Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу – құқық қорғау органдарының қызметіндегі басым бағыттардың бірі.
Бұл туралы Алматының өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде полиция департаментінің ювеналды полиция бөлімінің бастығы Жанна Шонжанова айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Алматы қаласының полиция департаменті кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздықтың, панасыздықтың алдын алуға бағытталған бірқатар кешенді шаралар қабылдауда.
"Ағымдағы жыл ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қараусыздыққа, панасыздыққа жол бермеуге бағытталған жалпы республикалық, жалпықалалық және жергілікті рейдтік іс – шаралар жүйелі негізде жүргізілді", - деді Ж.Шонжанова.
Оның айтуынша, профилактикалық есепке қойылған 290-нан астам кәмелетке толмаған құқық бұзушы жасөспірімдер, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеумен, оқытумен, күтіп-бағумен айналыспайтын 315 ата-ана анықталды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына 500-ден астам кәмелетке толмағандар орналастырылды.
Ювеналды полицейлердің жалпы міндеті – балалардағы болуы мүмкін қиындықтардың алдын алу және қорғау. Ата-аналар тарапынан кәмелетке толмағандардың мінез-құлқы мен іс-әрекеттеріне тәрбиелік ықпалдың және бақылаудың болмауы олардың құқыққа қайшы әрекеттер жасауына себеп болуы мүмкін.
Қылмыстың себептері көбінесе отбасылық проблемалар, тұрмыстық тұрақсыздық және ата-аналардың әлеуметтік емес өмір салты болып табылады.
Мұндай қылмыстарды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар мен учаскелік инспекторлар профилактикалық сабақтар, балалармен әңгімелесу және денсаулық сақтау органдарымен өзара іс-қимыл барысында анықтайды. Бұған халық арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс, сондай-ақ қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеушілік сезімін қалыптастыру ықпал етеді.
Кәмелетке толмағандар арасындағы жедел жағдайды тұрақтандыру мақсатында 2024 жылы 15-17 шілде аралығында қала аумағында "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
"Мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қадағалаусыз қалудың алдын алу, олардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында және үйден тыс жерде болуы, кәмелетке толмағандарға алкоголь және темекі өнімдерін сату, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқыққа қарсы әрекетке тартатын ересек адамдар фактілерін анықтау", - деп хабарлады Жанна Шонжанова.
Сонымен қатар, ІІО-да есепте тұрған 48 кәмелетке толмаған және 37 қолайсыз отбасы тексерілді.
Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеумен айналыспайтын 9 ата-ана анықталды.
Тағы 13 ата-ана бала тәрбиесі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Үш күн ішінде кәмелетке толмағандар арасында 330-дан астам құқық бұзушылық анықталды (негізінен заңды өкілдердің еріп жүруінсіз түнгі уақытта сағат 23.00-ден кейін үйден болмағаны үшін).
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.
Ағымдағы жылдың 16 маусымында "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң күшіне енді.
"Осы Заңға сәйкес кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің жауапкершілігі енгізілді (терезеден құлау бөлігі бойынша). Егер бізде Әкімшілік кодекстің 127-бабында бұрын балаларды тәрбиелеу, оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттердің орындалмағаны көрсетілсе, онда диспозиция кәмелетке толмағанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың орындалмауымен толықтырылды. 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Осы алаңды пайдаланып, мен ата-аналарға мұқият болуды, балаларды қараусыз қалдырмауды ескерткім келеді. Егер олар көпқабатты үйлерде тұрса, онда терезелерге арнайы тор орнату қажет. Балалар терезе торының олардың салмағына төтеп бере алмайтынын түсінбейді, сондықтан балалардың терезелерінен құлау фактілері бар. Сондықтан жаңа заңнамада осындай шаралар қарастырылған", - деп түсіндірді Жанна Шонжанова.
Сондай-ақ, ол бірлескен күш-жігермен ғана балалардың қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз етуге болатынын айтты.