Ауланған жануарларды тасымалдау мамандандырылған автокөлікпен жүзеге асырылады.
Қазір қаңғыбас жануарларды аулау гуманды жүргізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Бұл адам мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына, сондай-ақ адамдарға агрессивті иттердің шабуыл жасауына жол бермеу мақсатында жасалынуда. Сонымен қатар, аулаудың арқасында қараусыз және қаңғыбас жануарлардың санын реттеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Ерлан Омаров осы жұмыстың негізгі операторы Алматы қаласы әкімдігіне қарасты кәсіпорын – Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ШЖҚ "Қалалық ветеринариялық қызмет" КМК болып табылатынын хабарлады.
“Кәсіпорынның 6 кезекші бригадасы күнделікті қараусыз және қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарын жүргізеді. 2022 жылдың наурыз айына дейін ауланған жануарлар иелері табылғанға дейін және жаңа иелеріне берілгенге дейін 3 тәулік бойы қарауда болған. ҚР ветеринария саласындағы заңнамасына сәйкес, керексіз деп табылған жануарлар дәрі-дәрмекпен ұйықтатылған. 2022 жылдың 2 наурызынан бастап Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңының қабылдануына байланысты, қаңғыбас және қараусыз қалған жануарлардың санын реттеу тәртібі айтарлықтай өзгерді", - деді Ерлан Омаров.
Жаңа ережеге сәйкес, аса қауіпті жұқпалы аурулары және агрессия белгілері бар жануарларды қоспағанда, ауланған жануарларды жансыздандыру тыйым салынады.
Жануарларды аулау жұмыстары олардың жиналу орындарының мониторингі нәтижелері бойынша және азаматтардың өтініштері бойынша аулау қызметінің басшысы бекіткен кестесіне сәйкес жүргізіледі.
"Аулау жануарға жарақат алуды және мертігуді болдырмайтын гуманды тәсілдермен жүзеге асырылады. Адам мен жануардың өміріне немесе денсаулығына нақты қатер төнген жағдайларды қоспағанда, балалардың қатысуымен жануарларды аулауға жол берілмейді. Аулау жануарларға зиян келтірмейтін құралдармен, оқшауланған тұзақтарды, торларды, гельдік оқшаулағышы бар ілмектерді қолдана отырып жүзеге асырылады", - деп түсіндірді Ерлан Омаров.
Брифинг барысында ӨКҚ спикері аулауға қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, скверлерде, қараусыз қалған ғимараттарда, қала шетінде, саяжай алқаптарында және басқа жерлерде) иесінің қарауынсыз жүрген қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлар жататынын хабарлады.
Ол ветқызметтің қызметкерлері жаңа мамандандырылған формамен және тиісті үлгідегі бейджбен қамтамасыз етілгендігін айтты. Ауланған жануарларды тасымалдау мамандандырылған автокөлікпен жүзеге асырылады.
“Ауланған қаңғыбас және қараусыз қалған жануарлар уақытша ұстау пунктіне әкелінеді. Ауланған жануарларды қабылдау, жануарды есепке алуды қатаң түрде ветеринарлық дәрігер жүргізеді. Ветеринарлық дәрігер жануарлардың жарақаттары бар жоғын анықтау үшін клиникалық тексеру жүргізеді, таңбаның, татуировканың, микрочиптің болуын сканерлейді”, - деп жалғастырды Ерлан Омаров.
Жануарда чип табылған жағдайда PetControl деректер базасынан (PetControl - үй жануарларын есепке алатын ақпараттық жүйесі) қарап, жануардың қайтарылуын қамтамасыз ету үшін жануардың иесімен хабарласады. Сондай-ақ, жарақат пен зағиптықты анықтау үшін ветеринарлық маман клиникалық тексеруден өтеді. Табылған жағдайда алғашқы ветеринариялық көмек көрсетіледі.
Ауланған жануарларға аса қауіпті ауруларға (оба, микроспория, трихофития) диагностикалық зерттеулер жүргізіледі. Оң нәтиже берген жануар, көрсетілген заңға сәйкес, дәрі-дәрмекпен жансыздандырылады.
Көрсетілген процедуралардан басқа, ұсталған иттерге кинологиялық сараптама жүргізілуде. Аса қауіпті аурулары мен агрессия белгілері анықталмаған жануарлар вакцинациялау, зарарсыздандыру, таңбалау жасалғаннан кейін үшінші тұлғаларға берілетін немесе ауланған орындарына жіберілетін болады.
Ауланған малды зарарсыздандыру және операциядан кейінгі күтім талаптарын ескере отырып, тиісті хирургиялық құрал-жабдықтарды, ветеринарлық препараттарды және қоршаулары бар модульдік блоктарды сатып алуға қосымша қаражат бөлінді.
Өзара іс-қимылды үйлестіруді жақсарту үшін ағымдағы жылдың 20 шілдесінде Алматы облысының әкімдігімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.