Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде суретші-монументалист, график, кескіндемеші әрі сәндік-қолданбалы өнерде өзіндік жаңашыл тілін қалыптастырған Қами Айтқалиевтің «Сан ғасырлық сарын» атты мерейтойлық көрмесі ашылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Экспозицияда шебердің көпжылдық шығармашылық жолын және оның өзіндік көркемдік тілін көрсететін 60-тан аса туынды ұсынылды.
Қами Айтқалиев – көркемдік ойлауы ауқымды, әртүрлі жанрларды еркін меңгерген, өз стилін қалыптастыруда шектеулерге бағынбайтын суретші. Ол өз шығармаларында дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып, кеңістікті және форманы тәжірибелер арқылы зерттейді.

Қами Айтқалиевтің шығармашылығы тәуелсіздік жылдарында да жоғары бағаланып келеді. 2014 жылы республикалық мұнай-газ тақырыбына арналған «KazEnergy» байқауында бас жүлде және екі ынталандыру жүлдесін жеңіп алады. 2017 жылы Кипрдегі Қазіргі заман өнері музейінің шақыруымен шығармашылық сапар жасап, бірқатар туындысын дүниеге әкеледі. Ал 2023 жылы «Ұмай» ұлттық өнер байқауында дипломант атанса, былтыр республикалық «Ұлттық құндылықтар» байқауында І орынды иеленді. 2018 жылы ҚР Суретшілер Одағының 85 жылдығына арналған көрменің ашылуында Әбілхан Қастеев атындағы «Үздік шығармашылығы үшін» алтын медалін алды.
«Суретші кескіндеме жанрында да өзіндік шығармашылық тілін қалыптастырған. Оның жұмыстарында монохромды бояу шешімдері, сәндік және монументалдық сипат айқын байқалады. Бұл ерекшелік Айтқалиевтің ішкі көркемдік қажеттілігінен туындап, кеңістікпен үйлесімді композициялық құрылым құруға бағытталған. Аталған сипаттар оның «Ет», «Ауылым», «Көкпар» атты туындыларынан анық көрініс табады. Ондағы пішіндер мен түстердің пластикалық тіл арқылы өзара үндесуі байқалады. Суретшінің шығармашылығын зерттеу барысында композициялық шешімдерге, түс палитрасына және пластикалық тәсілдердің мәніне ерекше назар аудару қажет. Әр туындыдан ішкі динамика мен эмоциялық экспрессия сезіліп, көрерменге автордың шығармашылық көзқарасын терең ұғынуға мүмкіндік береді. Бұл көрмеде суретшінің графикалық туындылары да ұсынылды. Олар автордың пластикалық ойлау жүйесін, сызық пен ырғаққа негізделген ізденістерін айқындай түседі», – дейді көрме жетекшісі, «Қазақстан сәндік-қолданбалы өнері» бөлімінің ғылыми қызметкері Ақбота Әлімхожина.

Иә, Қами Айтқалиевтің шығармашылығы әрдайым тәжірибе мен ізденіске толы. Автор құрақ құрау, ши тоқу, жүн өңдеу секілді дәстүрлі қазақ қолөнері әдістерін заманауи тұрғыда қолданады. Бұл тәсілдер ұлттық мәдениеттің терең тамырларынан қуат алып, жаңа форма мен мазмұнға жол ашады. Осы арқылы оның туындылары ерекше мәнге ие болып, қазақ сәндік-қолданбалы өнерін жаңаша серпінмен жандандырып, өткен мен бүгінді байланыстырады. Оның «Аңыз ана», «Жаңбырдан кейін», «Күту», «Аңшылар» атты шығармаларында осы ізденіс пен ұлттық өнерге деген терең құрметті айқын көрсетеді. Әр жұмысында автор табиғатпен, дәстүрмен және адамның ішкі әлемімен үндескен ойлар мен сезімдерді шебер жеткізіп, көрерменді жаңа көзқарасқа жетелейді. Оның туындылары тек қолөнердің ғана емес, сонымен бірге философиялық ой мен мәдениеттің кең өрісін ашады.
Нұржамал ӘЛІШ