Домбыра жасау - қанға сіңген қасиет
Алматыда кәсіп бастайтын жанға мүмкіндік жоғары. Шаһар шаруашылық жасауға қолайлы өлке. Мұнда жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына, өз ісін домалатуына, сервистік қызметтері дамытуға ыңғайлы. Сондықтан Мегаполиске ынтық жандар көп. Әсіресе қазақи нақыштағы дүниелерді ұлттық жауһарларды әспеттеген абзал.
Алматыда кәсіп істеген озады. Еңбегін ерінбей істеген адал жандар алға озады. Оның куәсін адал тірлік қылып, еңбектің бейнетін көріп жүргендердің өмір жолы көпке үлгі. Сондықтан ісмер тұлғаларды бағалау, олардың еңбегін заманауи қоғамда танытқан жөн.
Ақын Қадыр Мырза Әлі «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген сөз айтыпты. Мұның терең астары бар. Сонымен бірге «өнерлінің қолы алтын» деп тәмсілдейді. Бұны да текке айтпаса керек-ті.
Қазақтың рухани көкжиегін кеңітіп, айбынын асқақтатып тұрған аспап бар. Ол - киелі домбыра. Ендеше ұлттық колоритіміздің жасалуы, құрастырылуымен мейілінше таныс бола түсейік. Осыған орай ұлттық мұраларымызды жасаушы туындыгер, домбыра шебері Қуанышбек РАХМАНҰЛЫН сұхбатқа тартқан едік.
– Домбыра жасаудың қыр-сырын қашан меңгердіңіз, кім әсер етті?
– Бұл өнер мен ілім деген дүниеде шекара болмайды. Түбі жоқ дер едім. Бұны ізденген сайын ізденгің келеді. Көрген-білген сайын көре беруді ойлайсыз. Бүгінгі көптеген домбыра жасаушылардың ұстазы Тұрдығұлов Жолаушы деген кісінің өзі әлі де ізденіп, титімдей болса да, өзінің қолтаңбасын қалдыруды мақсұт тұтады. Байқағаныңыздай, шебер адамның қиялында шек болмай тұр ғой. Оған қарағанда қыр-сырын толық меңгердік деп айта алмаймыз. Дегенмен өзіміздің азды-көпті тәжірибеміз бар. Соған шүкіршілік етіп, ілгері жүрудеміз.
Соңғы кездері «Өнер ананың сүтімен, атаның қанымен дариды» дегенге иланып барамын. Өйткені, жанұядағы басқа балаларға қарағанда, сәл бөлектеу болған сияқтымын. Ойын қуып, дала кезгеннен гөрі, қолыма шаппа пышағымды алып, ағаш жонып, ою жасағанды ұнататын едім. Сондай-ақ үйдегі істен шыққан радио, теледидарды жөндеуге әуес болдым. Әлгінде арғы тегімізде ұсташылық қасиет болғанын меңзедік. Арғы аталарымыз темірді майша балқытып, алтын мен күмістен моншақ, алқа жасап, зергерлікпен айналысқан. Баяғының көшпелі қазағына керекті ер-тұрман, үй ағаш сынды заттарды істепті. Ағам ес білгелі қайысты илеп, таспа тілетін. Жанында қолғабыс бола жүріп, металдан айшық жасап беретінмін. Осындай тірлік қызығушылығымды арттырды. Өзім 25 жасыма дейін қазіргі Қытайдың аумағында қалған Алтайда 5 жасымнан ат жалын тартып өстім. Қазақи ортаның да әсері болар деп ойлаймыз. Ең қызығы, өзіңіз секілді танып-біліп отырған тілші, журналистер домбыра шебері деп ойлайды. Арғы бетте бас-аяғы 10 жылдай әнші болдым. Өзім әншілікті тәмамдағанмын. Алғашында Алтай қаласына ағаш шеберлігіне оқуға түскенде болатынмын. Дегенмен жалғыз бала ғана бір мамандыққа түскеніме байланысты, оқуды бастауға мүмкіндік болмады. Сөйтіп, 19 жасымда Мәдениет үйіне жұмысқа қабылдандым. Әншілікке бет бұрып жүрсем де, сүйікті кәсібімнен қол үзбедім. Сөйтіп жүргенде, осы жақтан оқығандар түрлі домбыралар алып бара бастады. Өзім дәріс алған ұстазым Рахымбеков Ердостың да домбырасына қол жетті. Содан осы туындыны жасаған адамға кездесуді көздедім. Сөйтіп, атамекеменге, Алматыға келдім. Ердос ағамызды тауып, кездестім. Бар мән-жайды айттым. Сөйтсем, ол кісі Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында мұғалім екен. Ағамыздың кеңесімен 2013-2017 жылдары қолөнерді кәсіби деңгейде оқып бітірдім. Бір қызығы, арғы бетте Мәдениет үйінде жүргенде, сахналық декорацияны әзірлейтінбіз. Соның кәдесін осы оқуға түсерде, оқу барысында сезіндім. Содан бері өз жолымызбен жүріп келеміз.
