Күн сайын желіге шамамен 3,2 мың автобус шығып, 1,6 миллионнан астам жолаушыны тасымалдайды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қалада автобус маршруттарының жұмысына нақты жолаушылар саны, автобустардың толымдылығы мен қозғалыс аралығы ескеріле отырып, талдау жүргізілуде. Бұл жұмыс қоғамдық көлікті субсидиялауға жұмсалатын шығынды қайта қарауға, автобустарды тиімді бөлуге және қаланың барлық ауданында көлік қатынасының қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазір Алматыда 210 маршрутқа қызмет көрсететін 27 автобус паркі жұмыс істейді. Күн сайын желіге шамамен 3,2 мың автобус шығып, 1,6 миллионнан астам жолаушыны тасымалдайды.
Сонымен қатар қоғамдық көлікті субсидиялауға жұмсалатын шығын көлемі артып келеді. Егер 2024 жылы тасымалдаушылардың субсидия алуға берген өтінімі 83,7 млрд теңге болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 149,6 млрд теңгеге жеткен. Осыған байланысты есептік тарифтің құрамдас бөліктері, соның ішінде үстеме және өзге де шығындар қайта қаралып, нақты жолаушылар санына қарай көлік жұмысын бөлу тәртібі талданып жатыр.
Осы жұмыс аясында қалалық 92 автобус маршрутының қозғалыс кестесі өзгертілді. Бұл ретте автобустардың жалпы саны қысқартылған жоқ. Қала маңына және таулы аймақтарға қатынайтын маршруттарға өзгеріс енгізілген жоқ.
Халықаралық тәжірибеде қоғамдық көлік қозғалысының кестесі тәуліктің әр уақытындағы және аптаның әр күніндегі нақты жолаушылар сұранысына қарай жасалады. Мұндай тәсіл Көлік саясаты және даму институты (ITDP) мен Transport for London (TfL) ұйымдарының әдістемелік ұсынымдарына сәйкес келеді.
Бұл тәсіл бойынша жолаушылар саны көп болатын қарбалас уақытта автобустардың қатынау жиілігі артады, ал сұраныс төмендеген кезде рейстер саны реттеледі. Соның нәтижесінде автобустар маршруттардың нақты жүктемесі мен жолаушылардың сұранысына қарай бөлінеді.
Өзгеріс енгізілген 92 маршруттың 35-іне «Алматыэлектротранс» ЖШС муниципалдық тасымалдаушысы қызмет көрсетеді. Бұл маршруттардағы көлік жұмысының нақты көлемі сақталған. Сонымен қатар субсидия есебінен шығарылған айналым рейстері кәсіпорын қаражаты есебінен, бюджеттен қосымша қаржы бөлінбей орындалып жатыр.
Қалған 57 маршрут бойынша жолаушылар санына, автобустардың толымдылығына және қозғалыс аралығына жеке-жеке қосымша талдау жүргізілуде. Әр маршрут бойынша шешімдер халықтың нақты сұранысын ескере отырып, жыл соңына дейін тасымалдаушылармен бірлесіп қабылданады.
Сонымен қатар диспетчерлік жүйе жаңғыртылып, бақылау желілерінің жұмысына мониторинг енгізіліп жатыр. Бұл қозғалыс кестесі мен аралықтың сақталуын, сондай-ақ автобустардың желіге уақытылы шығуын бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар тасымалдаушылардың жұмысын қадағалауды күшейтуге, көлікке уақытылы техникалық қызмет көрсетуге, ақаудың алдын алуға және қажет болған жағдайда автобустарды қосалқы көлікпен жедел ауыстыруға бағытталған.
Қазір Алматы мен Алматы агломерациясы үшін субсидиялаудың жаңа қағидалары әзірленіп жатыр. Оның аясында жолаушылар санын, қозғалыс тұрақтылығын, жолақы төлемдерінің толықтығын және қызмет көрсету сапасын ескеретін түрлі тәсілдер қарастырылуда. Жаңа модель көлік ресурстарын маршруттар арасында тиімді бөлуді, жолаушылар сұранысын ескеруді және қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен бірге бюджет шығындарының экономикалық негізділігі сақталуға тиіс.
Автобус желісіне талдау жүргізу және субсидиялау жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Қабылданатын шешімдер маршруттардың нақты жүктемесіне, жолаушылар сұранысына, көлік қызметінің сапасына және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына негізделеді.