ffin.kz

Алматы қандай қымбат оталар жасалады?

Алматы қандай қымбат оталар жасалады? Almaty-akshamy.kz. 

Қандай операцияларға сұраныс жоғары?

Оңтүстік астанада жыл сайын МӘМС есебінен мыңдаған қымбат операциялар жасалады. Жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын мұндай оталардың бағасы кем дегенде 1 млн теңге тұрады, ал ең қымбат ота құны 74 млн теңгеге жетіп жығылады, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.  

Өткен жылы алматылық дәрігерлер МӘМС қаражаты есебінен 7 мыңнан астам жоғары технологиялы операция жасаған. Оған Қордан 21,7 млрд теңге төленген болса, 2024 жылы мұндай оталарға 25 млрд теңге бөлінді.

Қордың Алматы филиалы мамандары қалада жасалып жатқан қымбат әрі ең көп сұранысқа ие операциялар туралы айтып берді. Жүрекке қосалқы имплант жүйесін орнату, құны – 74,8 млн теңге.

Бағасы қымбат болып келетін операциялар көшін жүректің сол жақ қарыншасын ауыстыру (LVAD) отасы бастап тұр. Мұны созылмалы жүре тапшылығымен ауыратын науқастарды емдеудің заманауи тәсілі әрі жүрек алмастырудың баламасы деуге болады.

Соны аппарат жүрекке қан айдауға көмектесіп, жүрек тапшылығы белгілерін жеңілдетеді. Бұл кейбір ауыр науқастардың өмірін ұзартудың бірден-бір жолы, дейді мамандар. Бұрын мұндай пациенттер ағзаның резерві біткенше өмір сүруге мәжбүр болса, аппараттың көмегімен қалыпты өмір сүруге мүмкіндік алады.   

Бағасы өте қымбат тұратын мұндай отаны кез-келген елдің бюджеті көтере бермейді. Ал Қазақстанда бұл операция МӘМС есебінен жасалып жатыр.

Аллогендік гемопоэтикалық дің жасушаларын алмастыру, құны – 16,3 млн теңге.

Дің жасушаларын трансплантациялау әдісі жұлыны зақымданған науқастарды емдеу барысында қолданылады.  

Сондай-ақ, аталған әдіс обырды емдеген кезде зақымданған немесе жойылып кеткен қан жасушаларын алмастыру үшін де пайдаланылып жүр. МӘМС жүйесінің арқасында қолжетімді болып отырған жасуша алмастыру операцияларының тиімділігі 54-тен 73 процентке жетіп жығылуы мүмкін, дейді мамандар.

Бауыр алмастыру, құны – 8,3 млн теңге.

Бауыр алмастыру – тәуекелі жоғары, қауіпті оталардың бірі. Себебі бауыр адамның ағза жүйесіне жаппай әсер ететін маңызды орган. Организмде сүзгі рөлін атқаратын бауыр алмастыруда сәйкес келетін донор табу да үлкен мәселенің бірі. Алмастырғаннан кейін науқас күтініп, ұзақ уақыт оңалтудан өтуі тиіс. 

Өкінішке орай, Қазақстанда бауыры зақымданған пациенттер саны аз емес. Бұл дерт әсіресе, егде жастағы адамдар арасында жиі кездеседі. Былтыр Алматыда 27 науқас МӘМС есебінен бауыр алмастырған. 

Автоматты кардиовертер немесе дефибриллятор орнату, құны – 8 млн теңге.

Алматылық клиникалар ауыр дерт салдарынан жүрегі кенет тоқтап қалу қаупі бар науқастарға дефибриллятор орнатады. Жүрек тапшылығына шалдыққан науқастар жүрегіне орнатылған аппарат монитор арқылы қашықтан бақылау жүйесіне қосылады.

Заманауи технология пациенттің жағдайын алыстан бақылап қана қоймай, емдеу схемасын реттеп отыруға мүмкіндік береді. Бақылау науқастың телефонына орнатылатын арнайы қосымшаның көмегімен жүргізіледі. Бұл әсіресе, шалғай аймақтарда тұратындықтан республикалық орталықтарға жиі келіп имплантты тексерте алмайтын науқастар үшін өте ыңғайлы.  

Электромагнитті есту аппаратын орнату, құны – 7,3 млн теңге.

Шағын ғана электронды құрылғы құлағы естімей қалған адамдардың есту қабілетін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Имплант құлақтың зақымданған ішкі бөлігін айналып өтіп, есту жүйкесін стимуляциялайды. Ол өз кезегінде миға импульс беріп, нәтижесінде құлағы мүлде естімейтін науқас ести бастайды.  

Аорта қақпақшасын алмастыру, құны – 6,5 млн теңге.

Аорта қақпақшасының тарылуы мен жеткіліксіз жұмыс істеуі жиі кездесетін дерт. Көп жағдайда жұмыс істемейтін қақпақша биологиялық немесе механикалық протезбен алмастырылады.

Операция ағзадағы қан айналымын дұрыстап, әр органды жасушалармен қамтамасыз етеді. Отаны тәжірибелі кардиохирург жасаған жағдайда пациент 20-30 жыл бойы сол протезбен жүре береді.

Бас пен мойын тамырлары эмболизациясы (немесе окклюзия), құны – 5,8 млн теңге. 

Эндоваскулярлық эмболизация аневризмге шалдыққан тамырларды емдеудің ең жетілдірілген әдісі. Өткен жылы алматылық нейрохирургтер осындай 586 ота жасаған. 
Эмболизация рентген аппарат және контраст сұйықтығының көмегімен жасалады.

Нейрохирург рентген арқылы бақылай отырып тамырға катетер енгізеді, содан соң арнайы құрылғының көмегімен қан айналымын ретке келтіреді.

Экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ), құны – 1,2 млн теңге. 

Жасанды ұрықтандыру қатты қымбат болмаса да соңғы кезде сақтандырылған азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие қызмет түрлерінің бірі. Жыл сайын елімізде МӘМС есебінен экстракорпоралды ұрықтандыруға 7000 квота бөлінеді, оның 3241-і – Алматыға тиесілі.

Экстракорпоралды ұрықтандыру – кейінгі кезде ұрпақ әкелетін жастағы әйелдер мен ерлер арасында белең алып бара жатқан бедеулік проблемасына қарсы күрестің ең тиімді тәсілі деуге болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32