Алматылықтар тарихи жәдігерлерді тегін тамашалауға мүмкіндік алды: Алматыда «Музей түні» өтпек
Халықаралық музей күнінің қарсаңында Алматы «Музей түні» деген кең көлемді акцияға даярлық жасап жатыр. Онда келген қонақтар ерекше экспозицияға, театрландырылған экскурсияға, «Жұлдызды музейді», квесттер мен спектакльдарды тамашалап, алаштанушылармен, оқымысты-ғалымдармен жүздесіп, пікір алмаспақ. Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен пресс-конференцияда осы мәдени жаңалықтың жай-жапсары айтылды, деп хабарлайды aqshamnews.kz
1978 жылдың 18 мамырынан бері бүкіл әлем музей қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтіп келеді. «Музей түні» акциясы алғаш рет 1997 жылы Берлинде өткен. Бұл дәстүрді Қазақстан да 2005 жылдан бастап атап өте бастап, қазір акцияны қызықтауға қонақ көп келетін болды.
«Алматы – өткен тарих пен қазіргі шақ астасып жатқан ерекше қала. «Музей түні» - бұл нағыз мәдени саяхат десек болады. Онда өткен тарихқа көз жүгіртіп, өнер әлемімен танысып, ойындарға қатысып қайта аласыз», - дейді Алматыдағы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.
18 мамыр күні таңғы сағат 10:00-ден бастап түннің бір уағына дейін жеті бірдей музей келген қонақтарды тегін қабылдамақ:
- Алматы музейі,
- Ықылас атындағы Халық аспаптары музейі
- Д.А. Қонаев музейі,
- С. Мұқановтың музей-үйі
- Ғ. Мүсіреповтың мүзей-үйі,
- Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйі,
- Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы.
Халықаралық акцияның аясында алматылықтар мен қала қонақтары өте қызықты бағдарламамен таныспақ. Бірлестіктің құрамына кіретін музейлерде осыған орай бірнеше іс-шара өтеді.
- Танымдық интерактивті квесттер мен викториналар;
- Музей экспонаттарына театрландырылған экскурсия;
- Алматы музейінде – «Жаңа ғасыр» театрының қойылымы, «Алматы –махаббатым менің», С. Мұқановтың музейінде «Мөлдір махаббат» спектакльі, Ғ. Мүсіреповтың музейінде «Қыз Жібек ариясы», Д. А. Қонаев музейінде «Адалдық –асыл қасиет» қойылымы өтеді;
- Алматы қаласының музейінде (Элина Алтынбекованың «Әйел бейнесі және Қарғалы диадемасы» мен археолог Марат Нурпеисовтің «Ежелгі Алматы: мыңжылдық қаласы») белгілі қазақстандық реставраторлар мен археологтар лекциясы оқымақ.
- Музей бірлестігіндегі «Музейге тарту» акциясында қаланың әр тұрғыны үйдегі бағалы бұйымды әкеп тарту етеді.
- «Жұлдызды музей»;
- Ашық аспан астындағы фотокөрме мен кино көрсетілім;
- Белгілі өнер жұлдыздары қатысатын концерт (Еркеш Хасен, Ернар Амандық, «Алатау серілері» тобы мен т.б.);
- Кездесулер (жазушылармен, оқымысты-ғалымдармен, алаштанушылармен, Д. Қонаевтың қызметтестері, туған-туыстарымен);
- Жасанды жадты қолданған фотозона;
- Саз аспаптарын жасайтын қолөнершілердің шеберлік сабағы мен т.б..
Мерекелік бағдарлама 16 мамыр күні Алматы музейінде Венгрияның Бас консулдығымен бірлесіп қолға алған «Матьо халық өнері – венгр мәдениетінің мұрасы» атты халықаралық көрменің ашылу салтанатымен басталады. Бұл көрме Қазақстанда алғаш рет өткелі отыр.
«Біз келген қонақтарға «Матьо халық өнері – венгр мәдениетінің мұрасы» атты үлкен көрме ұсынбақпыз. Бұл көрме бізде алғаш рет өтіп отыр. Матьо кестелеу өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енген. Алматы музейі соны алғаш рет халықтың назарына ұсынады», - деді, Ләззат Сағындықова.
Акцияның ерекші жобаларының бірі – алты бірдей музейді қамтыған квест-ойын болып отыр. Оған белгілі блогерлер Аңсаған Садырханов (ansagaan) пен Ғалымжан Жанқұлов (galaland_) келіп қатысып, олар онда арнайы тапсырманы орындайды.
Квесттер, музейлік пазлдар, аквагрим секілді кішкентай қонақтарға арналған аумақтар да жұмыс істейді осы күні.
Іс-шараның соңына қарай акцияға қатысқандарға бренд сыйлықтар мен сертификаттар табыс етіледі. Одан кейін ерекше көзге түскен музей қызметкерлерін марапаттау рәсімі болып өтеді.
Алматы қаласындағы музейлердің бірлестігі барша жұртты өнер, тарих пен жаңа әсерге толы осы күнді бірге өткізуге шақырып отыр. «Музей түні – 2025» кімнің болсын есінде қалатын ерекше оқиға болмақ.