Алматыда балалардың құқығын қорғау жүйесіне жаңа тәсіл енгізіліп жатыр. Бұрын отбасы әр мекеменің табалдырығын тоздыруға мәжбүр болса, енді қалада кешенді сүйемелдеу жүйесі іске аспақшы. Қиын жағдайға тап болған әр балаға әлеуметтік қызметкерлердің, психологтардың, дәрігерлер мен полицияның жұмысын үйлестіретін кейс-менеджер бекітіледі. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева осылай деді.
Оның айтуынша, баланың құқығын қорғау басқармасының құрылуы – кезекті әкімшілік реформа ғана емес, балалық шақты қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың жаңа кезеңі болмақшы.
«Алғаш рет заңнамалық деңгейде балалардың құқығын қорғайтын өңірлік уәкілетті органдардың мәртебесі бекітіліп, олардың өкілеті, функциясы мен жұмыс тетігі нақты айқындалды. Осылайша мемлекет бала құқығының бұзылуын дер кезінде анықтап, әр баланы кешенді түрде қорғауға мүмкіндік беретін құқықтық негіз қалыптастырып отыр», – дейді Жанат Айтпаева.
Жаңа заң басқарманың өкілеттігін айқындап, оның жұмысының бірыңғай стандартын бекітіп, кейс-менеджмент институтын енгізді. Басқарма қызметкерлеріне балалары бар мемлекеттік органдарға, мектептерге, балабақшаларға, медициналық және әлеуметтік мекемелерге кедергісіз кіріп, балалардың құқығының сақталуын бақылайтын құқық берілді. Олардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Алматыда қазір 688 887 бала тұрады. Спикердің айтуынша, қалада құқық бұзушылықтан кейін әрекет ететін емес, оның алдын алатын жүйе қажет.
Басқармамен қатар балалардың құқығын қорғау орталығы да жұмыс істейді. Бекітілген нормативке сәйкес бір маман бес мыңнан аспайтын баланы сүйемелдейді. Бұл өтінішке жедел жауап беріп, үйдегі қолайсыздықты ерте анықтап, жағдайды ушықтырып алмай тұрып көмек көрсетуге сеп болмақ.
Кейс-менеджмент жүйесін енгізу үлкен өзгеріс болды. Енді отбасылар қажетті мемлекеттік органды өздері іздеп, олардың жұмысын үйлестіруге міндетті болмайды.
«Енді бала бір мемлекеттік органнан екіншісіне барып, әр жолы көмекке мұқтаж екенін қайта-қайта дәлелдеуге тиіс емес. Мемлекеттік органдардың өзі баланың мүддесі үшін бірігіп, өзара үйлесімді әрі жедел әрекет етуі қажет», – деді Жанат Айтпаева.
Көмекке мұқтаж әр балаға кейс-менеджер бекітіледі. Ол отбасын сүйемелдейтін жеке жоспар әзірлеп, психологтардың, педагогтердің, әлеуметтік қызметкерлердің, медицина мамандары мен құқық қорғау органы қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастырады, сондай-ақ барлық қолдау шараларының орындалуын бақылайды.
«Біздің басты басымдығымыз – мәселені дер кезінде анықтап, дағдарысқа дейін отбасыға қажетті көмекті көрсету мен мүмкіндік болған жағдайда баланы өз отбасында сақтау», – деп атап өтті Басқарма басшысы.
Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру. Құжат балаларды қорғаудың профилактикалық моделін дамыту, отбасын сүйемелдеудің цифрлық сервистерін енгізу, психологиялық көмекке қолжетімділікті кеңейту, қорғаншылық және қамқоршылық жүйесін жетілдіру, сондай-ақ отбасы институтын нығайтуды көздейді.
Сонымен қатар Алматыда «Алматы – қауіпсіз балалық шақ» атты мекемеаралық жоба іске қосылады. Оған полиция, прокуратура, салалық басқармалар, аудандық әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер, сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысады.
Жоба тұрақты негізде жұмыс істеп, баланың болатын барлық ортасын қамтиды: отбасы, мектептер мен балабақшалар, спорт секциялары, қосымша білім беру ұйымдары, қоғамдық орындар және цифрлық кеңістік. Оның міндеті – балалардың құқықтарының бұзылуы туралы сигналдарға жедел әрекет ету ғана емес, ықтимал қауіп-қатерлерді алдын ала анықтау.
Жаңа оқу жылынан бастап мектепте жаңа пәндер енгізіледі. 5–7-сынып оқушылары «Конституция негіздері» курсын, ал 8–9-сынып оқушылары «Заң мен тәртіп» пәнін оқиды. Сонымен қатар «Жеке қауіпсіздік» бағдарламасы толық жаңартылады.