ҰЛТТЫҚ ЖӘДІГЕРІМІЗДІҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ АРТУДА
– Тағы да қандай аспаптар жасайсыз?
– Қазақ ұлттық құндылықтарға бай. Тау мен тасын түртсеңіз, шежіре бұлақтай сарқырайды. Халқымызда бірталай жауһар дүниелер баршылық. Соның біршамасын - домбыра, қобыз, жетіген сынды түрлерін жасаймыз. Ең көп қолданысқа иесі – домбыра. Қанша дегенмен, бұл аспаптың мән-мағынасы ерекше дер едім. Сонымен бірге халқымызға берер тағылымы - ұлттық тәрбиелік жағы басым.
– Ұлттық жәдігерлерімізге нарықта сұраныс бар ма?
– Әрине. Неге болмасын?! Қазақ елінде, қазақтың жер жүзіндегі жалғыз отанында сұраныс өте күшті. Қанша дегенмен, домбыра тартқанда делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар, сірә?! Біз арғы беттегі ағайынға да жөнелтіп тұрамыз. Елімізде домбыра сабағы мектептерге қосымша сабақ ретінде еніп отыр. Оның үстіне Ұлттық домбыра күні аталып өтіліп келеді. Осының бәрі баласының екі шекті қосып тартып, бірер күйден хабары болуын қалайтын ата-анаға да ерекше ой тудырып отыр. Соның арқасында домбыра сұранысқа көптеп ене бастады. Бұл да үлкен серпін дер едік.
ДОМБЫРА - ЭКСПЕРИМЕТ АЛАҢЫ ЕМЕС
– Ерекше стилдегі домбыра жасау ойыңызда жүр ме?
– Кей-кейде оны да ойлап қоямыз. Ерекшелікті барлығы күтеді. Десе де, домбыраға жаңалық, жасампаздық жаратам деп, бүлдіріп алудан сақтанамыз. Негізі домбыраның формасы қалыптасқан. Қалақ домбыраны "Абай домбыра" деп қоямыз. Шанақтысын "Жамбыл домбыра" дейміз. Осы 6-7 қырлы етіп, пішінін өзгертіп жіберудің қажеті жоқ. Өзгерте қалған күннің өзінде дәстүрлі жолдан айнымаған жөн. Қалыбын басқаша етіп жүргендер де бар. Ал өз ұйғарымымда дизайнерлік жағына көңіл аударған абзалырақ. Ол үшін ою-өрнегін, әшекейін әспеттесе, құбылтса, соның өзі айрықшалықты аңғартады.
– Қазақтың ұлттық мұраларын қандай заттарды қолданып істейсіздер?
– Ең бастысы, ағаш материалдарды қолданамыз. Соның ішінде қайың, қарағай, шырша сынды талдар пайдаланылады. Заманның дамыған сәті өз пайдасын тигізуде. Арасында жақсы әрі сапалы материалдар болса, оны да алдыртудамыз. Дәлірек Америка, Африкадан да заттар келеді. Мәселен, дамыған елдердің скрипка, гитара жасауға арналған мықты, керемет материалдары баршылық. Бұлар ыстық пен суыққа да төзімді. Кейде бір өңірдің ағашы келесі жаққа шыдамауы мүмкін. Мысалы. қайыңнан жасалса, суыққа шықса, дымқыл тартып, дыбысы шықпай қалып жатады. Сол жағдаяттардың барлығына төзімді материалдар бар. Мысалы, Эбен, граб, қызыл ағаштың түр-түрін жолықтыра аласыз. Үйеңкінің өзі Канададан тасымалданады. Жалпы, қаражат болса, бәрі табылады. Ең бастысы, ерінбей тірлік қылуда деп білеміз.
