», – деді Жаратылыстану институтының директоры Гаухар  Байташева.

Сондай-ақ шараға ғалымның жақын туыстары да қатысты. Университет басшылығына алғыс білдіріп, болашақ географ мамандарға сәттілік тіледі.

«Бұл кабинеттің маңызы өте зор. Ол кісінің Қазақстанға арналған еңбектері, түрлі ғылыми зерттеу жұмыстары, мектепке арналған оқу құралдары, оқушыларға арналған хрестоматиялары мен әртүрлі кітаптары студенттерге  үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймын. Өз тарапымнан университет басшыларына және әріптестеріме алғысымды білдіремін», – деді Әлім Бірмағамбетұлының келіні, педагогика ғылымының кандидаты, география кафедрасының профессор міндетін атқарушы Мамирова Қулаш Нұрбергенқызы.

Абдулла Мырзабайұлы атындағы химия дәрісханасы ғалымның  Қазақстандағы білім саласындағы еңбек ету жолы мен қызметін,  химияны оқыту әдістемесінің дамуындағы елеулі еңбектерін дәріптеу мақсатында ашылды. Дәрісхана студенттердің химия пәнін тереңірек меңгеруіне және тәжірибелік білімдерін жетілдіруіне мүмкіндік береді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, студенттердің практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.

 «Абдулла Мырзабайұлы тек  ұстаз емес, ұлы тұлға деп атағым келеді. Ғалымның еңбегі мәңгілік, себебі біздің университетімізде 47 жыл еңбек еткен ағайымыз жиырмадан аса әдістемелік құрал жазып, студенттерімізге химияны игерудің нақты жолын көрсетіп, білім алушыларға мол мұра қалдырды. Абдулла Мырзабайұлының еңбектері университетіміздің кітапханасында сақталып, студенттеріміздің зерттеу жұмыстарында қолданылуда», – деді Жаратылыстану институтының директоры Гаухар  Байташева.

QyzPU Жаратылыстану институтының биология кабинеті және химия мен география бағытындағы дәрісханалардың ашылуы студенттердің сапалы білім алуына, ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыруына және кәсіби құзыреттерін арттыруына зор ықпал етпек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:23

16:21

15:22

14:47

14:25

13:38

12:33

12:10

11:46

11:14

10:45

10:13

09:15

09:12

22:39

20:06

18:29

17:57

17:41

17:25

17:11

16:43

16:28

16:15

15:51