Алматыда білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен цифрлануын қамтамасыз етуді көздейтін үш жылдық ауқымды бағдарлама аяқталды. Жаңа оқу жылы қарсаңында қалалық Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов Алматы мектептері мен балабақшаларындағы цифрлық және білім беру инфрақұрылымы қалай күшейіп жатқаны, жалпы, жаңа оқу жылына дайындық мәселесі жөнінде әңгіме тарқатты.
Басты мәселе – балалардың қауіпсіздігі
Қазіргі таңда Алматыдағы барлық білім мекемелері жаңаша дамып, үлкен ізденіс үстінде. Бүгінгі күні қаладағы барлық мемлекеттік 216 мектеп пен 196 балабақша кешенді қауіпсіздік жүйесімен жабдықталса, мұндай жүйеге бейнебақылау, дабыл түймелері, кіріп-шығуды бақылайтын жүйелер мен өрт дабылы кіреді. Білім мекемелерінің басты мәселесі – балалар өмірінің қауіпсіздігі. Сондықтан осы мақсат үшін білім беру мекемелерінің барлығына 21 106 цифрлық бейнекамера орнатылды. Бұл бейнебақылаулардың 12 450-і мектепте, 8656-сы балабақшада орналастырылды. Сондай-ақ, нысандарға түгелімен бір-бірден 412 дабыл түймесі қойылған. Мектепке кіріп-шығуды басқаратын, бақылайтын бірыңғай жүйе енгізіліп, балабақшаларға домофон орнатылған. Сонымен қатар, әр нысанда өрт дабылы жүйесі жұмыс істейді.
Алматы қаласында ел Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасына сәйкес, жан басына қаржыландыру есебінен 75 жаңа пәндік кабинет (химия, физика, биология, STEM және робототехника) сатып алу жоспарланған еді. Осы мақсатта ағымдағы жылдың 4 тамызында 41 кабинет толық жабдықталып, пайдалануға берілді, 24 кабинетті жеткізу жағы қолға алынды. Қазір 10 кабинетті жарақтандыру үшін байқау рәсімдері өтіп жатыр.
Сонымен қатар, Алматыдағы 216 мектеп 1095 мамандандырылған пәндік кабинеттермен жабдықталса, олардың 991-і жаңартылған үлгіде. Яғни бұл – мектептің жалпы санының 90,5%-ы . Осы көрсеткіштің өзі Алматы қаласының көш басында келе жатқанын көрсетеді. Алматыдағы барлық мектептер жылдам интернетпен қамтылған. Оптикалық-талшықты байланыс желісінің (ОТБЖ) арқасында 216 мектептің әрқайсысы секундына 100 Мбит жылдамдықпен желіге кіре алады. Интернет қауіпсіздігін арттыру мақсатында CGNAT (Carrier-Grade Network Address Translation) жүйесі енгізілді. Бұл жүйенің тиімділігі – тыйым салынған, террористік және басқа да қажетсіз ресурстарға кіріп-шығуды шектеуге мүмкіндік береді.
Алматы бүгінде мектеп пен балабақшада қауіпсіздікті, цифрландыруды және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз етудің кешенді тәсілін пайдалана отырып, қауіпсіз және технологиялық білім беретін мегаполиске айналды.
Шаһарда 12 жаңа мектеп ашылады
Оқушы орнының тапшылығы еліміздің барлық өңіріне тән мәселе. Осы орайда Алматыда оқушы орнының тапшылығын азайту мақсатында білім беру мекемелерін жаңғыртуға бағытталған «Келешек мектептері» мен «1300 мектепті оңалту» ұлттық жобасы қолға алынған. Шаһарда 1 қыркүйекте 12 жаңа мектеп ашылғалы отыр.
Жалпы, Алматы қаласы бойынша «Келешек мектептері» жобасы аясында 34,8 мың оқушыға арналған 21 мектеп салынып жатса, 13 мектептің құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының қатысуымен жүзеге асып жатыр. Осындай мектептің біреуі былтыр алғаш рет пайдалануға берілсе, осы оқу жылының алғашқы күні тағы 12 мектеп пайдалануға беріледі. Бұған қоса, қосымша тағы 8 мектеп жеке инвесторлардың қатысуымен «сатып алу» механизмі арқылы салына бастады. Соның ішінде екі мектеп биыл қыркүйекте іске қосылып, тағы екі мектеп 2025 жылдың желтоқсанында, қалған төртеуі жыл соңына дейін ашылмақшы.
«1300 мектепті оңалту» жобасы
Бұл жоба аясында 2025–2027 жылдарға арналған Алматыдағы 31 білім беру мекемесінің тізімі жасақталған еді. Осы тізім бойынша биыл 15 мектепте, 2026 жылы – 9, 2027 жылы – 7 мектепте оңтайландыру жұмысы жоспарланған. Қазіргі таңда бес нысанда құрылыс пен қайта жаңарту жұмысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен «Зерделі» шағынауданында 550 орынды мектеп салына бастады. Ал Наурызбай ауданында 1200 орынды жаңа мектеп сатып алу жоспарланып, ол осы жылдың соңына дейін қолданысқа берілмекші.
Қазіргі таңда қалада 3 мыңнан астам оқушы орны құрылатын 13 мектеп пен 8 қосымша ғимаратқа сейсмикалық күшейту және қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған қоса, кейбір нысандар толық жаңарып үлгерді. Құрылысы жүріп жатқан 4 мектеп оқу жылы басталысымен пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін қосымша 8 мектеп аяқталады. Қалған 8 нысанның жұмысы 2026 жылы жалғасады. Сонымен қатар, қазіргі кезде қаламыздағы 8 балабақша мен «Машина жасау және телекоммуникациялар колледжі» күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жыл сайын жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстары 188 мектепте, 48 балабақшада, 15 колледжде, 7 интернатта және қосымша білім беретін 4 мекемеде атқарылып жатыр.