Тағы да қоса кетейін. Сиырдың сүйегінен ойып, оны безендіреміз. Оған қоса күміспен әрлеуге болады. Әртүрлі тастарды қолдансаңыз, ол да жарасады. Өздерізге мәлім, «электронды домбыра» деген шықты. Бұған, бір жағынан, көптеген өнер майталмандары қарсы болып жатады. Ол кісілердің алаңдаушылығының жөні жоқ емес. Қай халық болсын, өзінің рухани құндылығының сақталғанын қалайды. Осы орйдағы пікір-тілектерді ескеріп, іс қылуға ниеттіміз.
ШЕБЕРЛІК ҚАНМЕН ДАРИДЫ
– Он саусағынан өнер тамған шебер болу үшін алдымен нені игеру керек?
– Әлгінде осы сауалға аз-кем жауап қаттым. Енді хас шебер бірден туылмас. Десе де, қаннан дарығаны маңыздырақ. Көптеген талапкерлер келуде. Соның арасында ілуде біреуі үйреткеніңізді қағып алып кетеді. Сонда зер салып байқасаңыз, арғы ата-тегінде шеберліктің сырлары жатады. Сонымен қатар үйренушінің бойында музыкалық қабілет болуы керек екен. Былайша айтқанда, кәсіби ерекшелігі асып тұрмаса да, аспапты тарта білсе, құлақ күйін келтірсе, жеткілікті болмақ. Бұл арада қолдың икемділігі де маңызды рөл ойнайды. Бір сөзбен баяндағанда, дизайнерлік, ой-қиялдың ұшқырлығы қатар өрбісе, одан мықты шебер шығарына сенім мол болмақ.
Қазіргі таңда жанымда бір шәкіртім шеберлікке үйреніп жүр. Ол келгелі 4 жыл болды. Алғашында аспап жасамақ түгілі, пышақты ұстай алмайтын. Бірақ домбырамен ән айтып, күй тартатын. Өзі де сол өнеріне сеніп келсе керек-ті. Уақыт өте келе, шеберлігі шыңдалды. Әбден қыр-сырын меңгеріп қалды. Бүгінде өз бетінше домбыра жасауға дейін жетті. Былай қарағанда, қанында бар қаиет болып тұр ғой. Сол себепті де үйренушілерге айтарым, еңбек етуге ерінбеу керек. Сонда ғана іс алға жылжиды.
Алматы іскерлер шаһары
– Өзіңіз домбыра шебері болғандықтан, сізден ұлт аспабының қандай да бір қасиеті, киесі жайында сұрауды жөн санаймыз.
– Осыған дейін әр салада істеп көрдік. Өзім оқыған оқу орнына мұғалім болуға да болар еді. Басқа кәсіпті дөңгелетсек те жарасады. Дейтұрғанмен домбыраның қасиеті бөлек. Әйтеуір, басқа салаға мойын бұруға бір нәрсе жібермейді. Бәлкім, киесі шығар. Мұынымен айналыспасам болмайтындай. Бір жағынан, бойға біткен қастерлі өнер деп санаймын. Келесі тараптан, осы ісіміздің арқасында нан тауып жеп жатырмыз. Негізі өз ісінің шебері болып, содан ләззәт сезінуден артық бақыт бола қоймас деп ұғынамын. Киелі өнерді табыс көзі ретінде ғана көрмей, құлшыныспен және ұлттық құндылықтарға құрмет сияқты қарасаңыз, ойлаған шаруаңыз орындалады демекпін.
Алматыда іс атқарып жүрген жандарға табыс тілейміз. Қазақ еліндегі мегаполистің орны жоғары. Сол себепті қаланы әр саланың мамандары гүлдендіргені дұрыс. Табысты болайық!
– Рақмет, табысты болыңыз!
Сұхбатты жүргізген Олжас ЖОЛДЫБАЙ