Бұл мақсатқа 1,8 млрд. теңге бөлінген. Сонымен қатар, барлық білім беру нысандарын жылыту маусымына даярлау жұмысы да аяқталып келеді. Жөндеу жұмыстары сәтті аяқталған 196 балабақшаның 188-і дайындық актісін алып, қалған нысандарда жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы, қаламыздағы 216 мектептің 203-і дайындықтан өтсе, қалған мектептердегі жұмыс аяқталуға жақын. Сонымен қатар, жөндеу жүріп жатқан 20 колледждің 19-ы дайын, қосымша білім беретін 19 мекеменің 17-сі қысқа толық әзір. Осылайша қаламыздағы барлық білім мекемесі тамыз айының соңына дейін жылыту маусымына дайын болғалы отыр.
Алматы әкімдігі ұсынған сурет
Колледждерге – 52 млрд теңге
Алматыда техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесі қарқынды дамып келеді. Қазақстанда жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылында» осы мәселеге кеңінен көңіл бөлінді. Бүгінгі таңда қалалық ТжКБ желісіне 88 колледж кірсе, оның ішінде 22-сі – мемлекеттік те, 66-сы – жекеменшік. Мұндағы 85 544 адамның 46 838-і мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатыр.
Биыл, яғни 2025-2026 оқу жылына мемлекеттік грантқа 18 мыңнан астам өтініш түскен. Талапкерлерді қабылдау тамыз айының соңына дейін жалғасады. Қазіргі таңда қала колледждерінде болашақ мамандар 131 мамандық, 220 біліктілік бойынша білім алып жатыр.
Сонымен қатар, биыл колледждерді жаңғырту жағы да күшейтілді. «Жас маман» жобасы аясында 18 оқу орны құрал-жабдықпен жабдықталып, мемлекеттен 4,2 млрд. теңге жұмсалды. Сондай-ақ, биыл ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін де 2,4 млрд. теңге бөлінді. Осы қаржының 170 млн. теңгесі 6 колледждің материалдық базасын жаңартуға жұмсалды. Қазір қалада бірқатар жаңа жоба қолға алынды. Соның ішіндегі ең ауқымдысы – Алматы көлік және механика колледжінің жаңа ғимараты. Ол 1050 студентке есептелген, ішінде 120 орынды жатақхана болады. Тағы екі колледжде 300 орынды қосымша ғимарат салынады. Оларды қараша айының соңына қарай қолданысқа беру жоспарланған.
Бұған қоса, Алатау ауданындағы «Алғабас» ықшамауданында Инновациялық техникалық колледж құрылысы басталып кетті. Жоба аясында оқу корпусы, жатақхана, шеберханалар, спорт және демалыс алаңдары, толық инфрақұрылым салу көзделген. Құрылысы 2026 жылдың ақпанында аяқталады деп күтілуде.
Қалалық ТжКБ жүйесіне бөлінген бюджет – 52,1 млрд теңге қаражаттың 679 млн теңгесі тәлімгерлік бағдарламаларды дамытуға, WorldSkills чемпионатын өткізуге, жатақхана күтімі мен колледждерді қаржылай қолдауға бағытталды.
Осылайша, қала көлемінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жасалып жатқан іс-шаралар жастарға жаңа мүмкіндік ұсынып, еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлауға жол ашып отыр.
«Мектеп автобусы» жобасы
Алматыда «Мектеп автобусы» жобасы аясында автобустар мен рейстер саны қысқартылды, соған қарамастан ата-аналардың сұранысы мен қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, оқушыларды тасымалдау жағы әлі де жалғасатын болады.
«Біз мектептердің өтінішіне орай, автобустардың санын қысқарту туралы шешім шығардық. Дегенмен, оқушыларды тасымалдау жағын өтініштерді ескере отырып, сол күйі қалдырдық», – деді Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.
Жалпы, бұған дейін осынау жоба аясында 55 мектеп анықталып, 10 180 оқушы қамтылған болатын. Оларды тасымалдау үшін 181 автобус бөлініп, олар күн сайын 897 рейс жасады. Мәселен, бір рейстің құны 20 орындық автобусқа 27 423 теңге (646 рейс), ал 36 орындық автобусқа 29 967 теңгедей (251 рейс) болды. Яғни жылына 4 млрд. 164 млн теңге қажет болған еді.
Алайда, биыл білім беру ұйымдарымен қосымша жұмыс жүргізіліп, нәтижесінде автобустар саны 49-ға қысқартылып отыр. Көлікті алып тастауға 24 мектеп өтініш берді. Қазіргі таңда қаладағы 44 мектептің 7532 оқушысы тасымалдаумен қамтылып, оларды 132 автобус жеткізетін болды. Осылайша күніне 663 рейс жасалса, бұл бұрынғыдан 234 рейске аз көрінеді.
Қала ішінде 2025 жылы 22 мектепте 5495 оқушыны тасымалдау үшін 92 автобус қажет болды. Осыған байланысты қалалық мобильділік басқармасы жаңа автобустар сатып алуды жоспарлап, жыл соңына дейін оқушыларды тасымалдау мен қамтуды 15 915 балаға жеткізді. Осы мақсат үшін 283 автобусты пайдалану керек еді. Алайда мектептердің өтініші мен жүргізілген оңтайландыру нәтижесінде бюджет шығындарын қысқартып, оқушыларды тасымалдау жүйесі сақталып қалды. Осылайша тасымалды ата-аналардың сұранысы мен мектептің қажеттіліктеріне сай ұйымдастыруға жол ашылып отыр.